28.04.2026, 13:00
Оқылды: 1

Жасыл бастама жалғасуда 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында  телекөпір  ұйымдастырылды. Бұл бастамаға біздің облыстың тұрғындары да белсене қатысып, Оралдағы Шаған өзенінің маңына мыңнан аса тал-терек отырғызылды. 

DSC02483

Аталмыш жоба аясында жыл басынан бері республика бойынша шмамен 1200 іс-шара өткізіліп, миллион гектардан астам аумақ тазартылып, төрт миллионға жуық ағаш отырғызылды. Акцияға 800 мыңға жуық ерікті қатысып, жастар белсенділігін көрсетті. Республикалық акция шеңберіндегі іс-шарада шамамен Ақ Жайық өңірінің 120 мың тұрғыны тазалық пен абаттандыру жұмысына қатысты. Бұл бағыттағы іс-шаралар Жайық пен Шаған өзендерінің жағалауларын тазалау және елді мекендерді көркейту бағыттарын қамтыды. Шаған өзенінің жағалауында облыс жастары мен еріктілер, кәсіпорындар мен түрлі ұйым қызметкерлері жиналып, 1000 түп ағаш екті. Телекөпір барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде өткен экологиялық іс-шаралардың маңыздылығын, атқарылған  жұмыстарды  баяндады.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңір өмірінің маңызды бөлігіне айналып, жүздеген мың адамды ортақ мақсатқа біріктірді. Сенбіліктерге соңғы екі жылда шамамен 500 мың тұрғын қатысып, қоғамның азаматтық жауапкершілігін көрсетті. Біз 221 мың гектар аумақты тазартып, 172 мың тонна қалдықты шығардық. Бүгінгі күннің өзінде 120 мың адам акцияға қатысып отыр. Бұл қоғамның экология мәселесіне бейжай қарамайтынына дәлел. Көгалдандыру бағытында соңғы бес жылда орман қоры аумағында 41 миллион, елді мекендерде 727 мың ағаш отырғызылды. Бұл көрсеткіштер – жүйелі әрі жоспарлы жұмыстың нәтижесі. Біз бастаманы жалғастырып, жастардың экологиялық тәрбиесіне және абаттандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Акцияның тұрақты жалғасып, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келе жатқаны қуантады. Келер күндерде бұдан да зор нәтижелерге қол жеткіземіз деп  сенемін, – деді өңір  басшысы.

Телекөпір арқылы байланысқа шыққан эковолонтер Нұрсұлтан Сәрсенбаев Жайық жастары осындай берекелі бастамаларды қашанда қолдайтынын  айтты.

DSC02458

– Жастар үшін «Таза Қазақстан» – бірреттік акция емес, жан қалауымен өтетін игілікті іс. Біз экологиялық іс-шараларға белсенді қатысып, еңбегіміздің нақты нәтижесін көріп келеміз. Мәселен, «Жаңа аула» жобасы аясында соңғы екі жылда қалада 50-ден астам балалар ойын алаңын жөндедік. Осы арқылы қала келбетін одан әрі көркейтіп, әрі бүлдіршіннің қуануына себепші болдық. Бүгін өңір тұрғындарымен бірге бір мың ағаш отырғызуға қатысып отырмыз. Жастар экологиялық жобаларға көбірек тартылып, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсініп келеді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан – менің туған ауылымда» жобасын да дамытып жатырмыз. Бұл ауылдық жерлерді қамтып, ондағы адамдардың экомәдениетін дамытуға мүмкіндік берді. Қатысушылар саны артып, нәтиже одан әрі арта беретініне сенемін, – деді эковолонтер.

Сенбілік барысында жастар ән айтып, өнерлерін көрсетіп, ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Экологиялық акция аясындағы іс-шаралар алдағы күндерде де жалғасын таппақ.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале