7.07.2026, 18:00
Оқылды: 68

«Төріңізде төл арна қосулы болсын!»

«Төріңізде төл арна  қосулы болсын!» деген  сөз  ақжайықтық телекөрерменнің  жадында  жатталып  қалғалы қашан.  Көптің көңіліне шуақ себетін осы шырайлы  сөз  тіркесін  жұртшылық  журналист Лұқпан  Елеудің өзіне ғана тән әуезді үнімен қабылдап келеді.  Ол журналистикадағы жолын Жымпиты аудандық газетінің редакциясынан бастап, кейін телеарнада жалғастырды.  Биыл «Құрмет» ордені мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері Лұқпан  Елеудің «AQJAIYQ» телеарнасында  еңбек  етіп келе жатқанына 30 жыл толды...

лукпан елеу копия (1)

Кейіпкер 1964 жылдың 7 шілдесінде Сырым ауданының Жымпиты ауылында жарық дүниеге көрінген. Айтуынша, ол бала күнінде геолог болуды армандаған екен. Ер жете келе өлең жазып, айтыстарға қатысып, ақындық қабілетімен айналасына таныла бастайды. Аудандық, облыстық газет беттеріне өлеңдеріне қоса, тырнақалды мақалалары да жарық көреді. Сөйтіп жүрегінде «Журналист болсам ғой» деген асқақ арманның оты лаулай бастайды. Осылайша 1982 жылы туған жеріндегі орта мектепті аяқтай сала, алып-ұшып Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жетеді. Бірақ журналист боламын деген жалындаған жас жігіттің мұраты мұқалғандай болды. Университетке оқуға тапсырған талапкерлер алдымен шығармашылық емтиханнан өтетін болып шықты. Талапкердің газетке жарияланған мақалалары оның басты басымдығына ие еді. Алайда бозбала Лұқпанның барша шығармашылық мақала-материалы сонау қиянда жатқан ауылындағы қара шаңырақта қалып қойған. Емтихан қабылдаушылармен сөйлесіп, деканның алдынан өтіп, арманы үшін табандылық танытса да, бәрі «далада» қалған мақалалардың маңызды екенін айтты. Солайша «Ағаларым бұл жөнінде неге алдын ала ескертпеді екен» деп, елең қағып, елге қайтты. Алматыдан ауылға келген жас жігіт Жымпиты көшесінде сол кездегі «Қызыл ту» газетінің редакторы болған жазушы-журналист Бақтығұл Ойшыбаевпен жолығып қалады. «Қабілет-қарқының жаман емес, мақала жазуға да ебің барын білеміз. Қызметке келемін десең, есігіміз ашық. Ал журналистика факультетіне келесі жылы тағы бір бағыңды сынап көрерсің» деп редакция басшысы оны жігерлендіріп, жанына жақын тартты. Содан Лұқпан Елеу алғашқы еңбек жолын қазіргі «Сырым елі» газетінде әдеби қызметкер болып бастайды. Жас журналист аға буыннан біраз дүние үйреніп, түрлі бағытта қалам тербейді, іссапарларға шығады, бұрынғыдан да ширай түседі. Бір жылдан соң ол Украинаға екі жылдық әскери борышын өтеуге аттанады. Екі жыл елден жырақ жүрген азаматтың ойында Алматы арман болып қалды. Себебі сегіз перзенттің тұңғышы ретінде әкесінің орнын басып, бар жауапкершілікті көтеріп, отбасының тірегіне айналу оның көкейіне біржола ұялады. Лұқпанның әкесі Өтеулі ағай 1979 жылы дүние салды. Ол кезде жанұяның тұңғыш перзенті Лұқпан небары 15 жаста еді. Ал асқар таудай әкесі кітап оқуға әуес, пайым-парасаты толысқан әрі еңбекқор жан еді, жарықтық. Отбасылық жағдайға байланысты Өтеулі ағай жас шағында жоғары оқу орнына бара алмай, ауылда шопан болып еңбек етіп, жанұясын асырайды. «Әкем шопан болса да, аудандық, облыстық мерзімді басылымдарға жиі жазылып тұратын. Қолы босай қалса, кітап пен газет-журналды парақтап отырушы еді. Менің әдебиетке, өнерге, журналистикаға деген қызығушылығымның оянуына осы жайт себеп болса керек», – дейді Лұқпан ағамыз.

Әскерден келген соң Оралдағы Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түстім. Университеттегі ұстазым, профессор Серікқали Шарабасов топ студенттеріне білім беріп қана қоймай, өмірлік бағыт-бағдар да сілтеді. Сол кезеңдерде оқуды аяқтаған студенттерді мамандығына қарай аудан-ауылдарға жолдамамен қызметке жіберетін. Мені Тайпақ ауданына мұғалім ретінде жібермек екен. Мен өзім айналамдағы студенттерден 3-4 жас үлкенмін. Студент шақта отбасын құрып, университет маңынан баспаналы болып, астыма темір тұлпар да тақымдадым. Отбасым Оралға әбден үйреніп қалған әрі үйіміз осында, өзімнің де Тайпаққа баруға құлшынысым болмады. Оқу жылы басталды. Қыркүйек-қазан айлары өтті. Мен ол ауданға бармаймын деп, екі ай бойы көнбедім. Серікқали ағай: «Лұқпанжан, дипломыңнан айырылып қаласың ғой» деп шырылдап жүрді. Қарашаның басында ағай өзі бастап, Тайпақ ауданынан өкілдер келіп, мені Қ. Байсықов атындағы мектепке мұғалімдікке алып келді. Білім ұясының басшылығы менің екі ай келмегенімді негізге алып, орныма басқа мұғалім алып қойыпты. «Оралға осы жерден қайтатын болдым ғой» деп қуандым да кеттім. Бірақ біз қайта қоймадық. Түстен кейін аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеге алып барды. «Мұнда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытпайды. Біз не үшін келдік?» деген ой болды. Сөйтті де, аңтаң болып тұрған мені аталмыш училищеге алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі әрі жатақхана тәрбиешісі етіп қызметке алды. Екі айдан соң отбасымды көшіріп алдым. Оралдағы баспанамызды сатып жібердік. Бірде Тайпақта аудандық ақындар айтысы өтті. Қырыққа жуық айтыскерден Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубаева және мен суырылып шығып, облыстық кезеңге жолдаманы еншіледік. Облыста өткен «Қыз бен жігіт» айтысынан үшінші орын иелендім. Айтысты айтысқа жалғап жүріп, ел арасында «Тайпақ ақыны» атандым. Мені Тайпақ топырағына тартқыштай беруінің себебін де кейін ұқтым. Сөйтсем, ауданға суырыпсалма ақын керек болған екен ғой. Бір жыл өте училищедегі педагогикалық жолдан аудандық газеттің редакциясына қызметке ауыстым. Аудандық газетте еңбек еткен алты жыл ішінде әдеби қызметкерден бастап, редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Кейін 1996 жылы облыстық телеарнаның жаңалықтар бөліміне қызметке орналастым. Тілшілік кезеңнің тіршілігі қайнаған осыжауапты бөлімде 15 жылдан аса қызмет істедім. Бұған қоса, ұлттық арнаның облыстағы меншікті тілшісі қызметін үш жылға жуық қатар алып жүрдім, – деді біздің  бүгінгі  басты  кейіпкеріміз.

Жақында БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында өткен салтанатты іс-шарада Лұқпан Елеу «Еңбек ардагері» медалін өңірінде жарқыратты. Кейіпкеріміз бұған дейін де ел Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болғаны баршамызға аян. Әрине, журналист үшін басты марапат – халық құрметі.

– Телеарнаға қызметке келгеніме бес жыл болған-тұғын. 2001 жылы шаһарда бес қабатты қос тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатты. Естуімше, тұрғын үйдегі пәтерлер түрлі сала мамандарына беріледі екен. Басыбайлы баспанамыз жоқ, екі баламызбен қожайынның қас-қабағына қарап, кісі есігінде жүрген кезіміз. Әлгі әр сала қызметкерлеріне берілер үйден менің де үмітім зор. Алғашында қала әкімі Вениамин Мұқатаевтың қабылдауына арнайы барып, баспана мәселесін айттым. Ол басын облыс әкімдігінің ғимаратына қарай шұлғыды да, беріледі ғой деді. Содан соң уақыт оздырмай, келер аптада сол кездегі өңір басшысы Қырымбек Көшербаевтың кабинетіне тіке тарттым. Менің үй-күйсіз жүргенімді естіген әкім: «Ертең өтінішіңді әкеліп, көмекшіме бер» деді. Бүкіл білімімді, жиған тәжірибемді бір парақ өтініш жазуға арнап, мың сан толғанып, түнімді ұйқысыз өткіздім. Менің өтінішімді оқыған әкімнің көмекшісі: «Мен жеті жылдық жұмыс тәжірибемде мұндай көркем, сауатты жазылған өтініш көрмедім» деп таңырқай қарады. Қажет құжаттың бәрін лезде жинап, тапсырып қойдым да, тағатсыздана күттім. Содан қаладағы «Әмбебап» шағынауданындағы тұрғын үйден пәтер берілетін болды. Пәтер кілтін сол кездегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев табыстайды дегенді естігенде төбеміз көкке жете қуандық. Үлкен ұлым Аршат екінші сыныпта оқитын. Сол баламыз Мемлекет басшысына «Ассалаумағалейкеум!» деп амандасып, Президенттің қолын алды, – деді ағамыз.

Келер жылы кейіпкеріміздің өмірлік серігі Дина Елеумен отасқанына 40 жыл толады. Олар тәрбиелеп өсірген алдыңғы перзенттерінен бүгінде немере-жиендер сүйіп отыр. Перзенттерінің алды өмірде өз жолын тапқан. Ал кенже қызы Перизат Лұқпанқызы асқар тауының жолын қуып, журналистикада білім алуда. Биыл ол Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мерзімді баспасөз баспа ісі мамандығының екінші курсын тәмамдады. Әкенің жас шағындағы орындалмаған арманына көкөрім қызы қол жеткізіп, ата-анасын қуантулы. Айта кетелік, Лұқпан ағаның анасы, сегіз перзентін өсіріп жетілдірген Ырысты әжеміз өткен айдың соңында мерейлі 80 жасқа толды. Ал тура бүгін, яғни жетінші шілдеде Өтеулінің Лұқпаны алпыстың екеуіне толып отыр. Жаңа жасыңыз құтты болсын, аға!

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале