24.07.2026, 15:00
Оқылды: 10

Мінезді шыңдайды, денені шынықтырады

Баласының дені сау, тәртіпті әрі өмірден өз орнын таба білетін азамат болып қалыптасуын қалайтын ата-ана оның тәрбиесіне ерекше мән береді. Мен де сондай ата-аналардың бірі ретінде соңғы жылдары өңірімізде жас спортшыларды ғана емес, нағыз азаматтарды тәрбиелеп келе жатқан «Дракон» спорт клубының аяқ алысына ризашылықпен  қараймын.

2a3a2146-e49a-427b-92cf-a84938427221

2021 жылы құрылған клуб бүгінде көптеген отбасының сеніміне ие болды. Ол балаларға кудо мен аралас жекпе-жек өнерінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды басты мақсаты санайды.

Көпшілік жекпе-жек спортын күш көрсету деп қабылдауы мүмкін. Алайда «Дракон» клубындағы тәлім-тәрбие мүлде басқа қағидаға негізделген. Мұнда спорт – төбелес емес, ойлау өнері, өзін-өзі жеңу мектебі ретінде түсіндіріледі. Сондықтан да шәкірттер арасында өзара сыйластық пен бауырмалдыққа негізделген ерекше орта қалыптасқан.

Клубта білікті жаттықтырушылар – Руслан Татаханов пен Алпамыс Батыров тынымсыз еңбек етуде. Олар шәкірттерінің спорттық шеберлігін шыңдаумен қатар, әр баланың тұлғалық қалыптасуына да айрықша көңіл бөледі. Тәртіп, еңбекқорлық, төзімділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттерді жас спортшылардың бойына сіңіруді басты  міндет  санайды.

Нағыз бапкердің еңбегі шәкіртінің жеңісімен өлшенеді десек, бұл тұрғыда клуб мақтанарлық нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде оның тәрбиеленушілері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Nomad MMA бойынша әлем шемпиондары Максим Мешкелявичюс пен Ярослав Шевцов, жүлдегер Ерасыл Бөлегенов, сондай-ақ кудо, ашихара каратэ және Nomad MMA бағыттары бойынша Азия ойындарының жүлдегері Мұстахим Манашевтың жеңісті жолдары – жүйелі еңбектің  жарқын  жемісі.

Алайда клуб жетістігін тек медаль-кубоктармен өлшеу аздық етеді. Оның ең үлкен нәтижесі – қоғамға пайдалы, үлкенді құрметтейтін, кішіге қамқор, елінің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың қалыптасуы. Себебі спорттағы жеңіс уақытша болса, тәрбие арқылы қалыптасқан тұлғалық қасиеттер өмір бойы серік  болады.

Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Осы тұрғыдан алғанда, Руслан Әнуарбекұлы мен Алпамыс Тимурұлы шәкірттеріне спорттық білім беріп қана қоймай, оларды өмірге тәрбиелеп жүрген нағыз тәлімгерлер деп айтуға толық негіз бар. Талаптыны қанаттыға жалғап, жас өрендердің арманын асқақтатып жүрген мұндай азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке  лайық.

Өткенде Руслан мен Алпамыстан тәлім алатын кудошылар Қазақстан шемпионатында бақ сынап, өңір спортшылары жоғары шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде команда қоржынына 12 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль түсті. Сондай-ақ біздің облыс жалпыкомандалық есепте екінші жыл қатарынан бірінші орынға ие болды.  Ал «Дракон» клубының шәкірттері алдағы уақытта да талай белесті бағындырып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық ареналарда биік көтеретініне сенім мол.

Шара Алтайқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале