3.07.2026, 17:00
Оқылды: 11

Домбыра музейі бар екенін білесіз бе?

5 шілде – Ұлттық домбыра  күні

Батыс Қазақстан – қазақтың дәстүрлі күй өнерінің киелі бесігі. Бұл өңір Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Оразалыұлы сынды күй өнерінің дара тұлғалары арқылы ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Осындай тарихи-рухани мұрасы мол өлкеде күй өнеріне арналған музейдің ашылуы – заңды құбылыс  тағылымды қадам.

домбыра музей

«Домбыра – ұлттық рух» музейі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту  және  архив  ісі  басқармасының қолдауымен, облыстық музей басшылығының шешімімен 2024 жылғы 7 шіл-деде Ұлт­тық домбыра күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі ретінде ашылды (Н.Назарбаев даңғылы 206/1). Музей төрт экспо­зициялық залдан тұрады. Олар – Домбыра  тарихы залы, Құрманғазы Сағырбайұлы залы, Құр-манғазы оркестрі залы және Батыс өңірінің домбырашылары залы.

Музейді ашудағы басты мақсат – домбыраның тарихын, көне музыкалық аспаптарды, күйшілік дәстүрді және Батыс Қазақстанның бай музыкалық мұрасын бір арнаға тоғыстырып, оны келер ұрпаққа аманат ету. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды сақтап, дәріптеумен қатар, дәстүрлі өнердің сабақтастығын қамтамасыз етуге және жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

– Қазақ халқы ежелден қуанышы мен қайғысын, жақсылығы мен жамандығын, арман-мұратын да, зарын да осы қара домбыраның үнімен жеткізген. Көрнекті ақын  Қадыр Мырза Әли «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ –  домбыра» деп бекер жырламаған. Экспозицияда көне түркі дәуіріне тән Алтай өңіріндегі үңгірден табылған абыз домбыраның макеті ерекше орын алады. Бұл жәдігер –  домбыраның тек музыкалық  аспап қана емес, рухани, сакралды мәнге ие болғанының айғағы. Археологиялық қазба жұмыстары мен тасқа қашалған көне ескерткіштер домбыраның тарихы ежелгі түркі дәуірінен бастау алатынын дәлелдейді. Ғалымдардың пікірінше, домбыраның алғашқы шыққан мекені – түркі халықтарының алтын бесігі Алтай таулары. Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу деректеріне сүйенсек, Моңғол Алтайы сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен домбыра тектес көне саз аспабы табылған. Бұл жәдігер екі ішекті, тоғыз пернелі болып келеді. Аспаптың мойнына ежелгі түріктің руна жазуы қашалған. Шанағына бұғы мен бұлан бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан тілініп, таспа түрінде жапсырылған. Ал бас бөлігі бұғы мен бұланның басына ұқсас болып, тас бетіндегі ежелгі түркі ес­керткіштерімен үлкен ұқсастық танытады. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі Алтай домбырасына өте  жақын. Сондай-ақ ХІХ-ХХ ғасырларға тиесілі домбыралар коллекциясы көрермен назарына ұсы-нылған. Соның бірі – ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында белгілі шебер Темір Аманшиев жасаған домбыра. Екі ішекті, дәстүрлі қазақ үлгісінде жасалған. Домбыра – алмұрт пішінді, жөке ағашынан дайын-далған. Шанағында геометриялық және өсімдік өрнектері ойылған. Уақ тесіктері бар әшекейлі сүйек жапсырмалар түрлі-түсті барқыт негізге жапсырылған. Қақпағы қошқар мүйіз өрнегімен әшекейленген. Тиегі, екі ішектері бар домбыраның мойынында әшекейлі сүйек жапсырмалар қондырылған. Шанағының ішінде «Иесі Қуантаев Төлеген, 1959 жыл» деп жазылған. Ал музей қорындағы екінші домбыраға келетін болсақ, 1959 жылы Қуантаевтар отбасы бір құлынды биеге сатып алған. Кейін зайыбы  Зейнеп Қуантаева  музей қорына 1982 жылы тапсырған.

Темірғали Аманшин – тек домбыра шебері ғана емес, домбыраның құлағында ойнаған домбырашы, термеші, жыршы болған екен. Жыр-термені жаны сүйетіні соншалық, майын тамызып, таңға  дейін айтуға шамасы бар екен,   – деді «Домбыра – ұлттық рух»  музейінің меңгерушісі Іңкәр Оразова.

Музейдегі есімі елге танымал ұлы күйшілердің домбырасының түпнұсқасы сақталмаса да, жергілікті шеберлер жасаған Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесі, Дина Нұрпейісованың, Сейтек Оразалыұлының домбыраларының көшірмелері қойылған.

– Құрманғазы Сағырбай­ұлының домбырасының көшірмесін жасаған күйші-домбырашы – Едіге Нәбиев. Қос ішекті, 19 пернелі аспап ағаштан ойылған. Мойны ұзын, шанағы алмұрт тәрізді, бет қақпағы жұқа тақтайдан жасалған. Шебер ұлы күйшінің домбырасын Ресейдің Астрахан облысы, Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы мәдениет орталығындағы музейдегі Құрманғазының домбырасының үлгісінде жасаған. Домбыраның негізгі үлгісі Құрманғазының шәкірті Ыбыр Досәлиевтің домбырасы негізге алынып әзірленген.

Күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің домбырасы – музейдегі домбыралардың ішіндегі ерекшесі, себебі ол – түпнұсқа. 1977 жылы домбыраны Оралдың музей апасы Сара Танабаева Алматыдағы Қали ағайдың үйіне барып, алып келген. Мұны қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының майталман шебері  Қамар Қасымов жасаған. Жасы жетпістен асқан Қали күйші Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол!», Мәменнің «Қаражан ханым» күйлерін сол домбырасымен тартқан, – деді музей меңгерушісі Іңкәр Серікқызы.

Музей жуырда ғана ашылғандықтан, әзірге арнайы қор қалыптаспаған. Соған қарамастан экспо-зицияда 90-ға жуық жәдігер көпшілік назарына ұсынылған. Оның ішінде 40-қа жуық домбыра бар. Келушілер көне үлгілерден бастап бүгінгі заманғы домбыраларға дейінгі сан алуан аспап түрлерімен таныса алады.

Түйіндей келгенде, музей төрінде қойылған домбыралар қазақтың күй өнерінің жүрегі іспетті. Олар өткен мен бүгінді жалғап, ұлттық мұраның мәңгілік екенін айғақтайды.

Гүлфия Азаматқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале