Қазан айының 14-і күні аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысы мүдектері ерікті қоғамы қоғамдық бірлестігінің Қаратөбе аудандық филиалының конференциясы оздырылды.

Конференцияға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, облыстық әлеуметтік сала мамандары, аталмыш қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Жәнібеков, ауылдық округ әкімдері, округтердегі әлеуметтік қызметкерлер мен аудандығы қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияның күн тәртібінде екі мәселе қойылды. Бірінші мәселе бойынша: Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы қоғамдық бірлестігінің Қаратөбе аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Жәнібековтың қоғамдық бірлестікте атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Еркінбек Ғаббасұлы аудан әкімінің, аудандағы мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың қолдау көрсетуімен бірлестікте есепті кезеңге дейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады.
Хабарламашы: Е.Жәнібеков аудандық филиалда біраз жұмыстардың атқарылғандығы туралы әңгімелеп, тындырылған игі істердің әлеуметтік қызметкерлер тарапынан әлеуметтік желілер мен аудандық басылымда насихаттау жұмыстарының төмендігін назарға салды.
– Қайырымдылық – әр азаматтың негізгі парызы. Бірлестіктің мақсаты мүгедектігі бар адамдарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы бағытта аудандағы мекемелер ұжымдары мен қоғамдың ұйымдар өкілдерінің қолдауымен көптеген түрлі іс-шаралар оздырылды. Мүгедектігі бар адамдардың арасынан өнерге, спортқа жақын, білімге құштар жандарды танылып жатыр.
Білім, мәдениет, спорт және тағы да басқа салалар бойынша түрлі іс-шараларды көбірек ұйымдастырып, сол арқылы олардың қабілеттерін зерделеуіміз керек. Одан олардың жан-жақты қабілеттіліктері анықталады.

Қарияларымыз бен мүгедектігі бар адамдарға, отбасы аз қамтылған азаматтарға, облыс орталығы Орал қаласындағы қарттар үйі және тағыда басқа әлеуметтік орындарға барып іс-шаралар өткізіп, филиал тарапынан көмек беріп келеміз, - деді аудандық филиалдың төрағасы Еркінбек Ғаббасұлы.
Филиал төрағасы Е.Жәнібековтың есепті кезеңге дейінгі атқарған жұмыстарына оң баға берген Жусандыой ауылдық округінің әлеуметтік қызметкері Жаңылсын Есқалиева округтегі әлеуметтік сала бойынша атқарылған іс-шараларға қолдау көрсеткен аудан әкімі Қ,Сүйеуғалиевке округ әкімі Б.Бақытжановқа және аталмыш филиал төрағасы Е.Жәнібековке ризашылығын білдірді.
Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанұлы аудандық филиалдың төрағасы Еркінбек Жәнібековке облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын табыстады.
Конференция барысында сөз алған Жұмажан Қожжанұлы мүгедектігі бар адамдарға Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға және аталмыш қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаттарына тоқталып өтті. Сонымен қатар Ж.Қожжанұлы ауданда көрініс тапқан біраз өзгерістерге ризашылығын білдіріп, оның еселі еңбектің жемісі екендігін алға тартты.
Конференцияның күн тәртібіндегі екінші мәселе: Аудандық филиалдың төрағасын сайлау бойынша сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Қожахметов филиал төрағалығына Еркінбек Жәнібековтың кандидатурасын ұсынды. Ұсыныс бір ауыздан мақұлданып, аудандық филиалдың төрағасы қызметіне қайтадан Еркінбек Жәнібеков сайланды.
Конференция жұмысын қорытындылаған аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы аудандағы қоғамдық ұйымдарға басшылық жасап жүрген аға ұрпақ өкілдеріне, Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанұлына ризашылығын білдіріп, жаңадан сайланған аудандық филалдың төрағасы Еркінбек Жәнібековты құттықтап, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Ерболат Райсов
Қаратөбе ауданы