ҚР Бас прокуратурасының хабарлауынша, Павлодарда «ХАС» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты сот талқылауы аяқталды.

Топ мүшелері 2022-2023 жылдары Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз қалаларының тұрғындарын тартып, айына 70% табыс табуды уәде еткен.
Бастапқыда 376 азаматтың 2 млрд теңгеден астам қаражатын қолды қылғаны анықталып, топ ұйымдастырушысы мен қатысушылары бас бостандығынан айырылды. Азаматтардың мүлкі, атап айтқанда Астана мен Павлодардағы пәтерлер мен жер телімдері, 18 автокөлік және 300 млн теңгеден астам ақшалай қаражат тәркіленді.
Алайда мемлекеттік айыптаушының кейінгі жүргізген жұмыстарының нәтижесінде тағы 139 жәбірленуші анықталып, оларға 882,8 млн теңге залал келтірілгені әшкереленді. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қылмыстық іс қайта сотқа жолданып, кінәлі тұлғалар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңге болатын шығын шеккен 515 азаматтың мүліктік құқықтары қорғалып, келтірілген залалдың бір бөлігі іс жүзінде өтелді.
Бас прокуратура қысқа мерзімде аса жоғары пайда табуды уәде ету қаржы пирамидасының негізгі белгісі екенін ескертеді.