1.09.2026, 10:00
Оқылды: 13

Кішкентай ауылдан үлкен қалаға

Спорт бапкері Айдын Сулейманов «Алланың қалауымен шәкірттерім оқуға түсті» деген жақсы хабарымен бөлісті. Осы уақытқа дейін газет басылымында грек-рим күресінен жас спортшыларымыздың жетістігін талай жариялаған болатынбыз. Сол жеткіншектер қанаты қатайып, спорттағы жаңа белеске қадам басқалы тұр. Айдын Нұрланұлының жарыстарда жауырыны жерге тимей, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген шәкірттері еліміздің үздік спорт мектептеріне оқуға түсіп, оқу жылын жаңа оқу ордасында қарсы алмақ.

130d5cf5-d95a-41c3-a78e-80ceba5d77f8

Арсен Есет Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне, Ислам Тулегенов пен Мухаммед Кушумов Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне, ал Нүркен Ергалиев Орал қаласындағы Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түсті. Шәкірттерінің жетістігі бапкерінің еңбегін ақтап, мерейін бір тасытты.

98784e54-73ae-4ef1-88a6-7890c8fa59a7

Жаттықтырушы шәкірттерінің ата-аналарымен ақылдаса келе, балаларды өзге қалалардағы спорт мектептеріне оқуға түсіруді ұйғарған.

- Бұл оқу орындарының емтихандары оңай емес. Өзіміздің БҚО-дан теректіліктер ғана түсіп тұр. Ақтау, Қызылорда, оның ішінде Арал, Жезқазған, Қарағандыдан келген оқушылар да болды. Астанада өткен емтиханға 25 бала қатысып, оның алтауы өтті. Біреуі – менің оқушым, Жайық ауылынан. Ал Алматыда 40 адам қатысып, 10-ы ғана оқуға түсті. Екеуі – менің шәкіртім, біреуі Жайық ауылынан, екіншісі – Долин ауылынан. Бір оқушым Оралға оқуға түсті. Жыл сайын шәкірттерімді тек Оралға апаратынмын, бұл жолы үлкен қалаларға аяқтай барып, оқуға тапсырып тұрмыз. Жаз бойы оқушыларым демалмастан дайындалды. Дайындық аптасына үш рет, екі сағаттан болды. Соның нәтижесінде емтихан тапсырғанда балалар қиналған жоқ. Балалардың көбісі жазғы демалыста жаттықпай, демалып қалады. Олардың жаттығуды үзбегенін қалаймын, - деді бапкер. Ол сөз арасында жас кезінде өзі де үлкен қалаларға оқуға түсуді армандағанын жеткізді.

Жас спортшылардың қанатын қатайтуға тікелей атсалысқан Айдын Нұрланұлына алғыс білдіре отырып, жас жерлестерімізге үлкен спорт жолында биік белестерді бағындыруын тілейміз.

Қ. Аманжолқызы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале