17.10.2026, 23:00
Оқылды: 2

Тарихы терең, тағылымы мол Саралжын ауылының құрылғанына 65 жыл

Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын совхозының құрылғанына 65 жыл толуына орай «Тарихы терең – Саралжын» атты мерейтойлық шара ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (28)

Туған өлкенің өткенін ұлықтап, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсеткен тағылымды мереке ауыл тұрғындары мен қонақтарын ортақ қуанышқа бөледі.

Әр ауылдың өз шежіресі, өзіне тән тағылымды тарихы бар. Сол тарихтың әр парағында туған жердің өркендеуіне үлес қосқан еңбек адамдарының ізі, маңдай тері мен қажыр-қайраты жатыр. Саралжынның да 65 жылдық тарихы – бірнеше буынның өмір жолы, еселі еңбегі мен елге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.

Батыс Қазақстан облысы совхоздары басқармасының 1961 жылғы 3 қарашадағы №168 шешімімен «Аққозы» совхозының №5 фермасы мен «Қалдығайты» совхозының №5 фермасы негізінде Саралжын қой совхозы құрылған болатын. Алғашқы екі ферма Сәуле және Қарақамыс елді мекендеріне орналасып, шаруашылықтың орталығы Қарақамыс ауылы болып белгіленді. Содан бері талай белесті артқа тастаған Саралжын уақыт ағымымен бірге түлеп, өзіндік болмысын, ұлттық дәстүрі мен ауылдық тіршіліктің қадір-қасиетін сақтап келеді.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (22)

Мерейтой аясындағы алғашқы шаралардың бірі ауылдың бүлдіршіндері мен жастарына арналды. Ауыл тұрғындары мен жастардың қолдауымен жүзеге асқан «Айналайын» балалар ойын алаңы мен жастар мұз айдынының ашылу салтанаты өтті. Игі бастаманың басты мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтуға, олардың жан-жақты дамуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасау.

Салтанатты рәсімге ауыл тұрғындары мен мерейтой қонақтары қатысты. Ойын алаңының ашылуында Саралжын ауылдық округінің әкімі Дәулет Оразақаев пен «Аманбол» шаруа қожалығының жетекшісі Амангелді Мырзағалиев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл халқын мерейтойымен құттықтады. Одан кейін еңбек ардагері Зарлық Мусин мен Амангелді Мырзағалиев балалар ойын алаңы мен мұз айдынының лентасын қиды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, жиналған жұртшылықтың қуанышына ортақтасты. Айтулы шарада Орал қаласынан арнайы келген дәстүрлі әнші Қайрат Какимов Мұхиттың «Жантелім», «Дамалыс» әндерін әуелетсе, аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Нұржан Салауат «Атамекен-ай» әнін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ ауыл кәсіпкері Ақбазар Есболқызының бүлдіршіндерге арналған тәтті тартуы үлестірілді.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (24)

Туған жердің көркеюіне бағытталған келесі игі іс совхоздың 65 жылдығына орай 65 түп көшет отырғызу рәсімі болды. Бұл бастама ауылдың жасыл желегін молайтып қана қоймай, келер ұрпаққа туған жерді аялаудың, табиғатты қорғаудың жарқын үлгісін көрсетті.

Мерейтой қонақтары бұдан кейін Б. Қаратаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің «Қасиет» мұражайымен танысты. Білім ордасындағы мұражай – өлке тарихын танытып, өткеннің өнегесін кейінгі буынға жеткізетін рухани қазына.

Еңбекпен өрілген ел тарихы

Мерейтой бағдарламасындағы маңызды шаралардың бірі – «Еңбекпен өрілген ел тарихы» атты кездесу кеші. Саралжынның қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту кездесудің негізгі мақсаты болды.

Кездесу барысында ауылдың өткені мен бүгіні сабақтастырылып, совхоздың құрылу кезеңдері, шаруашылықтың дамуы және сол жылдардағы еңбек адамдарының өмір жолы сөз болды. Кеш қонақтары 1986-1993 жылдары Саралжын совхозының директоры болған Зарлық Мусин, ауылда инженер болған Аманқауыс Исағалиев, Сәуле ауылында механизатор болған Ермек Лұқпановтың қатысуымен ауыл тарихына қатысты тағылымды әңгіме өрбіді. Көрерменге ұсынылған деректі фильм өткен күндердің естелігін жаңғыртып, ауылдың еңбек шежіресін еске түсіруге мүмкіндік берді.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (17)

Кездесу барысында ауылдың алғашқы қалыптасу кезеңдері, еңбек жолын енді бастаған жастардың өмірі, сол кездегі шаруашылықты ұйымдастырудың ерекшеліктері мен ауылды өркендетудегі азаматтардың рөлі жөнінде әңгіме өрбітуге басымдық берілді. Сондай-ақ бүгінгі жас буынға қандай қасиеттер қажет екені, елге қызмет етудің мәні мен еңбек тәрбиесінің маңызы төңірегінде ой қозғалды.

Басқосу барысында мерейтойды өткізуге атсалысқан азаматтарға ұйымдастырушылар тарапынан алғысхаттар табысталып, ақын Талап Таймасұлының «Саралжын – дүр мекен» кітабы сыйға берілді.

Кездесу кеші «Мөлдір бұлақ» жобасының жас домбырашылары тартқан «Адай» күйімен және «Саралжын – құт мекен» әнінің орындалуымен жалғасты. Ұлттық өнер мен туған жерге арналған ән ауылға деген ыстық ықыласты айшықтап, мерекенің мазмұнын байыта түсті.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (16)

Ел бірлігі – мерейтойдың өзегі

Мерейтойдың думанды бөлігі «Көктөбе» алаңында ұйымдастырылған ұлттық ойындар мен дала қызықтарына жалғасты. Саралжын совхозының 65 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев құттықтау сөз сөйледі. Ғабит Талаптанұлы мерейтойдың мәні өткенді еске алумен ғана шектелмей, ауылдың бүгінгі жетістіктерін бағалап, келешекке сеніммен қарау екендігін атап өтіп, ауыл халқын мерекемен құттықтады.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (11)

Дала төсіндегі думан барысында ауылдың мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, ел игілігі жолында атқарылған жұмыстарға үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында «Айналайын» балалар ойын алаңының салынуын ұйымдастыруға белсенді атсалысқан ауыл белсендісі Рахат Болатұлы, мұз айдынының жасалуына үлес қосқан жас белсенді Жасұлан Қылышұлы, ауылдың тазалығы мен көркеюіне еңбек сіңіріп жүрген ақылы қоғамдық қызметкер Түгелбай Жаңғұттыұлы және балалар ойын алаңына демеушілік көрсеткен ауыл белсендісі Жаңғазы Орынбасарұлы бар.

Мерекелік кеш мәдени концертке ұласып, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Туған жерге деген сүйіспеншілік өнер арқылы өріліп, ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Дала думаны – ұлттық дәстүр жалғасы

«Көктөбе» алаңында өткен ат жарыс, тай жарыс, ерлер арасындағы арқан тартыс, бағанаға шығу және балалар мен қыздар арасындағы қапшық киіп жарысу сайыстары өтті.

Ұлттық ойындар ауыл тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын оятып, мерекеге ерекше серпін берді. Ат жарыс пен тай жарысқа қатысушылар жүйріктерінің бабын байқатса, арқан тартыс қатысушылардың күш-қайратын, ептілігі мен ұйымшылдығын сынға салды. Жарыстардың жүлде қоры да қатысушыларға ынталандыру болды.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (4)

Дала ойындары тай жарысымен басталып, дүбірлі додаға Саралжын ауылынан 10 тай қатысты. Тай бәйгесінен І орынды Олжас Гайсиннің «Томирис» атты сәйгүлігі иеленді. ІІ орынды Ерасыл Құдайбергеннің «Адиат» атты тайы иеленсе, ІІІ орын Азамат Әсемовтың «Көкбастау» атты тайына бұйырды. Тай бәйгесінде жүлде алғандарға 50 мың, 30 мың, 20 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді.

Тай жарысынан соң кезек аламан бәйгеге келді. Шашасына шаң жұқпаған тұлпарлар 15 шақырым қашықтықты шауып өтті. Бәйгенің қорытындысында І және ІІІ орындарды ауыл азаматы Жанғазы Исмагуловтың «Граф», «Байқара» атты сәйгүліктері иеленді. Ал ІІ орынға Амангелді Мырзағалиевтің «Қауырсын» атты сәйгүлігі табан тіреді. Аламан бәйгесінде жүлде алғандарға 100 мың, 70 мың, 50 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Көпшілік көзайымына айналған арқан тартыс ойынында І орынды ауылдың 1995 жылғы жігіттерінен құралған команда иемденді. Ер балалар арасында өткен қапшық жарыста І орынды Жансерік Тілектесұлы иемденсе, қыз балалар арасында І орынды Айша Орынбай иеленді. Ал бағанаға шығу сайысында Ермұхаммед Еленбай жеңімпаз атанды.

WhatsApp Image 2026-10-17 at 22.41.51 (5)

Мәдени-көпшілік шараға шақырылған қонақтарға киіз үйде демеушілердің көмегімен әзірленген қонақасы ұсынылды.

Серікбай Жәлелұлы, 

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале