Бүгін Бөкей ордасы аудандық пошта торабында жазылым науқанының басталуына орай ашық есік күні өтті. Науқандық шара "Қазпошта" АҚ аудандық торабының басшысы Алтынай Әбуованың құттықтау сөзімен ашылды. Филиал басшысының орынбасары Шолпан Хайрушева облыстық, аудандық газеттердің тұрақты оқырмандары мен аудандық білім беру бөлімі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің өкілдеріне жазылым науқанындағы белсенділіктері үшін алғысын білдірді.

Аудандық "Орда жұлдызы" газетінің редакторы Ұлпан Жакина да сөз алып, шара маңызына тоқталды.
- Ең алдымен Алтынай Әбікенқызы бастаған пошта ұжымын кәсіби мерекемен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, қызметтердің ізге табыс тілеймін. Газет пен пошта егіз ұғымға айналғалы қашан?!.. Жазылым науқанында ойлаған межеден шығып, сіздердің табысыңыз, біздің тиражымыз еселене берсін. Шыны керек, жылдан-жылға жазылым мәселесі қиындап келе жатыр. Біздің тұрақты авторларымыз да, жазылушыларымыз да осы аға буын өкілдері. Осы отырған ағалардың қай-қайсы да редакция үшін ыстық. Ғиният Есенғалиев атамыз үйлесімді тақырып, ұтымды теңеуімізді қалт жібермейтін көзі қарақты оқырман болса, Жарылғасын Өтешқалиев ағамыз газеттің штаттан тыс корректоры, бюджеттің есеп-қисабынан мүлт кеткен үтірді, артық қойылған 0-ді байқап қалатын аңғарымпаз, ал Бектас Бекжанов газетіміздің тұрақты комментаторы, -деп, оқырман қауымға алғысын, ашық есік өткізіп, жазылым науқанына орай шара өткізген пошта торабының ұжымына алғысын білдірді.
Өз кезегінде сөз алған қоғамдық кеңес төрағасы Қуаныш Елемесов газет атауын "Бөкей елі" деп ауыстыру туралы ұсынысын білдірді.
Ұйымдастырушылар шараға қатысушыларды құр қол қайтармады. Сый-сыяпатымен қоса, тәтті фуршет тек ұйымдастырылды.
Анар Артықбай