10.03.2017, 15:23
Оқылды: 113

Бүгін Батыс Қазақстан облысының құрылғанына 85 жыл

uralskОблыс 1932 жылы 10 наурызда Орал облысы болып құрылған. 1996 жылдан Батыс Қазақстан облысы болып аталады. Жерінің аумағы 151,3 мың км², тұрғындары 636,9 мың адам.


БҚО шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Атырау облыстарымен, батысында Ресейдің Астрахан, Волгоград, солтүстік-батысында Саратов, Самара, солтүстігінде Орынбор облыстарымен шектеседі.

Әкімшілік жағынан Батыс Қазақстан облысы 12 аудандық, 2 қалалық әкімшілік ауданға, олар 4 кенттік және 155 ауылдық әкімшілік округке бөлінген.

Облыстың жер қойнауы мұнайға, әсіресе, газға (газ-конденсат) мейлінше бай. Мұнда Қазақстандағы зерттелген газ-конденсаты қорының 90%-тен астамы шоғырланған (Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны). Одан басқа жанғыш тақтатас, калий, магний тұздары, цементтік шикізат, керамзиттік саз сияқты құрылыс материалдары кен орындары бар.

Батыс Қазақстан облысы экономикасында ауыл шаруашылық өндірісінің үлесі басым. Егін шаруашылығы мен жайылымдық мал шаруашылығы, етті-сүтті бағыттағы ірі қара өсіру дамыған. Облыста мұнай, газ өндіру, металл өңдеу және машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету салалары да жақсы дамыған. Батыс Қазақстан облысында республикадағы табиғи газдың 30%-тен астамы өндіріледі. Ал өңір тұрғындарының 93,6 пайызы газбен қамтылған.

IMG_6344Облыста ұзындығы 100 км-ден асатын 14 өзен бар. Басты су артериясы — Жайық өзеніне облыс аумағында Емболат, Шаған, Дерқұл, Елек, Шыңғырлау, Барбастау өзендері құяды. Жалпы облыста үлкенді-кішілі 200-ден астам өзен бар, олардың 65-і жазда кеуіп құрғақ арналарға айналады. Сондай-ақ 140-тан астам көл бар.

Облыс аумағында сүтқоректілердің 70 түрі, құстардың 310-ға жуық, бауырымен жорғалаушылардың 19, қос мекенділердің 7, балықтардың 51 түрі мекендейді.

Топырақ күңгірт-сарғылт, салғырт,  ашық сарғылт, сортаңды болып келеді. Дәнді-әр түрлі шөпті, дәнді-жусанды, жусанды-бидайықты өсімдіктер басым. Жайық аңғарында терек, емен, қайың, тал, Сырт және Орал үстіртінде, Елек өзені алабында шоқ қайың орманы көптеп кездеседі.

Облыстың климаты тым континенттік. Қысы суық, жазы ыстық әрі құрғақ. Қаңтар айының орташа температурасы -11-14 °С, кейде -40 °С-қа дейін төмендейді, шілде айындағы температура 22-25 °С, кейде 40 °С-қа дейін көтеріледі.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале