Су – тіршілік көзі. Бірақ судың да сұрауы бар. Әсіресе экономиканың әр саласында тұтынылатын судың есеп-қисабы жасалады. Мәселен, Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы ауыл шаруашылығында суармалы егін-шіліктің тиімділігін арттыру және суды пайдалануды бақылау үшін талдау жүргізеді.

Бәрі де әкімдік жоспарына байланысты
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидоллиннің мәліметінше, облыста 63,6 мың гектар суармалы жер бар. Соның 25,5 мың гектарын суаруға рұқсат берілген. Сондай-ақ ведомстволық статистикалық байқаудың (2-ТП сушар) есебіне сәйкес, 2025 жылы облыста 6,6 мың гектар жер суарылған.
Ал ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес нақты суарылған суармалы жерлердің аумағы – 12,0 мың га.
Биыл өңірде 13,2 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін 35 млн текше метр пайдалану мөлшері бекітілді. Алайда бұл жалпы өнім көлемін арттыруға бағытталған өңірлік жоспарды орындау үшін жеткілікті ме? Егер лимит аз болса, мәселе қалай шешіледі? Осы сауалдарға жауап берген Ғалидолла Азидоллаұлы бекітілген су көлемі жеткілікті деп есептейді.
– Мұның себебі сұранысқа байланысты. Жергілікті атқарушы құрылымдардың мәліметіне сәйкес, былтыр суармалы жер 12 мың гектардай болса, биыл тек 13 мың гектардан асқан. Әкімдіктер болашақта суармалы жер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Су пайдаланудың 2027-2036 жылдарға арналған перспективалы лимиттері бекітілді. Қазір облыста барлық өзен бойынша су пайдалану шегі 700 млн текше метр шамасында болса, 2027 жылдан бастап 1 млрд 400 млн текше метрге дейін жетеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығына арналған судың көлемі 50 млн текше метрге дейін көтеріледі. Егер жергілікті атқарушы құрылымдар, су пайдаланушылар лимитті көтеруді ұсынса, инспекция мәселені қарастыруға дайын. Сонымен қатар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің су пайдаланудың бассейндік жоспары әзірленуде. Соған сәйкес әр өңірде пайдаланылатын судың көлемі, өзеннің экологиялық жағдайын сақтау үшін қандай көлемде су жіберу қажеттігі есептеледі, – деді инспекция басшысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Кәсіпорын тиімді тәсілге көшті
Осы ретте инспекция басшысына «Облыста өнеркәсіптік кәсіпорындар су ресурстарын қаншалықты ұтымды, тиімді пайдаланып отыр? Су үнемдеу жоспарын орындап жүр ме? Лимиттер мен айналымды су жүйелеріне көшу талаптарын бұзғандар бар ма? Оларға қандай әкімшілік шаралар қолданылды?» деген сауалдар қойдық.
– Былтыр маусымда күшіне енген ҚР Су кодексінің талаптарына сәйкес өнеркәсіптік кәсіпорындар пайдаланатын судың айналымды және қайталама су көлемдерін ұлғайту жөнінде іс-шаралар жоспарын екі жылдың ішінде бекітуі керек. Бұл жоспарды іске асыруға бес жыл уақыт беріледі. Қазіргі таңда облыста 17 өндірістік кәсіпорын бар. Ең ірісі – «Жайықжылуқуат» АҚ. Бұл мекеме екі жылдай бұрын Жайық өзенінен жылына 12-13 млн текше метр су алған еді. Кейін айналмалы су пайдалану көлемін ұлғайтып, Жайық өзеніне түсетін жүктемені азайтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тұтынған судың көлемі 4 млн текше метрден аспайды. Яғни өзен суының жүктемесін үш есе төмендетті. Алайда пайдаланатын судың көлемі азайған жоқ. Яғни негізінен айналмалы су көлемін ұлғайтып отыр. Бүгінде оның мөлшерін 72 млн текше метрге жеткізді. Бұл мәселе инспекцияның жіті бақылауында тұр. Себебі өндірістік мекемелер жоғарыда айтқан іс-шаралар жоспарын орындамаса, су пайдалану лимиттері қысқартыла бастайды, – деп жауап берген инспекция басшысы Жайық-Каспий бассейні жүйесінің жыл басынан бергі облыстағы жағдайын баяндады.
Өзен-көлдегі су деңгейі
Жыл басынан бері Жайық өзенінің нақты ағыны 4 млрд 106 млн текше метр болған. Бүгінгі таңда Ресейдегі Ирикла су қоймасынан су жіберу көлемі – секундына 141 текше метр. Бұл – келіссөздер нәтижесінде 90 текше метрден ұлғайтылғаны. Биылғы 11 тамыздағы жағдай бойынша Январцев ауылындағы гидрологиялық бекетте Жайық өзенінің су деңгейі 209 см болса, су шығыны – секундына 238 текше метр. Ал Орал қаласындағы гидрологиялық бекетте су деңгейі – 138 см. Көшім ауылындағы гидрологиялық бекетте су деңгейі – 169 см, су шығыны – 214 текше метр. Бүгінгі таңда Орал-Көшім суару-суландыру жүйесіне түсетін су ағыны – секундына 24,4 текше метр. «Қазсушар» РМК-ның Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі (ЖКССЖ) бойынша вегетациялық кезеңде су тұтынушылармен 184 шарт жасалған. Оның ішінде 63 шартта (3798,9 га) тұрақты жерді суару көзделсе, берілетін су көлемі – 19,6 млн текше метр.
Көлтабандарды суаруға 113 шарт (6365 га) жасалып, 24,6 млн текше метр су берілмек. Ал жайылымдарды суландыру үшін жасасқан 8 шартқа сәйкес 1,1 млн текше метр су жұмсалмақ. Бұл берілетін су ЖКССЖ арналары арқылы жайылымдарды да суландырып, Қамыс-Самар көлтабанындағы су теңгерімін де сақтайды.
– Биыл Ресей Федерациясының аумағынан Еділ өзенінің суын тасымалдау құнын өтеуге 3,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа 68,5 млн текше метр Еділ суын беруге шарт жасалды. Оның ішінде 42,1 млн текше метр – Қараөзен және Сарыөзенге, 26,4 млн текше метр Жәнібек суару-суландыру жүйесіне бағытталады. Бұдан бөлек, жыл сайын республикалық бюджеттен Еділ өзенінен Қараөзен мен Сарыөзенге, сондай-ақ Жәнібек суару-суландыру жүйесіне 100-120 млн текше метр су беруге жұмсалатын шығындарды өтеуге қаражат бөлінеді. Бұл – трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануды және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін мемлекеттік қолдаудың маңызды тетігі. Бүгінде Қараөзенге 15,3 млн текше метр, Сарыөзенге 14,6 млн текше метр су берілді. Палласовка суару-суландыру жүйесінен Жәнібек суару-суландыру жүйесіне 16,0 млн текше метр су жеткізілді, – деді Ғалидолла Азидоллаұлы.
Су белдеуін белгілеуге де қаражат бөлінеді
Облыстағы 410 елді мекеннің 249-ының аумағында су нысандары бар. Былтыр облыстық мәслихат сессиясында 2026-2027 жылдарға су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуге бюджеттен қаражат бөлінді. Мәселен, биыл 37 елді мекен шегіндегі 28 су нысанында ұзындығы 83,7 шақырым су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуге 47,6 млн теңге бөлінді. Ал 2027 жылға 53 елді мекен шегінде 51 су объекті-сінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін (97,4 шақырым) белгілеуге бөлінгені – 49,9 млн теңге. Екі мердігер компания жұмысты 10 маусымда бастаған.
Өзен арналары санацияланады
«Санациялау» латын тілінде «sanatio», яғни емдеу, сауықтыру дегенді білдіреді. Яғни ластанған өзен, көл арналары тазартылып, тереңдетіліп, айналасына экологиялық сауықтыру жүргізіледі. Мәселен, облыстағы елді мекендерді су басу қаупі бар учаскелерді санациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарына сәйкес үш іс-шара көзделген. Біріншісі, Тасқала ауданының Тасқала ауылы маңындағы
Деркөл өзенінің арнасын кеңейту. Тазартылатын арнаның ұзындығы – 7 шақырым.
Жобаның құны – 622,0 млн теңге. Республикалық бюджеттен 435,0 млн теңге бөлінді. Мердігер – «СМУ-17» ЖШС. Сәуірде басталған жұмыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Екіншісі, Шыңғырлау өзенінің арнасын тазарту. 2024 жылы 11 шақырым өзен арнасын тазарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткізуге дайындалуда. Үшін-шісі, Шаған өзенінің арнасын және Жайық-Көшім каналын механикалық тәсілмен тазарту. Жоба шеңберінде 48 шақырым Шаған тармағында, 22 шақырым Көшім магистральдық каналында батиметриялық түсірілімдер толық аяқталған және басқа да жұмыс атқарылған. Биыл Көшім өзені мен Шаған тармағында ұзындығы 68 шақырым учаскенің түбі тереңдетілмек.
2026 жылы инспекция Су кодексі нормаларының талаптарын орындамаған 29 субъектіні анықтап, оларға4 млн теңгеге жуық айыппұл салды. Басым көпшілігі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 141-бабы 2-тармағына (арнаулы су пайдалануды рұқсатсыз жүзеге асыру) сәйкес жауапқа тартылды. Сонымен қатар биыл ҚР Су кодексінің 52-бабы бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына тексеру жүргізіліп, 8 бұзушылық анықталып, оларды жоюға нұсқама берілді.
*Айналмалы су (немесе айналымдық су) – өндірісте немесе технологиялық процесте бір рет қолданылғаннан кейін арнайы тазартудан, салқындатудан өтіп, сол жүйеге қайтадан пайдалануға түсетін су.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»