18.10.2026, 17:30
Оқылды: 3

Шыңғырлауда ұлттық спортты ұлықтаған ашық турнир мәресіне жетті

Қазақстан Республикасы күніне орай Шыңғырлау ауданында арқан тартыстан өткен «Almaz Cup» ашық турнирі өз мәресіне жетті.

IMG-20261018-WA0059_edit_21441566073902

Алмаз ауылы азаматтарының бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған дүбірлі додаға облыс аудандары мен Орал қаласынан, сондай-ақ Маңғыстау облысынан келген 20 команда қатысып, 300-ден астам спортшы бақ сынады.
Ұлттық спортты дәріптеп, бұқаралық спорттың дамуына серпін берген жарыс қатысушылардың күш-жігері мен төзімділігін, ұйымшылдығы мен командалық рухын сынға салды. Арқан тартыс – тек күш сынасатын сайыс емес, әр қатысушыдан табандылықты, ептілікті және ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуді талап ететін спорт түрі.

IMG-20261018-WA0067_edit_21433950003801
Жарыстың қорытындылау рәсіміне аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысып, турнирдің нәтижесін түйіндеді. Аудан басшысы жарысқа қатысқан командаларға алғысын білдіріп, ұлттық спортты дамытуда осындай бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, спортшыларға алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
Тартысты сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Алмаз» командасы иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орын «Босаңдық» командасына, ал үшінші орын «Көктөбе» командасына,төртінші орын "Жұлдыз" командасына  бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, турнирге қатысқан командаларға құрмет көрсетілді.
"Almaz Cup" ашық турнирі спорттық бәсекемен қатар, ел бірлігі мен ауыл азаматтарының бастамашылдығын танытқан тағылымды шара болды. Мұндай жарыстар ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырып, жастарды салауатты өмір салтына баулуға, ауылдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

IMG-20261018-WA0061_edit_21426743679950
Қазақстан Республикасы күніне орай ұйымдастырылған бұл дода бірлік пен жігердің, татулық пен табандылықтың жарқын үлгісіне айналды. Алдағы уақытта «Almaz Cup» турнирі дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ұлттық спорттың өрісін кеңейте түседі деген сенім мол.

Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале