Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен мүгедектігі бар адамдар арасында спорттық іс-шара өтті.

Қайырымдылық айлығы аясында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жандарды спортқа тарту және белсенді өмір салтын қалыптастыру.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Жарыс барысында спортшылар асық ату, қол күресі, гір көтеру, үстел теннисі және дойбы түрлерінен өзара сайысып, өз ептіліктері мен күш-қайраттарын көрсетті. Дода қорытындысы бойынша жүлделі орын алған жеңімпаздар мен барлық белсенді қатысушы арнайы марапатталды.
Сара Әділ,
Шыңғырлау ауданы