Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетін жаңғырту жобасының барысымен танысты.

Қазіргі таңда жоба 65 пайызға жуық орындалды. Нысанда 152 адам мен 37 техника жұмылдырылып, жұмыс тәулік бойы екі ауысымда жүргізілуде. Бас мердігер – «QSM Engineering» компаниясы. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бүгінде нысанның барлық учаскесінде жұмыстар қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, монолит құю, дәнекерлеу, құрылымдарды монтаждау, тас қалау, электр желілері мен ток жүйелерін тарту, су құбыры мен жылу жүйелерін жүргізу, жол салу, абаттандыру және әрлеу жұмыстары атқарылуда.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін өткізу бекетінің өткізу қабілеті едәуір артады. Тәулігіне шекарадан өтетін адам саны 6 мыңнан 10 мыңға, көлік саны 3 мыңнан 5 мыңға дейін ұлғаяды. Қолданыстағы 6 жолақтың орнына 14 жолақ салынып, қажетті әкімшілік ғимараттар бой көтереді және заманауи рентгендік тексеру жабдықтары орнатылады.

Жоба аясында өткізу бекетіне кіреберіс жолдарды ретке келтіру де қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көпірдің жай-күйі назарға алынды. Ұзындығы 42 метр болатын көпірдің 35 метрі Қазақстан, 7 метрі Ресей аумағында орналасқан. Аймақ басшысы көпірді жөндеу мәселесін тиісті тараптармен пысықтауды тапсырды.

Құрылыс барысын қарап шыққан облыс әкімі тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға жұмысты бәсеңдетпей, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі