Самарқандта Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) Бас ассамблеясында президент сайлауы мәресіне жетті. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлайды.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі
Екінші турда бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандпен бір командада сайлауға түскен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жеңіске жетті. Шешуші кезеңде 110 делегат дауыс берсе, Вадим Розенштейнге 85 дауыс берілді. ФИДЕ тарихында алғаш рет ұйымды Қазақстан өкілі басқарады, ал Вишванатан Ананд президенттің орынбасары лауазымын иеленеді.
Делегаттар бюллетень алмас бұрын кандидаттардың үшеуі де сөз сөйледі. Сөз кезегі дауыс беру парақшасындағы үміткерлердің әліпби реті бойынша берілді. Алғашқы болып WR Chess шахмат командасының негізін қалаушы Вадим Розенштейн және оның тізімдегі серіктесі, сингапурлық кәсіпкер Гордон Танг сөз алды. Екінші болып британиялық шахмат қайраткері Малкольм Пейнмен бірге сайлауға түскен неміс кәсіпкері Ян Хенрик Бюттнер баяндама жасады. Сөз кезегін Тимур Турлов түйіндеді. Үміткерлердің әрқайсысы жеңіске жеткен жағдайда ФИДЕ-нің келешек даму бағытын қалай көретінін таныстырды.
Тимур Турлов Өзбекстанға, Өзбекстан шахмат федерациясына, Президент Шавкат Мирзиёевке және Премьер-министр Абдулла Ариповқа Олимпиада мен конгресті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол сайлауалды науқан барысында Қазақстан, Коста-Рика, ОАР, Әзербайжан, Германия, Эфиопияда және Самарқандта күн сайын делегаттармен кездескенін еске салды.

«Президент жақсы да, жаман да, күрделі де, қарапайым да кез келген сұраққа ашық жауап беруге дайын болуы тиіс. Ашық пікірталас — осы қызметтің ажырамас бөлігі. ФИДЕ ең алдымен өзінің ұлттық федерациялары мен шахматсүйер қауым үшін өмір сүреді. Ал шахматтың маңызы тек чемпиондар мен турнирлермен шектелмейді. Өйткені ол бұқаралық деңгейден басталатын өркендеу жолы, мектептегі шахмат үйірмесіне алғаш қадам басқан бала, сондай-ақ өз құрамасын Олимпиадаға жіберуге ұмтылған шағын федерацияның тыныс-тіршілігі», – деді Тимур Турлов.
Ол қазақстандық тәжірибеге де арнайы тоқталды. «Қазақстан ұзақ уақыт бойы Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір болып келеді. Түрлі мүдделері бар әртүрлі көршілермен қатар өмір сүре отырып, біз тәуелсіздігіміз бен игілігіміз үшін тату қарым-қатынас орнатудың, пікіралшақтығын еңсерудің және қауымдастықты біріктірудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті.
Турлов Қазақстан шахмат федерациясының 2023 жылдан бергі атқарған жұмыс нәтижелерін де тілге тиек етті. «Білім берудегі шахмат» жобасы 42 мектептен 2,5 мыңнан астам мектепке дейін кеңейді, қазақстандық шахматшылар жүздеген медаль жеңіп алды, әйелдер құрамасы Будапештегі Олимпиадада күміс жүлдені еншіледі, елде әлем чемпионы атағы үшін матч, рапид пен блицтен әлем чемпионаты және басқа да көптеген халықаралық турнирлер өтті. «Бүгінде шахмат Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің біріне айналды. Оны мемлекет, демеушілер, бизнес өкілдері жоғары бағалайды және оның әлеуметтік маңызы өте зор. Бұл – тәжірибеде дәлелденген нәтиже, мен дәл осы тәжірибені ФИДЕ-ге енгізгім келеді», – деді ол.
Жаңа ФИДЕ президенті ұсынған басты бастамалардың бірі – төрт жылға арналған көлемі 28 миллион долларды құрайтын Даму қорын құру. Бұл қаражатты бөлу ұлттық федерациялармен бірлесе жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тимур Турлов ұлттық федерациялардың демеушілер мен үкіметтер алдындағы беделін арттыру мақсатында жылына 1,5 миллион доллар, яғни өкілеттік мерзімі ішінде 6 миллион доллар бөлінетін Медиақор құруды ұсынды. Сонымен қатар, Турлов ФИДЕ-ні заманауи цифрлық ұйымға айналдыруға және жаңа жаһандық серіктестерді тартуға уәде берді: «ФИДЕ бизнеске айналмауы тиіс. Серіктестік біздің ары қарай дамуымыз үшін қажет», – деп атап өтті ол.
Сайлау нәтижесі жарияланғанға дейін-ақ Турлов қарсыластарына қол созды. «Вадим, Ян Хенрик және менің көзқарастарымыз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың бағдарламаларында жалғастыруға тұрарлық сапалы идеялар бар. Сайлаудан кейін мен қисынды әрі пайдалы бағыттарда бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Сайлау науқаны бүгін аяқталады, ал шахматтағы жұмысымыз тоқтамайды», – деді ол.
Сөзінің соңында Турлов «әркім сенім арта алатын тірі аңыз әрі нағыз кәсіби маман» Вишванатан Анандпен бірге сайлауға түскенін үлкен мақтаныш көретінін айтып, сөз кезегін серіктесіне берді.
Ананд өз сөзін естеліктерден бастады. «Бала кезімде Ченнайда шахмат ойнауды үйреніп жүргенімде, шахмат әлемі мүлдем басқаша еді. 1988 жылы Үндістанның алғашқы гроссмейстері атанғанымда, біз үлкен әлемге жол ашқандай болдық. Бұл тәжірибе маған ең басты нәрсені үйретті: талант кез келген жерде бар, ал мүмкіндік бәрінде бірдей емес. Шахмат дәл осы мәселені шешуі тиіс», – деді бес дүркін әлем чемпионы.
Сайлаудағы серіктесі туралы Ананд былай деді: «Мен Тимур Турловты бұл науқанға дейін де білетінмін, оның шахматқа қаншалықты оң көзқараспен, жауапкершілікпен қарайтынынан хабардар едім. Ал осы айларда оның қалай жұмыс істейтініне өз көзіммен куә болдым. Ол тыңдай біледі, федерацияларға нақты не қажет екенін түсінуге ұмтылады, ал міндеттеме алған кезде нәтижеге толық жауап береді. Менің бүкіл кәсіби өмірім шахматта өтті, ал Тимур Турлов халықаралық бизнес, технологиялар мен ірі ұйымдарды құру тәжірибесін ала келді. Біздің тәжірибеміз бір-бірін толықтырады». Ананд федерацияларға өз дауысын білдіруге, жаңа құралдарға, көбірек мүмкіндіктерге ие болуға, ФИДЕ қаражатының жұмсалуында ашықтықты қамтамасыз етуге және берілген уәделердің орындалуын талап ету құқығына кепілдік берді.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де жасырын дауыс беру басталды. Делегаттар дауыс беру жәшігіне әліпби ретімен шақырылды. Орталық Азияның жүрегі саналатын әрі Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан Қазақстанның тура сағат 11:30-да, яғни дауыс беру процесінің тап ортасында шақырылуында үлкен символдық мән бар еді.
Бірінші турда 196 делегат дауыс берді. Тимур Турлов 96 дауыс, Вадим Розенштейн 76 дауыс, Ян Хенрик Бюттнер 20 дауыс жинады, ал тағы төрт бюллетень жарамсыз деп танылды. Осылайша, Тимур Турлов жарамды дауыстардың дәл 50%-ын иеленді, ал ФИДЕ регламенті бойынша бірінші турда жеңіске жету үшін 50% плюс бір дауыс қажет еді. Қазақстандық кандидатқа бар болғаны бір-ақ дауыс жетпей қалды, соған байланысты ең көп дауыс жинаған екі кандидат – Тимур Турлов пен Вадим Розенштейн екінші турға өтті. Екінші турдың қорытындысы бойынша қазақстандық кандидат қарсыласының 85 дауысына қарсы 110 дауыс жинап, жеңіске жетті.
Дауыс беру барысында Тимур Турлов қазақстандық журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Әрине, біз өте қатты толқып отырмыз. Алдымызда барлық білімімізді, талантымызды, күш-жігерімізді және, әрине, жауапкершілікті талап ететін үлкен де қызықты жұмыс күтіп тұр. Биік белестерге ұмтылу менің өмірлік ұстанымым. Десе де, бүкіл әлемдегі 204 федерация үшін жауапкершілік алу мен үшін алғашқы тәжірибе», – деп атап өтті ол.
Турлов жаңа қызметтегі басты міндеті ретінде шахмат қауымдастығын біріктіруді атады. «Мен ФИДЕ жұмысына қазақстандық ұстанымды енгізгім келеді: әркіммен өзара құрмет негізінде тіл табысып, тіпті ең күрделі мәселелердің өзіне оң шешім табу. Екі жүзден астам федерациясы бар ортада түрлі көзқарастардың болуы – табиғи заңдылық. Еліміз бұл бағытта үлкен нәтижелерге қол жеткізіп келеді деп есептеймін. Мен Мемлекет басшысының дипломатиялық қарым-қатынастарды қалай құратынынан үлгі алуға тырысамын. Дәл осы тәсілді ФИДЕ деңгейінде де қолданғым келеді», – деді ол.
Турлов өз жұмысының басты нәтижесі ретінде шахматты Олимпиада бағдарламасына жақындатуды санайды. «Мен осы төрт жыл ішінде әрбір федерация оң өзгерісті анық сезінгенін қалаймын. ФИДЕ әлдеқайда цифрлық, кәсіби ұйымға айналып, оның беделі одан әрі асқақтай түсуі тиіс. ФИДЕ осы тарихи әрі заманауи ойынның көшбасшысы әрі басты реттеушісі ретінде танылуы керек», – деп атап өтті ол.
Енді Тимур Турлов пен Вишванатан Анандтың алдында осы бағдарламаны өмірде жүзеге асыру үшін төрт жыл уақыт бар.