Переметныйда аудандық балалар музыка мектебінің «Өнердің жаңа толқыны» атты дәстүрлі есеп беру концерті өтті. Жыл бойы жинаған білім мен төгілген тердің, үздіксіз ізденістің қорытындысы іспетті бұл кеш көрерменге рухани ләззат сыйлап, жас таланттардың бағын жандырған нағыз өнер мерекесіне айналды.

- Бүгін біз өте әсерлі, тағылымы мол кештің куәсі болып отырмыз. Оның басты себебі – алдымызда өнердің жаңа толқындары бой көрсетуде. Абай атамыз айтқандай:
«Өмір толқын, бірде тасып, бірде басылып, тоқтаусыз алға жылжып отырады». Сол сияқты алдыңғы толқынның ізін кейінгі толқын жалғайды. Бүгін осы залда отырған аға буын – өз ізін қалдырған тұлғалар болса, олардың артынан ерген жас буын – болашақтың үміті. Бүгін сахнаға шығатын өнерпаздардың барлығы – Бәйтерек ауданы мәдениетінің ертеңгі жұлдыздары. Әрине, музыкамен айналысқан әрбір бала міндетті түрде кәсіби өнер жолын таңдай бермеуі мүмкін. Бірақ өнер мен мәдениет – кез келген адамның тұлға болып қалыптасуына, өмірде өз жолын табуына үлкен ықпал етеді.

Осы орайда, балаларына өнер жолын таңдап берген ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Өйткені өнер – тек мамандық емес, ол – адамның жан дүниесін тәрбиелейтін үлкен күш. Музыканы тыңдап, жүрегіне сіңіріп өскен бала әлемге эстетикалық көзқараспен қарайды, жаны таза, сезімі нәзік болып қалыптасады. Бүгінгі кешті үлкен рухани құндылық деп бағалаймын,- деді кеш барысында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дәулеткерей Құсайынов .
Аталмыш музыка мектебінің директоры Ләззат Қажығалиева атап өткеніндей, бұл мұндп 170-ке жуықшәкір бар, олардың жүз шақсы бүгін сахнада өнер көрсетуде. Мектепте сабақ бірнеше бағытта оқыту жүргізіледі. Атап айтқанда, фортепиано, скрипка, домбыра, прима-қобыз, жетіген, дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, баян-аккордеон, кларнет, саксофон бойынша балалар сапалы білім алуда. Сонымен қатар ансамбль және ұжымдық орындау пәндері де жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
–Концерттің «Өнердің жаңа толқыны» деп аталуы бекер емес. Өйткені бүгін сахнада тек оқушылар ғана емес, осы оқу орнын тәмамдаған түлектер мен жас мамандар да өнер көрсетуде. Олар – бүгінде өз шәкірттерін тәрбиелеп жүрген кәсіби ұстаздар. Қазіргі таңда ұжымда 28 педагог қызмет атқарады. Олардың қатарында педагог-зерттеушілер, педагог-сарапшылар, педагог-модераторлар және жас мамандар бар. Ұжымның кәсіби әлеуеті жоғары, әрқайсысы өз ісінің маманы. Бүгінде оқу орнымыздың түлектері музыка колледждеріне түсіп, білімін жалғастыруда. Биыл да бірнеше оқушыны кәсіби оқу орындарына дайындаудамыз. Алға қойған мақсатымыз айқын. Біз алдағы уақытта да өнерлі, дарынды, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу жолында табанды еңбек ете береміз,- дейді Ләззат Майданқызы.
Мерекелік концертте дәстүрлі ән класының оқушысы Дария Алманбетова (жетекшісі А. Сисенов) Ғ. Құрманғалиевтің «Қаламқас» әнін нақышына келтіре шырқады. Домбыра класының шәкірті Мақсат Нығмет Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шебер орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе, мектеп ұстаздарының қатысуымен өткен «Күй – тартыс» пен М.Әубәкіровтің «Талас», Ә.Тәшімовтің «Ақкөркем» күйлерін орындаған домбырашылар квинтеті мен квартеті сахнаның сәнін кіргізді. Жамбыл, Асан ауылдарынан келгенжәне переметныйлық жас домбырашылар ансамблі халық күйі «Тепеңкөк» пен «Ертұранды» үлкен шабытпен орындап, нағыз таланттың төркіні ауылда екенін тағы бір дәлелдеді.
Кеште тек ұлттық өнер ғана емес, әлемдік және отандық классика да кеңінен насихатталды. Эстрадалық вокал класының оқушысы Айтотым Амангелді Д.Исмайылдың «Ауылым» әнін асқақтатты. Аспаптық музыка жанрында фортепиано класының оқушылары Назар Шустов (Н.Меңдіғалиев, «Харарау») мен Нармина Сағынбай (И.Бах, «Волынка»), кларнетші Әлихан Омарғали (Д. Шостакович, «Вальс») және пианист Әлихан Арыстановтардың (Д.Шостакович, «Шарманка») орындаушылық шеберлігі тәнті етті. Сонымен қатар, жетіген аспабында халық күйі «Кербез қызды» нақышына келтірген Айнель Каршгиева (жетекшісі Ә.Нагиденова) мен домра-примада орыстың халық әні «Светит месяцты» құйқылжытқан Мейрамбек Тойлыбай (жетекшісі Л.Қажығалиева) көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттің екінші бөлімінде баян және аккордеон класының шәкірттері көпшілікті тәнті етті. Артем Борзиков (халық әні «Жайдарман»), Артем Сенчило (Хаслингер, «Скерцино») және Амирхан Хангереев (орыс халық әні «Калинка») баянның құлағында ойнап, көрерменді бір серпілтті (жетекшісі Т.Ефремова). Ал Степан Маштактың (жетекшісі О.Колесниченко) орындауындағы Астор Пьяццоллоның атақты «Либертанго» шығармасы залда ерекше атмосфера қалыптастырды. Қобыздың қоңыр үнін сағынған қауым Әмина Бисенбиеваның орындауындағы Тәттімбеттің «Қосбасар» күйін (өңдеген Е.Үсенов) ұйып тыңдады. Ермұрат Үсеновтің «Түркі әлемі» күйін домбырада шебер орындаған Лұқпан Ералыхан да кештің көрігін қыздырды.
Кеш соңы да ерекше әсерлі болды. Сахнаға жиналған балалар хоры Е.Хасанғалиевтің «Айналдым елім» шығармасын (жетекшілері А.Қаратаев, А.Нығметов) шырқағанда, залдағы көрермендердің ду қол шапалағы толастамады. Концерттің соңғы нүктесі ретінде Л.Қажығалиеваның әніне жазылған «Музыка мектебінің гимні» орындалып, тағылымды сазды кеш мерекелік от шашулармен түйінделді.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы