Казталов ауданында негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 27 млрд теңгеге жеткізу көзделген.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі капитал көлемімен ғана емес, оның қаншалықты тиімді жұмсалып, нақты өндірістік нәтижеге айналуымен өлшенеді. Қазіргі әлемдік экономикалық ахуалда инвестиция үшін бәсеке күшейіп, өңірлердің даму мүмкіндігі олардың іскерлік ортасы, инфрақұрылымы мен экономикалық әлеуетін ұтымды пайдалану қабілетіне тәуелді бола түсті. Осы тұрғыдан алғанда, инвестиция тарту – жергілікті экономиканы жандандырудың ғана емес, оның болашақ құрылымын қалыптастырудың стратегиялық факторы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелеріне басымдық берді. Бұл міндеттер өңірлерден де жаңа көзқарас пен нәтижеге бағытталған жұмысты талап етеді. Өйткені ұлттық экономиканың орнықтылығы ең алдымен аймақтардың әлеуетін қаншалықты іске қоса алғанына байланысты.
Ауданның алдағы төрт жылға арналған инвестициялық жоспары да осы бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсетеді. 2026–2029 жылдарға жалпы құны 4 млрд 915 млн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде құны 100 млн теңгеден асатын 17 ірі жобаның жалпы құны – 3 млрд 690 млн теңге. Ал құны 100 млн теңгеге дейінгі 29 жобаның жиынтық құны 1 млрд 225 млн теңгені құрайды.
Бұл бастамалар толық жүзеге асқан жағдайда 112 адам тұрақты, 24 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Жобалардың бір бөлігі қазірдің өзінде практикалық кезеңге өткен. Ауданда супермаркет, мал сою алаңдары, кафе және наубайхана құрылыстары жүргізілуде. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Аудан әкімінің орынбасарының пікірінше, инвестициялық жобалардың экономикалық тиімділігі олардың жергілікті нарыққа ықпалы мен халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі арқылы бағалануы керек.
– Биыл ауданның негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемін 27 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қаңтар-қыркүйек айларында 19 млрд 957 млн 670 мың теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 15 млрд 656 млн 112 мың теңгені құрайды. Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына салынған инвестиция 2 млрд 67 млн 102 мың теңгеге жетті. Бұл – аудан экономикасына жеке капитал тарту бағытында белгілі бір ілгерілеу бар екенін көрсетеді. Ал 2026–2029 жылдарға арналған 46 жобаның жалпы құны 4 млрд 915 млн теңгені құрайды. Соның 17-сі – құны 100 млн теңгеден асатын ірі жоба. Барлық бастамалар толық іске асқанда 112 тұрақты және 24 маусымдық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта супермаркет, мал сою алаңдары, кафе мен наубайхана құрылыстары жүргізіліп жатыр. Біздің міндетіміз – осы жобалардың уақытылы жүзеге асуына қолдау көрсетіп, инвестицияның нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымын қамтамасыз ету. Әсіресе жеке инвестициялардың үлесін арттыруға, шағын және орта бизнестің өндірістік әлеуетін кеңейтуге басымдық береміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев.
Казталов ауданының экономикалық болмысы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Сондықтан инвестициялық саясатта аграрлық сектордың мүмкіндігін кеңейту айрықша маңызға ие. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту тек мал басын көбейту немесе егіс көлемін ұлғайтумен шектелмеуі керек. Өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу жүйесін жетілдіру арқылы оның қосылған құнын арттыру – уақыт талабы.
Бұл ретте заманауи технологияларды енгізу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау, бордақылау және өңдеу кәсіпорындарын ашу инвестиция үшін перспективалы бағыттар саналады. Мұндай жобалар аудан экономикасын әртараптандырып қана қоймай, ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ауылға салынған инвестицияның мәні де осында. Ол ауыл жастарының туған жерінде еңбек етуіне жағдай жасап, кәсіпкерлікті дамытып, елді мекендердің экономикалық өміршеңдігін арттыруы тиіс. Сондықтан ірі жобалармен қатар, шағын өндірістер мен жергілікті сұранысқа негізделген кәсіп түрлерін қолдау да маңызды.
Инвестиция тарту – бір мекеменің немесе бір кезеңнің міндеті емес. Ол жергілікті билік, кәсіпкерлік орта және қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген ұзақ мерзімді үдеріс. Инвестор үшін тұрақты іскерлік орта, инфрақұрылымның қолжетімділігі, ашық әрі болжамды шешімдер маңызды болса, өңір үшін инвестицияның сапасы мен қоғамдық қайтарымы шешуші мәнге ие.
Сондықтан алдағы кезеңде басты назар жоспарланған жобалардың орындалуына, жеке капиталды тартуға, өндірістік бағыттағы бастамаларды көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға аударылмақ.
Экономикалық өсімнің шынайы өлшемі – есептегі миллиардтар емес, сол қаржының арқасында ашылған кәсіпорын, тұрақты жұмыспен қамтылған азамат және өндірілген өнім. Инвестиция өңірдің мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, оның ертеңіне деген сенімді нығайтуы керек. Ал бұл сенім нақты іспен, жүйелі жұмыспен және ел игілігіне бағытталған нәтижемен қалыптасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айқындаған міндеттердің түпкі мақсаты да осы, яғни, экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, инвестиция тарту – жекелеген экономикалық көрсеткішті орындау емес, ел дамуының ұзақ мерзімді негізін қалыптастыру.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы