Бөрлі аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен дене шынықтыру пәні педагогтерінің кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық әлеуетін арттыру және озық педагогикалық тәжірибені насихаттау мақсатында «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2026» аудандық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Байқауға Ақсай қаласы мен аудан мектептерінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері қатысып, өздерінің кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Креативті педагог» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, еңбек жолы, кәсіби жетістіктері, педагогикалық ұстанымдары мен шығармашылық ізденістері туралы баяндады.
«Заманауи дене шынықтыру сабағы» атты екінші кезеңде педагогтер өздеріне бекітілген басқа сыныптарда сабақ өткізіп, әдістемелік шеберліктерін, заманауи оқыту тәсілдерін қолдану және оқушылармен тиімді жұмыс жүргізу дағдыларын көрсетті.
Ал «Үздік спорттық-бұқаралық іс-шара» атты үшінші кезеңде қатысушылар ерекше спорттық шараларын ұсынып, жаңашыл идеялары мен ұйымдастырушылық қабілеттерін танытты. Іс-шаралар арқылы оқушылардың спортқа қызығушылығын арттыру, командалық рухты қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелеріне басымдық берілді.
Шара соңында қазылар алқасы байқау қорытындысын шығарып, үздік қатысушыларды анықтады.
Байқауға қатысқан барлық педагогтерге белсенділіктері мен кәсіби ізденістері үшін марапат алды.

Қорытынды бойынша Ақсай қаласы №3 ЖОББМ мұғалімі Ислам Сагиналиев үздік шығып, бірінші орынды еншіледі.

Екінші орынды Ақсай қаласы №1 ЖОББМ мұғалімі Махамбет Орынбасаров алса, үшінші орынға Ақсай қаласы №6 МЛ ұстазы Ерлан Хайбалдиев Ерлан лайық деп танылды. Жүлдегерлерді Бөрлі аудандық білім саласы кәсіподағының төреайымы Әлия Байниязова мапараттап, естелік сыйлықтар ұсынды.
Мейрамбек СЫДЫҚОВ,
Бөрлі ауданы