Жуырда Теректі ауданының грек-рим күресінің жаттықтырушысы Айдын Сүлейманов үш шәкіртін ертіп Мәскеу қаласына жолға шықты. Ондағы мақсат байрақты бәсекеде жас балуандардың бағын сынап көру еді.
Айтулы жарыста Тілепқали Ералы, Абуғалиев Айбар мен Арлан Аманқұл бақтарын сынап, боз кілемде кіл мықтымен белдесіп көрді. Халықаралық турнирде Тілепқали Ералы 35 келі салмақ дәрежесінде жақсы өнер көрсетті. Алайда сәл ғана сәттілік жетіспей, үшінші орындық белдесуде мәскеулік балуанға есе жіберді. Әйтпесе ол да Арлан секілді қола медальді мойнына тағып қайтар еді. Айдын Сүлейманов жаттықтыратын шәкірттерінің бірі Арлан Аманқұл осы жарыста алты белдесу өткізді. Жан-жақтан келген балуандардың арасынан суырылып шыққан ол үшінші орын үшін айқаста ямалдық балуаннан басым түсіп, қола медальді еншіледі. Баласын қолдауға барған Жолдас Аманқұл да Арланның боз кілемдегі әрбір белдесуін қадағалап, демеп отырды.
Жарыстың қызығы белдесу болса, марапаттау рәсімі одан да қызықты сәттерге толы болды. Арлан Аманқұлды марапаттауға Олимпиаданың 5 дүркін чемпионы Михайн Лопестің өзі қатысты. Әлемге әйгілі балуанның қолынан медаль алған теректілік балуанның болашағы да жарқын болсын деп жақсылыққа жорыдық. Бұған дейін де Айдынның шәкірттері талай жерді аралап, жүлде салып жүргенін жерлестер жақсы біледі.

Айтпақшы, айтулы жарысқа Қазақстаннан үш команда қатысты. Оның екеуі Алматыдан болса, үшіншісі Теректі ауданынан қатысып, жақсы өнер көрсетіп қайтты.
Т.Әнуарұлы,
Теректі ауданы