Ұстаздық жол – тынымсыз ізденіс пен табандылықты, кәсіби шеберлік пен жауапкершілікті талап ететін мәртебелі жол. Осы жолда еңбегімен дараланып, ауданның білім саласына өзіндік үлесін қосып жүрген ұстаздардың бірі – Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі Ернұр Базарбайұлы. Ол – Қаратөбе ауданы бойынша тұңғыш рет «педагог-шебер» біліктілік санатына қол жеткізген педагог.

1981 жылы Шөптікөл ауылында дүниеге келген Ернұр Базарбайұлы 2002 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бейнелеу өнері, сызу және еңбек пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Соналы орта мектебінде бастап, кейін Қаратөбе балалар шығармашылығы үйінде басшылық, әдіскерлік және қосымша білім беру бағыттарында қызмет атқарды. 2016 жылдан бері Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназияда шәкірт тәрбиелеп келеді.
Көркем еңбек пәнін оқытуды шығармашылықпен ұштастырған ұстаз оқушылардың бойындағы өнерге деген қызығушылықты оятып, қабілетін дамытуға айрықша мән береді. Оның жетекшілігімен дайындалған шәкірттер халықаралық, республикалық және облыстық байқаулар мен ғылыми жобалар конкурстарында жүлделі орындарға ие болып жүр.
– «Педагог-шебер» санатына қол жеткізу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі көпжылдық еңбектің нәтижесі. Бұл жетістікке жету үшін ең алдымен өз тәжірибеңді саралап, күнделікті жұмысыңды жетілдіріп, жаңашылдыққа ұмтылуың қажет. Өз пәніңді терең меңгерумен қатар, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға, әр баланың бойындағы талантты аша білуге басымдық беру маңызды. Біліктілік санатына дайындық барысында жинақтаған тәжірибемді жүйелеп, кәсіби жетістіктерімді сараладым. Әрине, бұл жолда шәкірттерімнің жетістігі мен әріптестерімнің қолдауының орны ерекше, - дейді ұстаз.
Ернұр Базарбайұлының кәсіби жетістіктері де аз емес. Республикалық және облыстық педагогикалық байқауларда топ жарып, 2020 жылы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2023 жылы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
«Педагог-шебер» атану – бір күндік еңбектің емес, жылдар бойғы ізденіс пен тәжірибенің нәтижесі. Шәкіртінің жетістігін өз биігінен жоғары қоятын ұстаз үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Ернұр Базарбайұлының еңбек жолы – кәсібіне адалдықтың, ізденіс пен табандылықтың жарқын үлгісі.
Р.Абай,
Қаратөбе ауданы