Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов дзюдодан әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваны қабылдап, аудан жұртшылығы атынан ерекше құрмет көрсетті.

Жиынға чемпионның атасы Силыбай Сұпығалиев пен жеке жаттықтырушысы, әкесі Алтынбек Сұпығалиев қатысты.

Аудан басшысы қазақ қыздары арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған спортшының еңбегін атап өтіп, тұлпар мінгізді.

Еске сала кетейік, Фатима Сұпығалиева 2026 жылғы 22 тамызда Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақта топ жарып, финалда украиналық Ксения Кирильчукті тізе бүктірген болатын. Бұған дейін спортшыға БҚО көлемінде де пәтер кілті мен 3 миллион теңгенің сертификаты табысталған еді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы