14.08.2026, 17:15
Оқылды: 37

Жеңіске жетелеген жігер

Бұлдырты ауылынан Қазақстанның намысын халықаралық және республикалық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген талай талантты балуан түлеп ұшты. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы Нұржан Исағалиев.

91cf2961-bbde-443c-8505-e048b6f798d1

Ол халықаралық жарыстарда көк Туды желбіретіп, Әнұранды шырқатып, ел абыройын асқақтатуды басты мақсаты санайды. 2001 жылдың 26 сәуірінде Сырым ауданының Бұлдырты ауылында өмірге келген Нұржан тынымсыз еңбегі, қажырлы қайраты мен мұқалмас жігерінің арқасында спорттағы биік белестерді бағындырып  келеді.

– Спорттағы алғашқы қадамым 1-сынып оқып жүргенде Бұлдырты орта мектебі жанындағы еркін күрес үйірмесінен басталды. Сол кезден бастап күреске деген қызығушылығым артып, жаттығуды қалдырмауға тырыстым. Осы жолда алғашқы бапкерім Руслан Бекжановтың еңбегі ерек. Ол менің спортшы ретінде қалыптасуыма ықпал етіп, әр жарыс алдында бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ  ақыл-кеңесін айтып, қолдауын ешқашан аяған емес. Кейін спорттағы жолымды жалғастыру үшін Орал қаласында-
ғы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде оқыдым. Одан соң Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты-колледжінде 10-11-сыныптарды аяқтап, осы оқу орнының колледжінде
білімімді жалғастырдым. Кейін «Дәуір» Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясында дене шынықтыру мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Осы жылдардың барлығы мені спортшы ретінде де, адам ретінде де шыңдады, – деді Нұржан  Нұрболұлы.

cc1a32c2-cef0-4637-a16d-aaba91cfbc2a

Жас балуан жуырда Испания астанасы Мадридте өткен еркін күрестен ересектер арасындағы «Gran Premio de Espana» халықаралық турнирінде топ жарды. 92 келі салмақта белдескен спортшы қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс балуан үшін айрықша жетістік болды. Өйткені Мадрид төріндегі табысы оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері талабын орындауға мүмкіндік берді. Осылайша жас спортшы өзінің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар Нұржанның бұған дейін де толағай табыстары аз емес. 2022 жылы Қарағандыда өткен ҚР шемпионатында шемпион деген биік атаққа қол жеткізсе, 2024 жылы Астанада ересектер арасында еркін күрестен өткен ҚР шемпионатында 86 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

– Алғашқы жарысым әлі күнге дейін есімде. Қатты толқыдым. Бірақ дәл сол жарыс маған тәжірибенің бастауы болды. Кейін әр жарыс сайын өзіме деген сенімім нығая түсті. Бүгінде қоржынымда ел шемпионатының екі бірдей алтын медалі бар. Алайда әрбір жетістіктің астарында үлкен еңбек жатқаны мәлім. Мен үшін спорттағы ең қиын қарсылас – өзің. Егер өз қорқынышыңды, қобалжуыңды жеңе алсаң, кез келген қарсыласты жеңуге болады. Сондықтан физикалық дайындықпен қатар психологиялық дайындыққа да ерекше көңіл бөлемін. Күн сайын таңертең дене жаттығуын жасап, кешке негізгі жаттығуыма қатысамын. Бұған қоса дұрыс тамақтануға тырысамын. Өйткені жоғары нәтижеге жету үшін тәртіп керек. Сондай-ақ жеңіліс болған кезде оны сәтсіздік деп қабылдамаймын. Әр жарыстан кейін қателіктерімді саралап, қорытынды шығарамын. Сол арқылы келесі жарысқа одан да мықтырақ болып барамын, – дейді еркін күрес шебері.

Әрбір спортшының артында жарыс сайын тақымын  қысып, қашанда жанынан табылып, қолдайтын отбасы бары анық.

– Менің ең үлкен тірегім – отбасым. Әсіресе анам Мария әрдайым ақ батасын беріп, жеңсем де, жеңілсем де, басты қолдаушым болып қала береді. Әпкем Дария мен соңымнан ерген інім Бауыржан да қолдау көрсетіп, алға ұмтылуыма жігер сыйлайды. Олар менің әрбір шыққан шыңыма куә болып, қуанышымды бірге бөліседі. Сондай-ақ қолдаудан бөлек, мені үлкен додаларға дайындап, мықты балуан болып қалыптасуыма бапкерім Нұрлан Бекжановтың да ықпалы зор. Нұрлан ағай – мен үшін тек жаттықтырушы ғана емес, спорттағы үлгі тұтар тұлғам. Оның еңбекқорлығы, тәртібі мен табандылығы әрдайым жігерлендіріп, алға ұмтылуыма серпін береді. Ұстазымнан көп нәрсе үйреніп келемін. Сонымен қатар ең үлкен арманым – әлем шемпионаты мен олимпиада ойындарында Қазақстанның
көк Туын биікке көтеріп, Әнұранымызды сан мәрте шырқату. Сол мақсатқа жету үшін күн сайын аянбай еңбек етіп келемін, – дейді Нұржан Исағалиев.

Нұржан Нұрболұлының бүгінгі жетістігі – қажырлы еңбектің, темірдей тәртіптің және алға қойған мақсатқа деген адалдықтың нәтижесі. Оның жеңіске деген жігері мен еңбекқорлығы жасөспірім спортшыларға үлгі болып, ел намысын халықаралық додаларда абыроймен қорғауға деген сенімін нығайта түсуде.

 

 Гүлфия   ҚОЛҒАНАТОВА,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале