Жолдағы қауіпсіздік әрбір адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты маңызды мәселе. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында Шыңғырлау ауданында «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды.

Шара барысында Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды қабылдап, жол қозғалысы ережелері мен заң талаптарына қатысты сауалдарына жауап берді. Азаматтар көлік жүргізу тәртібі, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша қажетті кеңестер алды.
Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Себебі жол ережесін сақтау тек талап емес, адам өміріне деген жауапкершілік.
Шыңғырлау АПб-нің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Серік Бураншеев тұрғындармен тікелей кездесудің маңыздылығын атап өтті.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету полицияның ғана емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ міндеті. Жүргізуші белгіленген жылдамдықты сақтап, көлік басқару кезінде барынша мұқият болуы керек. Жаяу жүргіншілер де жолдан өту талаптарын қатаң сақтағаны жөн. «Жолда қабылдау» акциясы арқылы біз тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заң талаптарын түсіндіруге мүмкіндік алып отырмыз. Басты мақсатымыз құқық бұзушылықтың алдын алып, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және ауданымыздағы жол қауіпсіздігін нығайту, – деді полиция майоры.
Тұрғындардың сауалына құлақ асып, заңды түсіндіру құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды тетігі. Ал жолдағы қауіпсіздікке немқұрайлы қарамау әр азаматтың өзінен басталатын жауапкершілік.
Жол ережесін сақтау – өз өміріңді ғана емес, өзгенің өмірін де қорғау.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы