Теректі ауданы Ақжайық ауылында аудандағы соңғы Ұлы Отан соғысының ардагері, Теректі ауданының құрметті азаматы Лев Иванович Дорофеевпен қоштасу рәсімі өтті. Ол 100 жасқа толған шағында дүниеден озды. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салуға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, ауыл тұрғындары мен жақындары қатысты.

Қоштасу рәсімінде Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова майдангердің отбасына көңіл айтып, ардагердің есімі ерлік пен еңбектің, Отанға адалдықтың үлгісі ретінде тек аудан тарихында ғана емес, ел тарихында қалатынын жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан көңіл айту хаты оқылып, Қорғаныс департаменті бастығының орынбасары, подполковник Алмат Жакипов пен ауыл ақсақалы Сатқан Ахметжанов ізгі лебіздерін білдірді.

Лев Дорофеев 1926 жылы 1 тамызда Жымпиты ауданында дүниеге келген. Ол 17 жасында әскерге шақырылып, Белоруссия, Латвия, Литва, Шығыс Пруссияны босату шайқастарына, сондай-ақ 1945 жылы Қытайды жапон агрессорларынан азат етуге қатысқан. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де механик-комбайншы, өндірістік оқыту шебері болып табанды еңбек етіп, Ақжайық ауылында өмірінің соңына дейін тұрақ етті.

Майдангер II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «За отвагу», «За победу над Японией», «За освобождение Белоруссии» медальдарымен және «Теректі ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталған. Өмір жолы ел тарихымен біте қайнасқан ардагердің өнегелі ғұмыры мен жасаған игі істері жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.

Қ. Саясат,
Теректі ауданы