14.08.2026, 11:15
Оқылды: 48

«Ақ шағаланың» Жайық жағасындағы жазы

Жақсы адамдармен жүздесіп, ғибратты әңгімелер тыңдау да бір ғанибет. Жуырда Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы белгілі қолөнер шебері Қарлыға Молдашева және С. Сейітов атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Роза Сәкенқызы Жайықтың «Ақ шағаласы» атағын халық берген, қоғам қайраткері айтулы ақын Ақұштап Бақтыгерееваға сәлем беруге арнайы келді.

photo_5440388065886149397_y

Қазақтың ғажап ақыны Төлеген Айбергенов Ақұштапқа арнап:

«Деміме мынау алқынған,

Сен енді тоқтарсың ба?

Оралып ұшқан алдымнан

Оралдан шыққан көк қаршыға!» – деп өлең арнаған ақын апалары 80-нің сеңгіріне шықса да, аппақ болып алдынан шығып қарсы алды. Ауданның үш қызы қазақтың дәстүр-салтымен үлкенге ізет көрсетіп, сәлем беруге келгендерін айтып, бір жағынан ақындық құдіретіне бас иетіні үшін, себепсіз мазаласа кешірім сұрады.

Оқырман ақын өмірбаянына, өлеңдеріне қанық болса, әкесі мен анасының жалғыз қызы екенін, сұм соғыс әкесін ерте жалмаса да, анасының жалғызын өжет, қайсар етіп тәрбиелеуі, соғыс салған қасірет бүкіл елдің еңсесін басса да, біріге жүріп, болашаққа ұмтылған ауылдағы қарапайым халықтың ерлігін ақын өлеңдерінен таныдық.

Қыз ақындардың ішінде ана, әйел тақырыбы Ақұштап жырларында халық алдындағы перзенттік парыздың өтеуі секілді.

Сырын білмеген адам қалың тоғай арасында, айналасын су көмкерген көркем табиғат аясындағы жалғыз үйде «Ақын апамыз иен далада неге жалғыз үйде отыр?» – деп ойлауы мүмкін.

Оның сыры – бұрымын бөрік астына жасырып, ұл есебінде өсірген кішкентай өжет қызын ат құлағында ойнатып өсірген әке арманы мен өмірге қанаттандырған анасына деген перзенттік парыздың, борыштың өтеуі. Балалық шағы өткен осы жерге үй тұрғызып, қыз болса да мұраға баспана тұрғызды. Бұл дегенің әйел заты түгіл, әкеден қалған үйлерін бұзып, қажетіне жаратқан  көп еркек кіндіктің қолынан келмейтін әрекет екені бүгінде көпке аян.

Ақын апамызбен талай рет кездесулер өткізген, шығармаларын дәріптеген аудандық кітапхана директоры Роза Сәкенқызы былай деп толғанады:

– «Өзіміз де жас болдық, жас кезде ақындармен кездесу арман еді, олардың өлеңдерін оқып таңданатынбыз. Әсіресе апамыздың Жайық туралы толғанысы, Жайық ағысын адам жанымен әсерлі суреттеуі, табиғаттың сұлулығы, суының соңғы кезде тартылуы, балықтың азаюы, сирек кездесетін түрлерінің мүлдем жойылу қаупі, қоғамдағы толғандырарлық мәселелер, ел мен жерге, анаға, ерге деген махаббат, ұлттық құндылықтардың, адамдар арасындағы сыйластықтың азаюы тұрғысында көптеген публицистикалық шығармасын кітапханаға келгеннен кейін үзбестен оқып танысып, апайды ауданға жиі шақырып, қаншама тағылымды кеш өткіздім. Осындай жандармен кездесу – өмірге сабақ.

photo_5440388065886149398_y

Апайдың 1985 жылы Жазушылар одағының кезекті мәжілісі кезінде дін мен тіл, ана мен бала тағдыры жайлы сөйлеген сөзі және 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында Жұбан ағамыздың сол кездегі Қазақстанға  І хатшы болып келген Колбиннің алдында сөйлеген сөзіне орай «Ерлікті көзбен көрген күн» атты өлеңі «Жұбан» спектакліне себепші болғаны, ол мәдениет министрі мен сенат, парламент депутаттары мойындаған рухты шығарма болды.

Кезінде академик  З. Қабдолов ағамыздың «Мен Оралды үш қызы арқылы жақсы білемін. Біріншісі – аты аңызға айналған Қыз Жібек, екіншісі – батырға айналған ер Мәншүк, үшіншісі – өзіндік мінезі мен үні бар ақын Ақұштап» дегені – біз үшін мақтаныш. Бүгін сырттай айдалада тұрған жалғыз үй сияқты көрінген үйдің ішін көріп, жұрт жабылып жасаған музейден артық өте құнды жәдігерлер мен қолжазбаларды көрдім. Үйдің іші кітапханадан кем емес, әр кітап ауторлардың қолтаңбасымен сақталған. Мен ата-анасының көне үйінің орнына ер-азаматтай  үй тұрғызған, ішін руханиятпен толтырған Ақұштаптай апаның бұл ісіне қандай баға берерімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Көкірегіме сәуле құйылғандай, өзімнің ата-анама, еліме деген махаббатыма жаңа бір самал ескендей әсерде болдым».

Белгілі қолөнер шебері, кезіндегі мәдениет қызметкері Қарлығаның да өз айтары бар.

«Мен апайды сонау мәдениет саласында жүрген кезден білемін. 1997 жылы ауылдарда жұмыс қысқарып, жұмыссыз қалған кезімде қол-өнермен айналыстым. Маған Ақұштап апаның қыз балаға арнаған аналық өсиет сөздері, оның анасына жазған өлеңдері ұнады. Шынымды айтсам, өз анамдай қабылдадым.

Ол жақта қалай, апа, жылы ма екен,

Бар пенде бір Алланың құлы ма екен?

Онда да бірі – пысық, бірі – момын,

Біреу қу, біреу тіпті ұры ма екен?

Ол жақта жасыл көктем, гүлдер көп пе?

Күнәсін кешіре алмай жүрген көп пе?

Тіріде пара бергіш жылмағайлар,

Ол жаққа барып әлі үлгермеп пе?..

Осы өлеңді еске алсам, қазіргі біреулердің бейнесін көремін, өздері қулық-сұмдықтың неше түрін істеп жүріп, таза өз пайдасына күнелтетіндер елестейді. Өз өмірімді сонау қиын кездерде жүз пайыз басқа арнаға бұрып, маңдай теріммен адал тапқан еңбегімді, Ақұштап апамның анасы секілді қызыма да үйретіп жүрмін. Ғабдрахим ағамызбен де келген сайын кездесіп, шай-су ішіп, апайдың елдік, тәрбиелік әңгімелерін тыңдауға жолдасым Табылды екеуміз құштарланып тұрамыз. Апай да сәлем-сауқатын үзбейді, әңгіме бергенде емес, аз өмірдегі сыйластықта деп есептеймін. Ауылға келіп, елмен кездесіп, құлаққа жағымды әңгімелерін ұрпаққа айтып тұрса, құба-құп».

Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы аудан жұртының ақжарма сәлемін жеткізді.

Ойы сергек, жан-жақты, білімді Зәйлімнің адаммен сыпайы сөйлесуі, әр сөйлемнің үтір, нүктесіне мән беруі бізге таныс.

«Апайдың шығармаларының ерекшелігі – уақыт алға жылжыса да, өмірдің өзектілігін суреттеуінде.

photo_5440388065886149399_y

Қазақ әйелінің тағдыры – тауқыметі таусылмайтын дүние. Менің сөремде де ақынның туындылары сақтаулы. Әр кезде жұмысымда алдыма әйел адамдар көп келеді, ауылдардың жағдайы өте күрделі, сондай сәттерде мен де солармен бірге қиналамын, қолыма кеште Ақұштап ақынның кітабын алып, өлеңдерін оқимын да ойланамын, бір қиындықтардан шығуға есік ашқандай боламын. Осылай рухани күш бергені үшін апайға рақмет айтқым келеді. Менің қатты таңданатыным – апайдың ұқыптылығы.

Жұрттың арасында Ақұштап апаның Фариза апаға жазған хаттары шыға бастағанда түрлі әңгіме болды. Мен осы кітапты оқып, ұлы достықтың, адалдықтың, шыншылдықтың куәсі болдым. Екі ақынның мінезі екі түрлі, бірақ мақсат-тілектері бір, заманы бір. 2014 жылы қыста Фаризадан айрылған Ақұштап апаның «Мен Фаризаның шелпегін жеймін ғой деп ойлаған жоқ едім ғой, сөйлеуге де, ештеңеге де шамам жоқ» деген сөзінен қимастықтың айқын лебі есіп тұрды».

Иә, Ақұштап апаның жапанда тұрған жалғыз үйі – қазақы дәстүрдің, ата-анаға құрметтің, елде тұрған рухтың бір белгісі. Ақын апасын сыйлаған ұрпақтар барып сәлем беріп тұрады. Көктемнен күзге дейін қасында болып, ата-анасына ошағына ет асып, даладан баяғы бала Ақұштаптың балаң кезін басынан өткергендей тезек теріп, қолғабысын беріп, жандарында жүрген Жазирасы бар.

Әкесі барда Ақұштап күрең таймен даланы шарласа, Жазирасы көлдей көсілген ақ көлікпен Жайығының қай түкпіріне де өзі апарып жүр.

Қоштасарда ақын Ақұштап елдің сәлемін ала келген Зәйлім Исатайқызы бастаған топқа аналық ақ батасын, ризашылығын білдірді. Қашанда ел деп соққан ақын жүрегі өз елінің, халқының өткені мен бүгініне алаңдаулы болатынын, алға дамып, әлем көз тіге бастаған қазақ елінің жастарының қарышты қадамына сәттілік айтып қоштасты.

Ақ Жайық, сенсің әркез сыйынарым,

Сен десе, жыр жолы боп құйыламын.

Әзірше жыл өткізбей келіп тұрам,

Кім білсін неше келу бұйырарын... – деп өзіңіз жырлағандай, биылғы жаз жаңа жазбаларыңыздың арқауы болсын. Жайығыңызға жыр боп құйылып, жыл сайын келе беріңіз!

Үзілдік  ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ,

ақын, ардагер ұстаз, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, жұбантанушы,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале