14.08.2026, 13:00
Оқылды: 0

Қос даңғыл қиылысындағы ерлік аллеясы

Орал қаласының қақ ортасында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің ерлігіне тағзым ететін Құтқарушылар аллеясы ашылды. Бұл – ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған азаматтардың есімін ұлықтап, бейбіт күннің батырларына  құрмет  көрсетудің жарқын көрінісі.

аллея спасателей - мади салык (1)

Абай және Назарбаев даңғылдарының қиылысындағы бұрыннан қараусыз жатқан аумақта жаңа қоғамдық кеңістік бой көтерді. Құтқарушылар аллеясының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, азаматтық қорғау құрылымдарының қызметкерлері мен ардагерлері, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың отбасы мүшелері және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, бұл орынның мәні жай ғана абаттандырылған қоғамдық кеңістікпен шектелмейтінін атап өтті. Өйткені мұнда ел тыныштығы мен адам өмірін қорғау жолында өз өмірін қатерге тіккен азаматтардың ерлігі дәріптелмек.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушы елдегі ең беделді мамандықтардың біріне айналуға тиіс екенін айтып, мемлекеттік құрылымдарға қоғамда лайықты баға берілуі үшін нақты шаралар қабылдауға міндеттеді. 2025-2026 жылдары саланы дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мұның барлығы азаматтық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне жасалып жатқан нақты қолдау, – деді Нариман  Төреғалиев.

Шын мәнінде, құтқарушы мамандығы – ерлік пен жауапкершілікті, жүрек жұтқан батылдық пен кәсіби шеберлікті қатар талап ететін абыройлы қызмет. Жұрт қауіптен қашқан сәтте олар қатерге қарай ұмтылады. Біреудің өмірін арашалау үшін өз өмірін қатерге тігеді. Табиғи апат, өрт, су тасқыны, жол-көлік оқиғасы секілді сын сағаттарда ел ең алдымен осы азаматтардың көмегіне жүгінеді. Сондықтан олардың еңбегін бағалау – азаматтық қоғамның  ортақ  парызы.

Айта кету керек, қала орталығында бірнеше жыл бойы қаңырап тұрған аумақты абаттандыру мәселесі де көптен бері көтеріліп келген еді. Бүгінде облыс басшылығының қолдауымен бұл орын жаңа тыныс алып, қала тұрғындары үшін көрікті демалыс орнына айналды. Бір кездері қараусыз қалған аумақ енді ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен жандардың ерлігімен сабақтасқан тағылымды мекенге айналып отыр. Жалпы аумағы 1,6 мың шаршы метрді құрайтын қоғамдық кеңістікте абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, тұрғындарға жайлы демалыс орны жасалған. Аллеяның сәулеттік шешімінде төтенше жағдайлар

қызметінің тарихы мен бүгінгі бейнесін сабақтастыратын ерекше нысандарға мән берілген.

Аллеяның ортасында қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жанкештілігіне арналған ескерткіш тақта орнатылған. Бұл – ел жадында мәңгі сақталуға тиіс есімдерге қойылған белгі ғана емес, келер ұрпаққа қалдырылған аманат.

Қоғамдық кеңістікте екі субұрқақ бой көтерді. Оның бірі өрт сөндіруші бейнесіндегі мүсін. Екіншісі – ХІХ ғасырда қолданылған өрт сөндіруге арналған қол сорғышының үлгісі. Осылайша аллеяда азаматтық қорғау саласының өткені мен бүгіні тоғысып, тарихи сабақтастық көрініс тауып отыр. Бұл орайда Орал қаласының тарихы да ерекше назар аударуға лайық. Өйткені еліміздегі ең алғашқы өрт сөндіру бөлімі дәл осы шаһарда 1865 жылы құрылған. Демек Оралдағы Құтқарушылар аллеясының ашылуы сала тарихы тереңнен тамыр тартқан қала үшін айрықша мағынаға ие тарихи оқиға.

Салтанатты іс-шара барысында бейбіт күннің батырлары саналатын құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің рухына тағзым етіліп, олардың еңбегі мен ерлігіне құрмет көрсетілді. Бір сәт үнсіздік жарияланып, ел қауіп-сіздігі жолында қаза тапқан азаматтардың есімі тағы бір мәрте аталды.

Жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов игі бастаманы қолдағаны үшін облыс әкімдігіне ризашылығын жеткізді. Ведомство басшысы жаңа нысанның тұрғындар үшін тынығу орны ғана емес, елдік санаға қызмет ететін, ерлікке тағзым жасайтын қасиетті мекенге айналатынына сенім  білдірді.

– Қызметтік борышын атқару жолында өмірден өткен Жарқын Сайлауұлы, Ерлан Мұқанұлы, Жанкелді Әліпқалұлы және Ақан Қадырханұлы есімдері ел есінде. Олардың ел қауіпсіздігі жолында көрсеткен жанқиярлық ерлігі – жастарға ғана емес, барша қазақ еліне үлгі. Осы күні азаматтық қорғау полковнигі Жарқын Фазыловтың ұлы да әке жолын жалғап, осы салада қызмет етіп жүр. Бұл – Отанға деген адалдықтың әкеден балаға жалғасқанының жарқын үлгісі. Ел қауіпсіздігі жолында жанын пида еткен әр құтқарушының есімі ұмытылмайды. Құтқарушылар аллеясын салу бастамасын қолдап, бейбіт күн батырларының ерлігін дәріптеуге үн қосқан облыс әкімі мен өңір басшылығына алғыс айтамын. Бұл аллея – құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге көрсетілген үлкен құрметтің белгісі, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Салтанатты іс-шараға қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан құтқарушылардың отбасы мүшелері де қатысты. Олар үшін бұл күннің орны бөлек. Себебі аллеядағы әр есім, әр сөз, әр белгі – олардың жақындарының ел алдындағы ерлігін айғақтайтын жүрекке жақын  естелік.

Ерлік – елге ортақ ұғым. Ал бейбіт күннің ерлігі кейде көзге көрінбей, үнсіз жасалады. Құтқарушының күнделікті қызметі – соның дәлелі. Олар үшін әр шақырту – біреудің тағдыры, әр секунд – бір адамның өмірі. Сондықтан қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың ерлігі уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше, ұрпақ санасында жаңғыра түсуі  тиіс.

Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрсұлтан Серіков те жаңа аллеяның ашылуының мәні ерекше екенін атап өтті.

– Мұндай демалыс орнының Орал қаласында ашылуының мәні ерекше. Өйткені еліміздегі ең алғашқы өрт сөндіру бөлімі Орал қаласында құрылған. Бұл – біздің шаһардың азаматтық қорғау саласының тарихында айрықша орны бар екенін көрсетеді. Енді бұл орын тек тұрғындардың тынығатын мекені ғана емес, ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен азаматтардың ерлігіне тағзым жасайтын, жас ұрпаққа өнеге беретін орын болады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Серіков.

Аллеяның ашылуына келген төтенше жағдайлар саласының ардагерлері де жаңа нысанның бой көтеруіне ризашылықтарын білдірді. Өйткені қызметтің ауыртпалығын иығымен көтерген аға буын үшін бүгінгі ұрпақтың ерлікке құрметпен қарауы – үлкен медет.

– Төтенше жағдай кезінде қыршын кеткен азаматтар көп. Солардың рухына тағзым ету – баршамыздың борышымыз. Мұндай аллеяның ашылуы – үлкен қуаныш әрі тарихи сәт. Бұл жерге келген әр адам ел тыныштығы үшін өмірін қиған азаматтарды еске алып, олардың ерлігін жүрегінен өткізеді деп ойлаймын, – дейді төтенше жағдайлар қызметінің ардагері Тілекқабыл  Сауытов.

Құтқарушылар аллеясы – бүгінгі күннің сәулеті мен кешегі ерліктің арасын жалғаған тағылымды кеңістік. Мұнда қала тұрғындары тынығып қана қоймайды, ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған азаматтардың есіміне тағзым етеді. Мұнда жас ұрпақ ерліктің даңғаза сөз емес, нақты іспен, азаматтық борышпен, Отанға адалдықпен өлшенетінін  ұғынады.

Қала ортасында бой көтерген бұл аллеяның әр тасы, әр ағашы, әр ескерткіш бейбіт күн батырларының үнсіз шежіресін сөйлетіп тұрғандай. Уақыт алмасады, ұрпақ өзгереді. Бірақ ел үшін жасалған ерлік  ұмытылмайды.

Түгелбай БИСЕН,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале