Аудан әкімі Қ. Сүйеуғалиев ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауды жалғастыруда. Кезекті жұмыс сапары Аққозы ауылдық округінде жалғасып, аудан басшысы ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде округтің өткен кезеңдегі жұмыстары қорытындыланып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағыттары сөз болды. Жиында алғашқы болып сөз алған Аққозы ауылдық округінің әкімі Ерлан Қайрлиев өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, жүзеге асырылған шаралар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

- 2026 жылы Аққозы ауылдық округінде абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында ойын-спорт алаңы салынды. Аталған жұмыс 15 млн теңге сомасына «ЖК Дамирмен» бір көзден алу тәсілі арқылы шарт жасасу негізінде жүзеге асырылып, толық аяқталды.
Сонымен қатар, Қоржын ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстар 8 млн 195 мың теңге сомасына Қаратөбе ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қаратөбе аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен» бір көзден алу тәсілі арқылы шарт жасасу негізінде орындалып, толық аяқталды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АШӨК) жетекшісі мен ауыл тұрғындарының қатарынан 13 адам ауыл шаруашылығы бағытында несие алуға ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырды. Оның ішінде 10 адам жалпы құны 117 млн 170 мың теңгеге 911 бас асыл тұқымды қой сатып алды, - деді.
Аққозы тұрғындары алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы есепті кезеңде аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, әлеуметтік саланы дамыту бағытында жүзеге асырылған жобаларға кеңінен тоқталды.
– Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының дамуы да тұрақты назарда. Әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді, – деді аудан басшысы.
Оның айтуынша, 2024–2025 жылдары аудан аумағында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 443 млн 493 мың теңгені құрайтын төрт медициналық нысан салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар екі медициналық нысан күрделі жөндеуден өткен.

Атап айтқанда, Үшағаш, Бесоба және Ханкөл ауылдарында үш медициналық пункт, Қоржын ауылында бір фельдшерлік-акушерлік пункт салынған. Сондай-ақ Қоскөл дәрігерлік амбулаториясы мен Сәуле медициналық пунктінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, 2023 жылы аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бюджеттен 173,5 млн теңге бөлініп, жеті санитарлық автокөлік пен бір жеңіл автокөлік сатып алынған. Бұл шаралар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және тұрғындарға жедел көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Мәдениет пен спорт саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған. Аудан әкімінің мәліметінше, 2025–2026 жылдары жалпы құны 1 млрд 687,4 млн теңгені құрайтын Аққозы ауылындағы жаңа мәдениет үйі мен Шөптікөл ауылындағы мәдени-спорт кешенінің құрылыстары аяқталып, нысандар халық игілігіне пайдалануға берілген.
Сондай-ақ ауылдық мәдениет нысандарын қалпына келтіру бағытында да тиімді шешімдер қабылданған. 2024 жылы су басқан Қоржын ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс материалдары Ханкөл ауылындағы ауылдық клубты жөндеуге пайдаланылған. Нәтижесінде бюджеттен қосымша қаражат жұмсамай, шаруашылық әдіспен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, клуб заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындардың игілігіне берілген.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына бірқатар мәселелерді зерделеп, олардың шешілу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Кездесу барысында тұрғындар су мұнарасындағы ақауды жою, балшықты жол учаскелеріне шебін төсеу және ауыл тазалығын сақтау мәселелерін көтерді.
Аудан әкімі тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына ұсыныстарды зерделеп, оларды шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Р. Абай
Қаратөбе ауданы