15.08.2026, 0:00
Оқылды: 2

Шыңғырлауда «Мен оқыған 30 кітап» облыстық байқауы өз мәресіне жетті

Шыңғырлауда ауданы  әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Мен оқыған 30 кітап» облыстық байқауы өз мәресіне жетті.

image-14-08-26-09-08-1

Жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттау және білімді әрі ізденімпаз ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл рухани дода биыл облыс көлемінде екінші рет өткізіліп отыр.

Жоғары деңгейде қорытындыланған байқауда облыстың әр өңірінен келген 14 оқушы өздері оқыған 30 кітап бойынша білімдерін, ізденістерін, шығармашылық қабілеттері мен кітапты талдау шеберліктерін ортаға салды.

image-14-08-26-09-08-9

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, аудандық бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кітапхана саласының мамандары, ұстаздар, кітап жанашырлары мен жас оқырмандар қатысты. Әр қатысушы үшін бұл сайыс тек білім жарысы ғана емес, кітап әлеміне жасалған үлкен рухани саяхат болды.

Байқау қорытындысы бойынша белсене қатысқан 7 оқушыға алғысхат пен 25 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталды. Олардың қатарында Бәйтерек ауданынан Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының 7-сынып оқушысы Асылзада Шоймардан, Жаңақала ауданынан Мұхтар Миранов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Жантөре Мендеш, Жәнібек ауданынан Ғ. Абдуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Сымбат Самат бар. Сондай-ақ Қаратөбе ауданынан Мұхит атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Шырын Нұрлыбекқызы, Орал қаласынан №20 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Набира Ермеккалиева және Тасқала ауданынан «Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің» 10-сынып оқушысы Зульфия Медекенова марапатталды.

Шара барысында арнайы номинациялар да өз иелерін тапты. Атап айтқанда, «Ұшқыр ойлы оқырман» номинациясы Қазталов ауданы А. Хұсайынов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Сезім Амангелдіге бұйырды. «Ізденімпаз оқырман» номинациясын Бөкей ордасы ауданы Хан Ордасы ауылы Жәңгір хан атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Гүлден Болат иеленді. «Білімпаз оқырман» номинациясы Бөрлі ауданы Пугачев ауылы мектебінің 9-сынып оқушысы Іңкәр Шынтасқа берілді. «Зейінді оқырман» номинациясымен Шыңғырлау ауданы Жаңатұрмыс негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы Азиза Кабидуллиева марапатталса, «Талғампаз оқырман» номинациясын Орал қаласы Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айша Ғарифолла еншіледі. Аталған номинациялар бойынша жеңімпаздарға 50 мың теңгелік сертификаттар мен дипломдар табысталды.

image-14-08-26-09-08-3

Жарыстың жүлделі орын иегерлері де тиісті марапаттарына ие болды. Байқаудың үшінші орнына Теректі ауданынан келген Аяжан Жунусова лайықты деп танылып, 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орынды Сырым ауданынан Айару Батрғали  жеңіп алып, 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал доданың бас жүлдесі – бірінші орынды Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылының тұрғыны Айкөркем Бержанова қанжығасына байлап, 300 мың теңгелік сертификатты иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ерекше толқыныс пен қуанышқа ұласып, жас оқырмандардың еңбегі лайықты бағаланды.

«Мен оқыған 30 кітап» – жас ұрпақты кітап оқуға баулып қана қоймай, олардың ойлау мәдениетін қалыптастырып, рухани әлемін байытатын маңызды жоба. Кітап оқу – ақпарат алу ғана емес, өз ойыңды қалыптастыру, әлемді тану, адамды түсіну және болашаққа сенімді қадам жасау. Бүгінгі жеңімпаздар – кітаппен дос болған, білімді өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған жас буынның жарқын үлгісі.

image-14-08-26-09-08-4

Адақ Танабайұлы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале