22.10.2026, 15:30
Оқылды: 12

Таңба сызықтары өшіп қалған, жүргізуші куәлігінен айырылу қаупі бар: кім кінәлі - жүргізуші әлде жол қызметі ме?

Күн суытып, қар жауып, жол лайланғанда жол таңбалары көрінбей қалуы мүмкін. Жүргізуші тұтас сызықты байқамай қалуы немесе қозғалыс сызбасын дұрыс бағаламауы ықтимал, бірақ бұл әрдайым полиция тарапынан қойылатын талаптардан құтқармайды. Tengri Auto заңгерлерден мұндай айыппен келіспеуге бола ма және нашар көрінетін таңба үшін куәліктен қалай айырылып қалмау керектігін анықтап көрді.

бурлин дорога жол
Сурет: сайт архивінен 
Мүлдем өшіп кеткен

Азаматтық, еңбек, әкімшілік және қылмыстық құқық саласына маманданған қазақстандық адвокат Әмір Әкімжанов жақында Павлодар облысы Ақсу қаласында болған оқиғаны бөлісті.

Алты жолақты жол жасыл "аралшықпен" бөлінген. Жол үзілген тұста жүргізуші бір үш жолақты бөліктен екіншісіне бұрылған. Полиция қызметкерлері бұл маневрді тұтас сызықты кесіп өту және қарсы бағытқа шығу деп бағалаған. Нәтижесінде жүргізуші алты айға жүргізу куәлігінен айырылды.

 "Жағдайдың қисынсыздығы сонда - бұл учаскеде жол таңбасы өшіп қалған немесе мүлдем жоқ, бірақ полиция қызметкерлері оны кесіп өткені үшін (1.1 тұтас сызығы) хаттама толтырып үлгерген. Оның үстіне, ол жерде жалғыз тұтас сызық сызылған, ал негізінде әр бағытта үш жолақтан болғандықтан, көлік ағынын бөлу үшін қос тұтас сызық болуы керек еді", - деп заңгер өз тәжірибесінен мысал келтірді.

Әмір Әкімжанов "Жол жүрісі туралы" заңның 53-бабына сүйеніп: мемлекеттің жауапкершілігі жүргізушінің жауапкершілігінен жоғары екенін атап өтті.

"Алдымен мемлекет тиісті жағдай жасауға міндетті, керісінше емес. Егер белгілер мен таңбалар жоқ болса немесе МЕМСТ (ГОСТ) талаптарын бұза отырып сызылса, жүргізуші олардың талаптарын физикалық тұрғыдан сақтай алмайды", - деп есептейді құқық қорғаушы.

Әмір Әкімжанов оның клиенті тек солға бұрылуға тыйым салатын жол белгісінің талабын ғана бұзғанын, ал бұл мүлдем басқа бап (ӘҚБтК 610-бабы) және мүлдем басқа жауапкершілік екенін айтады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар қорғаушының уәждерімен келіспеді. Заңгер шешімді Жоғарғы сотқа шағымдануға ниетті.

Көріну коэффициенті төмен

Тағы бір қазақстандық заңгер - Алексей Божков өз тәжірибесінде осыған ұқсас екі жағдайға тап болған. Бірінші жағдайда Өскемен көшелерінің бірінде қозғалыс сызбасы өзгерген (бір бағытта бір жолақты алып тастап, екінші бағытқа қосқан). Жүргізуші қиылыстан өткен соң бағдарды дер кезінде түсінбей, айыпты болып қалған. Полицейлер қарсы бағытқа шыққаны үшін хаттама толтырған.

Іс сотқа жеткенде, жүргізушінің қорғаушысы: жол таңбасы көрінбейді, сондықтан жүргізуші жолдың ені мен көліктің габариттеріне сүйенгенін алға тартты.

ТКШ бөлімінің өкілі сот талқылауы кезінде таңбаның "тек кей жерлері ғана байқалатынын, қос тұтас сызықтың біртекті еместігін, көріну коэффициентінің төмен" екенін мойындады.

Бірінші сатыдағы сот мынадай шешім шығарды: егер жол таңбасы қар, лай және т.б. себептермен нашар көрінсе, онда соған сәйкес жол белгілері орнатылуы тиіс. Сонымен қатар, полицейлер ұсынған бейнежазбадан жүргізушінің қарсы бағытқа шыққаны көрінбейді. Сондықтан іс бойынша өндіріс тоқтатылды.

Екінші жағдай да Өскеменде, бірақ басқа көшеде болған. Ол кезде қардың кесірінен таңба көрінбеген және "жолақтар бойынша қозғалыс" белгісі де болмаған.

"Орынды пайым жеңіп, шешім жүргізушінің пайдасына шықты. Менің ойымша, мұндай жағдайларда полиция іске формалды түрде қарайды. Олар материал жинап, жағдайды анықтап, кінәсіздік презумпциясын қолдануы керек. Бірақ бізде көбіне қалай болады? Таңба анық көрінбесе де, "ол бар сияқты ғой!" дейді. Белгіні ағаш жауып тұрса да, "ол бар ғой" дейді. Жүргізуші ретінде өз басымда да сондай жағдай болған: Өскемен - Семей тасжолында келе жатырмын, ешқайда бұрылған жоқпын. Полицейлер тоқтатып, "тұтас сызық арқылы басып оздың" дейді де, маған басқа бір көліктің сәл ғана шығып, қайта кірген видеосын көрсетеді! Менің орнымда зейнеткер болса, сасып қалып, хаттамаға қол қойып, куәлігінен айырылып кете берер еді", - дейді Алексей Божков.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

Алексей Божков түсіндіреді:

- Айталық, жүргізушіні тоқтатты, ал ол стресс алып, сөйлесуден қорқып тұр. Жүргізуші хаттамаға ойланбай қол қойып жібермеуі үшін, біріншіден, ЖҚЕ (ПДД) саласына маманданған адвокаттың немесе заң кеңесшісінің нөмірі жанында болғаны абзал. Тіпті сол адвокаттың немесе кеңесшінің оқиға орнына келгені дұрыс.

Екіншіден, полицейлер әдетте мұндай кезде оқиға сызбасын жасайды: дәл сол тұтас сызықты кескен, белгіні сақтамаған немесе қарсы бағытқа шыққан жерді белгілейді. Айып тағылып жатқан жүргізуші сабыр сақтап, сызбада бәрі дұрыс көрсетілгенін өзі мұқият тексеруі керек. Өйткені олар сызбаға, мысалы, таңбаны салып қоюы мүмкін, ал іс жүзінде ол жерде таңба көрінбеуі ықтимал. Яғни, "өлшемдерді жүргізіңіз" деп талап етуге дейін барып, бәрін өзіңіз қадағалауыңыз қажет.

Үшіншіден, әрине, әр көлікте бейнетіркегіш болғаны абзал. Мәселен, жол таңбасына қатысты жағдайды алайық. Оған қай қырынан қарау маңызды. Жоғарыдан "қарайтын" көшедегі бейнебақылау камерасы таңбаның көрініп тұрғанын көрсетуі мүмкін. Ал егер жүргізушінің көзімен қарасаңыз, таңба мүлдем көрінбеуі немесе оның тұтас немесе үзік-үзік екенін ажырату қиын болуы ықтимал. Мұны бейнетіркегіш қана тіркей алады. Сонымен қатар маусымдық факторды да ескеру қажет.

Бұдан бөлек, іс сотқа жеткенде, жергілікті ТҮКШ (ТКШ) бөлімінің өкілін шақыртып, одан жауап алуды міндетті түрде өтіну керек. Одан жол таңбасының қашан сызылғанын және қашан жаңартылғанын сұрау қажет. Бұл - жол таңбасына қатысты мәселелер.

Жол белгілеріне келер болсақ, олардың анық көріну-көрінбеуі маңызды. Егер белгіні ағаш немесе басқа да бір нәрсе көлегейлеп тұрса, бұл заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілген-берілмегенін анықтау керек.

Бір және қос тұтас сызықты қай кезде кесіп өтуге болады: Қазақстанда қандай айыппұл бар?

Еске сала кетейік, бұған дейін біз сарапшы Евгений Каримовтың пікіріне сүйене отырып, Қазақстанда бір қатарлы және қос тұтас сызықты кесіп өтуге болатын-болмайтыны, сондай-ақ бұл үшін қандай жаза қолданылатыны туралы жазған болатынбыз.

Тұтас сызық туралы нені білу керек?

1.1 бір қатарлы тұтас сызықты ерекше жағдайда, яғни басқа жол болмағанда, кедергіні айналып өту үшін кесіп өтуге болады. Ал 1.3 қос тұтас сызығы үшін Жол жүрісі қағидаларында мұндай ерекшелік қарастырылмаған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале