Тарих беттерінде ғана емес, қаншама адамның тағдырына өшпес ізін қалдырған Чернобыль оқиғасына биыл – 40 жыл. Адамзат тарихындағы ең ірі апаттардың біріне айналған қаралы сәтте көптеген жерлесіміз ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен болатын. Осыған орай бүгін Жаңақала аудандық кітапханасы «Чернобыль – тарих және тағдыр» атты кездесу кешін ұйымдастырды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.а. Гүлжиян Насибуллина, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фазылғали Сапаров, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қарулы күштерінің ардагері Марат Құмарғалиұлы және Чернобыль оқиғасының ардагерлері Қисмет Валиев, Елеуғали Жолдыбаев, Руслан Жалаханов пен аудандық полиция, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қатысты.

Бұл күрделі кезеңде орын алған алапат апаттың салдарын жоюға елімізден 32 мыңнан астам адам аттанған болатын. Ал аудан бойынша 7 азамат қатысқан. Еркін форматта өткен тағылымды шарада ең алдымен Фазылғали Сатқалиұлы мен Марат Құмарғалиұлына сөз кезегі ұсынылды. Кейін Чернобыль апатында қаза тапқандардың рухына тағзым етіліп, 1 минут үнсіздік жарияланды.
Келесі сөз тізгінін кеш қонақтары алып, сол бір сұрапыл сәт туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Украина елінде Отан алдындағы борышын алаңсыз өтеп жүрген жас жігіттерді кенеттен апат ордасы - Припять қаласына алып кетеді. Бірі көлік жүргізуші, енді бірі күзетші болып, жарылыс ошағында қызмет етеді. Чернобыль қасіретінің денсаулыққа зиян келтіріп қана қоймай, адамдардың рухани күйіне, психологиялық ахуалына да ауыр әсер еткенін кейіпкерлеріміз тебірене жеткізді.

Кездесу соңында Руслан Қонысбайұлы ардагерлерге алғысын білдіріп, ерлік ешқашан ұмытылмайтындығын айтты.

Сондай-ақ ажалмен бетпе-бет келген қайсар жандардың ерліктерін насихаттау жұмысы жалғаса беретінін жеткізіп, құрмет иелеріне аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың алғысхатын табыстады.

Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы