Жуырда Ақжайық ауылдық спорт кешенінде 2011-2012 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасында дзюдо күресінен ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, ардагерлер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекқалиев Сұңғат Ерешұлының зейнетке шығуына арналған облыстық турнир өтті.

Жарысқа келген дзюдошылар үш татамиде бақтарын сынауда.

Сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев қатысып, аудан әкімі Әлия Биғазықызының және теректіліктердің атынан алғысхат пен естелік сыйлығын тапсырды. Қазақы дәстүрге сай спорт ардагерінің иығына шапан жабылды. Одан бөлек өмірде сыйлас аға-бауырлары да айтулы турнирге келіп құттықтап, Сұңғат Ерешұлына құрметтерін көрсетті.
Аталған шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының атынан Батыс Қазақстан облысының «Үздік спорт қызметкері» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар БҚО дзюдо және самбо федерациясының атқарушы директоры Нұфтолла Түменов құттықтап, алғысхат табыстап, иығына шапан жапты.
Дамир Мурадимов
Теректі ауданы