10.07.2026, 15:00
Оқылды: 21

Кәсіптің көрігін қыздырған көрме

Оралда «Қазақстанның  үздік  тауары»  атты  өңірлік  көрме-байқауы  өтті. Бұл  іс-шараны  Батыс  Қазақстан  облысы  әкімдігі  мен  «Атамекен»  ҚР  Ұлттық  кәсіпкерлік палатасы  ұйымдастырды.  Аталмыш  көрмеге  өңірдегі  кәсіпкерлер  мен  ЖШС,  ЖК  жетекшілері  қатысты.  Олар азық-түлік  өнімдерін,  ұлттық  нақыштағы  бұйымдар  мен  киім-кешектерді,  сондай-ақ  тұрмысқа  және  өндіріске  арналған  құрылғыларды  көпшілік  назарына ұсынды. Облыс  әкімі  Нариман  Төреғалиев  көрме-байқаудағы  тауарларды  аралап  көрді. 

фото каткова9

Өңір  басшысы  кәсіпкерлердің  еңбегін  жоғары  бағалап,  олардың  ел  экономикасының  өсіп-өркендеуіне  қосып  жатқан  үлесін  ерекше  атап  өтті.

Бүгін – өңіріміздің бизнес қауымдастығы үшін айрықша күн. Біз қалыптасқан игі дәстүрмен «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының өңірлік кезеңіндегі жеңімпаздарын анықтағалы тұрмыз. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Облысымызда еңбек етіп келе жатқан әрбір кәсіпкердің жетістігі – тұтас еліміздің мерейі. Сіздер сапалы өнім өндіріп, экономиканы ілгерілетумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысуларыңыз – өз кәсібіне адал, нағыз отаншыл азаматтарға тән асыл қасиет.

фото каткова5

Жыл сайын бұл іс-шараның маңызы артып келеді. Себебі бұл – жай  ғана көрме емес, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың, ұлттық брендтерімізді ұлықтаудың басты алаңы. Жаңа ғана көрмені аралау барысында Батыс Қазақстанның өндірістік әлеуеті қаншалықты жоғары екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы», – деп нақты міндет қойған болатын. Бүгінгі алаң осы мақсатқа қызмет етіп, кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, жергілікті өнімдердің өткізу нарығын кеңейтуге зор мүмкіндік береді.

фото каткова

Мықты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің басты тірегі. Бұл бағытта біздің облыстың орны ерекше, көрсеткіштеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі 5 триллион теңгені құрады. Облысымыз өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі жағынан елімізде төртінші орынды нық иеленіп отыр. Республиканың жалпы өнеркәсіп көлеміндегі  үлесіміз 5,6%-дан асты. Бұл серпін биыл да жалғасын табуда.

2026 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,7 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 141,2 миллиард теңгені құрап, тұрақты өсімді көрсетті. Өткен жылы өңдеу саласында құны шамамен 9,9 миллиард теңге болатын  5 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Өңірімізге тартылған негізгі капиталдағы инвестицияның тең жартысына жуығы, яғни 49%-ы дәл осы өнеркәсіп саласына бағытталған. Осы орасан зор көрсеткіштер – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі. Мемлекет сіздердің бастамаларыңызды  әрдайым қолдайды, – деді  Нариман Төреғалиұлы.

фото каткова6

«Women Art Дизайн» ұлттық өнер галереясы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін арқау еткен картиналар салып, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кәдесыйлар жасаумен айналысады. Аталмыш компанияның жетекші директоры Сандуғаш Аюпованың айтуынша, картиналардың барлығы таза былғарыдан жасалады.

фото каткова8

– Биыл компаниямыздың құрылғанына 26 жыл болды. Қазақы нақыштағы мұндай картиналар 2000 жылдары  нарыққа шықты. Алғашқы жылдары төрт қана жұмысшымыз болды. Оған қоса, материалдықтехникалық мүмкіндік те шамалы болатын. Бірақ біз мойымай, кәсібімізді жалғастыра бердік. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ширек ғасыр ішінде талай жетістіктерге жеттік. 2025 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен былғарыдан жасалған бұйымдар байқауында картинамыз үздік деп танылып, бірінші орынға ие болдық. Өзіміздің идеямызбен жасалған әр картина ауторлық құқықпен қорғалған. Бүгінде ел-жұрттың осындай өнер туындыларына қызығушылығы артып келеді. Біз жасаған бұйымдар өңірімізге келген қонақтарға естелік ретінде беруге таптырмас сыйлық деп есептеймін, – деді компания директоры.

фото каткова12

Орал қаласындағы «Дәстүр» ағаш шеберханасы ағаштан түрлі ыдыс-аяқ жасайды. Ағаш шеберханасын Назгүл Ахметова 2020 жылы негізін қалаған. 2023 жылы «Даму» қорынан жеңілдетілген пайызбен 20 млн теңге несие алған. Кәсіпкер бұл қаражатқа ағаш жонуға, өңдеуге қажетті құрылғылар сатып алыпты.

– Қазіргі кезде бұйым жасауға қажетті шикізатты көршілес РФ-дан алдыртамыз. Ағаш ыдыс-аяқ дайындау кезінде негізінен емен, жөке ағаштарын қолданған абзал. Сонда ғана бұйым сапалы әрі ұзақ уақыт пайдалануға жарамды болады. Алайда азаматтар көп жағдайда бұйымның сапасынан бұрын, оның бағасын бірінші кезекке қояды. Ал арзан бағадағы ағаш ыдыс-аяқ көбіне теректерден жасалады. Ал ол ыстыққа төзімсіз келеді. Ыстық ет салғанда жарылып, сынып кетуі мүмкін. Біз – сапаға жұмыс істейміз. Шикізат бағасы мен оны тасымалдаудағы жол шығынын есептегенде біздің тауарымыз нарықтағы бағадан сәл жоғары, – деді Н. Ахметова.

Бәйтерек ауданындағы Мичурин ауылының тұрғыны Назира Сыдықбаева 2006 жылдан бері ұлттық тағамдар жасаумен айналысады. Оның бұл кәсіпті бастауына марқұм ұлы себепкер болған екен.

фото каткова13

–  2006 жылы ұлым Рамазан сал ауруымен дүниеге келді. Біз оны Ресей Федерациясы, Қытай секілді медици-насы дамыған елдерде емдеттік. Бірақ қанша жерге барсақ та, баламыздың дертіне шипа таппадық. Сөйтіп, мен «Ана ретінде балам үшін не істей аламын?» деген ойға келдім. Балама тым құрығанда табиғи азық-түлік бергім келді. Осылайша  қаймақ, сүт, ет өнімдерін көбейту үшін мал басын көбейттік. Кейін ауыл тұрғындары табиғи өнімдерді сатып алып жүрді, біртіндеп кәсіпке айналды. 2017 жылы «Бастау» бағдарламасымен алты пайыздық үстемемен несие алдым. Ал өткен жылы Іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен Байқоныс ауылынан маған жер берілді. Жер учаскесіне үй және қоражай салып жатырмыз. Болашақта қаланың ортасынан «Рамазан» деп аталатын дүкен ашқым  келеді, – дейді кәсіпкер әйел.

Рахима Сағиева өзінің жеке кәсіпкерлігін осыдан он жыл бұрын ашқан. Мүлікті бағалаушы мамандығын меңгерген  ол, декреттік демалыста жүргенде қолөнер бұйымын жасауға құлшынысы оянады. Кейін тапсырыс беретін қызке­ліншектер көбейіп, кәсіпкер алқа, білезік секілді әшекей бұйымдар жасауды бастайды.

фото каткова10

– Мендегі бұйымдар «Сутаж әдісі» арқылы жасалады. Яғни  бұл – өрме таспа арқылы әшекей бұйымдар мен киімдерді безендіру техникасы. Қазіргі таңда бала күтіміне қоса, кәсіпті де дөңгелетіп отырмын. Үйімнің бір бөлмесін өндіріс цехы ретінде жасақтадым. Жыл сайын өтетін осындай көрмелерге қалмай қатысамын. Алдағы жылдарда мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп көзін кеңейткім келеді, – деді Р. Сағиева.

фото каткова11

Кейде тағам құрамындағы  кейбір қоспалар адамдарға жақпайды. Мұндай жағдайда  тағамды тұтынушының талғамына қарай әзірлейтін кәсіпкерлер де бар. Соның бірі – «Бибігүл» ЖК жетекшісі Бибігүл Сағиева.

– Үлкен ұлымның тағам қоспасындағы бояғыштарға аллергиясы бар. Осы себепті мен дүкеннен дайын тағам сатып алудан гөрі, өз бетімше пісіргенді жөн көремін. Осы күндері қаламыздағы «Жұлдыз» шағынауданындағы баспанамда шағын цехым бар. Тұрақты тұтынушыларым үйге келіп, азық-түлік сатып алады. Қой, сиыр және жылқы етінен шұжық, қазы, сондай-ақ ысталған құйрық май дайындалады. Етті өзім тек «Халал» сертификаты бар дүкендерден ғана сатып аламын. Қазірдің өзінде екі әйел адамды жұмыспен қамтып отырмын. Біз дайындаған шұжық өнімдері «ALВІ» ныспысымен шығады. Бұл бренд атауы Алаң және Биболат ұлдарымның алғашқы екі әрпінен құрастырылған. Болашақта тұтынушылар «Маған «ALВІ» өнімін беріңізші» дегенде, түрлі тағамдар жиынтығын ұсынатын боламын, – деді кәсіпкерлік жетекшісі.

фото каткова14

Іс-шарада келушілер көрмеге қойылған түрлі бұйым мен табиғи азық-түлікті сатып алды. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев өңір эко-номикасын өркендетуге үлес қосып келе жатқан кәсіпкерлерге алғысхаттар табыстады. Сондай-ақ «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша өңірдің тоғыз кәсіпорны жеңімпаз атанды. Олардың қатарында «Имар», «MEKO», «Оқжетпес life», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «QazExpoCenterPipe», «Конденсат», «Желаев нан өнімдері комбинаты», «Маканова» және  «Қазақбас» кәсіпорындары бар.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале