29.05.2026, 16:00
Оқылды: 17

Тарихы терең мектеп

Ауыл мектебі –  тек білім беретін орын  ғана емес, тұтастай бір  ауылдың  бас тіреп келетін рухани тірегі, ұлттың ертеңін  тәрбиелейтін қасиетті  шаңырақ.  Жақында Алғабас ауылына жұмыс сапарымен барғанымызда Алғабас орта мектебіне арнайы соқтық.  Бізді жылы жүзбен қарсы алған мектеп директоры Дияр Боранбаев білім ошағының тарихы, мектептегі кейбір  мәселелерді  де ашық айтып берді.   

DSC07174

Сонымен әңгіме арасында ұққанымыз – бұл білім ошағының тарихы өткен ғасырдың терең қойнауынан бастау алады. 1932 жылы Жасқайрат колхозының орталығы – қазіргі Алғабас ауылының Вологин елді мекенінде колхоз жастары мектебі ашылып, алғашқыда 1-5 сынып аралығында білім берген. Ол кезең ел үшін де, білім саласы үшін де күрделі уақыт еді. Соған қарамастан ауыл азаматтары ұрпақтың болашағын ойлап, мектептің іргетасын  қалайды. Алғашқы жылдары бұл оқу орнына мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаевтың есімі  берілді.

Уақыт алмасып, қоғам өзгерген сайын мектеп те дамудың жаңа кезеңдерінен өтті. 1936 жылы Киров атындағы орталау мектеп болып құрылып, 1963-1966 жылдары сегізжылдық мектеп мәртебесінде жұмыс істеді. Ал 1966 жылдан бастап Киров орта мектебі атанып, өңірдегі білім мен тәрбиенің маңызды орталығына айналды. 1984 жыл мектеп тарихындағы ерекше белестердің бірі болды. Сол жылы білім ошағы жаңа үлгідегі 624 орындық еңселі ғимаратқа көшірілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, жас ұрпаққа жасалған зор қамқорлық еді. Ал 1994 жылдан бастап мектепке туған жердің тынысын танытатын «Алғабас орта мектебі» атауы берілді. Алғабас орта мектебінен қанат қаққан түлектер еліміздің әр саласында жемісті еңбек етіп келеді. Мектеп тарихында 1 алтын медаль, 13 күміс медаль иегері және жиырмаға жуық ерекше үлгідегі аттестат иелері тәрбиеленіп шыққан. Алғабас мектебінің түлектері арасында ел мақтанышына айналған азаматтар да аз емес. Олардың қатарында Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев және профессор-ғалымдар Халимолла Мырзағалиев пен Бақтылы Боранбаева бар. Мектептің жетістігі тек біліммен ғана шектелмейді.

DSC07169

1983 жылы мектеп ВДНХ-ның күміс жүлдесін иеленсе, 1992 жылы оқушылардан құралған «Шежіре Жайық» өнер ұжымы Ақтөбе қаласында өткен «Сиқырлы қазан» республикалық өнер байқауында жүлделі ІІ орынды иеленіп, ауыл өнерпаздарының мерейін үстем етті.

Бүгінде Алғабас жалпы орта білім беретін мектебі – сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұстанған заманауи білім ошағы. Қазіргі таңда мұнда 43 педагог еңбек етеді. Олардың қатарында 8 педагог, 15 педагог-модератор, 15 педагог-сарапшы және 5 педагог-зерттеуші бар. Ұстаздар қауымы жаңартылған білім беру талаптарына сай еңбек етіп, шәкірттердің жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.

DSC07160

Мектеп оқушылары аудандық және облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болып, ғылыми жобалар байқауларында үздіктер қатарынан көрініп жүр. Олардың қатарында 4-сынып оқушысы Салтанат Шапағат, 7-сынып оқушысы Айназ Қажыбай, 8-сынып оқушысы Шакира Қошетерқызы бар. Бұл – ауыл балаларының да білім бәйгесінде ешкімнен кем түспейтінін көрсетеді. Әсіресе спорт саласындағы жетістіктер көңіл қуантады. Еркін күрес пен түрлі спорттық жарыстарда топ жарыпжүрген жас палуандар республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, туған жердің абыройын асқақтатуда. Олардың жеңісі – шәкірттердің табандылығы мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі.

Мектеп ұжымымен жүздескен сәтте ауыл мектебінің тыныс-тіршілігіне деген ерекше жанашырлықты аңғардық.  Мектепте екі ауысыммен ыстық тамақ ұйымдастырылған, интернет желісі тартылған, оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталған.

DSC07166

Мектеп басшылығы Дияр Сансызбайұлының айтуынша, бұрын ауыл мен қала мектебінің мүмкіндігін салыстыру жиі айтылатын. Қазір заман өзгерді. Ауыл баласының да білім алуға толық мүмкіндігі бар. Интерактивті тақталар, интернет, заманауи оқу құралдары – барлығы қолжетімді. Ең бастысы – оқушының ынтасы мен ұстаздың ықыласы болғаны.

–  Ұстаздар тек білім беріп қана қоймай, бала тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерде де ата-анамен бірлесе жұмыс істейді. Қазіргі қоғамдағы түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігі, тәртібі мен болашағы – мектеп назарындағы басты мәселелердің бірі. Кейде ата-аналар баласына еркелетіп мотоцикл алып береді. Бірақ оның соңы қандай жағдайға әкелуі мүмкін екенін ойлай бермейді. Жол апаты, жарақат, тіпті өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондай кезде біз ата-аналарға: «Балаңыздың қауіпсіздігі бәрінен қымбат емес пе?» деп түсіндіреміз. Ертең бір жағдай болса, «Неге тоқтатпадыңыздар?» деген өкініш айтылмасын дейміз. Қазір мектептерде түрлі жағдайлар болып жатады. Көп жағдайда кінә мұғалімге артылады. Бірақ бала тәрбиесі – жалғыз мұғалімнің міндеті емес. Біз ата-анамен бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтиже болады, – дейді мектеп басшысы.

Шынында да, қазіргі қоғамда бала тәрбиесі мектеп пен ата-ананың ортақ жауапкершілігіне айналып отыр.

DSC07159

Мұғалімдер кейде қиын мінезді ата-аналармен де жұмыс істеп, оң нәтижеге қол жеткізіп жатады. Мектеп ұжымы әр кез ата-аналармен бірлесе еңбек етіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуден жалыққан емес.

Ауыл мектебіндегі өзекті мәселе – оқушы санының азаюы. Бұрын бала көп болатын, ауыл да қызу тіршілікке толы еді. Қазір жастардың көбі қалаға қоныс аударып, ауылдағы бала саны біртіндеп азайып келеді. Соған қарамастан мектеп ұжымы әр оқушыға сапалы білім беру үшін бар күшін салып отыр.

DSC07157

Алғабас мектебі – уақытпен бірге жасарып, тарихымен бірге тамырын тереңге жайған тағылым ошағы. Ауылдағы киелі қара қарашаңырақтың қабырғасында тек сабақ өтіп қоймай, мұнда ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспен-шілік, өткенге деген құрмет, елге деген адалдық қоса берілетін сияқты. Мектеп ішіндегі әсем безендірілген музей де ауылдың өткені мен бүгінін жалғаған рухани көпір іспетті. Ондағы әр сурет, әр жәдігер, әр естелік – осы топырақта ғұмыр кешкен жандардың маңдай тері мен тағдырлы жолының үнсіз шежіресі. Өткеніне құрметпен қарайтын өнегелі ортада тәрбиеленген шәкірттің болашағы айқын болары анық. Өйткені біз бұл мектепте білімге құрмет, ұстазға ізет, туған жерге деген перзенттік махаббат бар екенін сезіндік. Ал дәл осындай қасиеттер ұялаған ортадан елдің еңсесін көтерер азаматтардың көптеп  шығары  сөзсіз.

 

Гүлжамал Жолдығали, 

"Орал өңірі"

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале