10.11.2026, 16:30
Оқылды: 3

Бәйтеректе аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі басталды

Аудан әкімі Марат Тоқжанов Байқоныс, Дариян, Рубежин, Январцев ауылдық округтарының тұрғындарымен кездесіп, биылғы он ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму бойынша есеп берді.

image-10-11-26-02-22

Аудан басшысының сөзіне қарағанда, агроөнеркәсіптік кешен Бәйтеректің экономикасын тұрақтандыру және сауықтыру жолындағы негізгі бағыттың бірі ретінде айқындалған. Бірінші кезекте астық өндірісін дамыту, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру, көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асыл тұқымды мал шаруашылығын өрістету, кооператив құру істеріне жіті мән берілуде. Соның нәтижесінде биылғы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Бәйтерккте ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 72,3 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім– 108,3%.

–«Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында ауданымыз жақсы деңгейге жетіп отыр. Мұндай жетістік бәйтеректіктердің белсенділігі, тәуекелі және бұл бағдарламаның қаншалықты тиімді екенін жеткізе білген құзырлы құрылым өкілдерінің, ауыл әкімдерінің еңбектерінің арқасында келді. Сөйтіп осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша ауданымыз республика көлемінде бірінші орынға шықты. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында алынған несие мен кәсіпкердік бастамаларды қолдауға арналған грнаттың нәтижесінде ауданда АӘК  (АСП) алатын жанұялар саны едәуір азайды. Мәселен, 2023 жылы 64 отбасы мемлекеттен жәрдемақы алса, қазір олардың саны 28-ді құрайды. Яғни қырыққа жуық отбасы аталмыш бағдарламалардың арқасында өздерін жұмыспен қамтып, істерін бастауға мүмкіндік алды. Осынау жетістігіміздің қыр-сырымен танысу мақсатында облысымыздың өзге аудандарынан ғана емес, республика көлемінен де бізге делегациялар келуде, - деді Марат Лұқпанұлы.

image-10-11-26-02-22-3

Байқоныс ауылында өткен есептік кездесуде округ әкімі Алмас Қоңыров өткен кездесуде көтерілген 4 мәселенің үшеуі шешімін тапқанын баяндады. Мысалы, Байқоныс ауылының қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына сырттан келетін көліктердің кіруін тоқтату үшін оның аумағы қоршалып, бейнекамера орнатылып, ақылы қоғамдық жұмыс арқылы күзетші алынған. Асфальтталған ауылішілік жолдарға жылдамдықты шектеу, жаяу жүргінші секілді жол белгілері мен 12 дана жасанды жол кедергісі орнатылды. Байқоныстағы кейбір көшелерде апатты жағдайда тұрған 47 электр бағанасын ауыстыру жұмыстары басталуда. Ал шешілмей тұрған мәселе, қалаға қатынайтын қоғамдық көлікке қатысты. Ауылдық округте тұрғын санының көбеюіне байланысты Оралға баратын екінші автобус шығару немесе қазір қатынайтын көліктің жүру жиілігін артырудың маңызы зор. Соған орай бұл мәселе Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің комиссия отырысында қаралды. Алайда оң шешімін тапқан жоқ.

Ал Дарияндағы негізгі мәселелер қатарында ауылішілік жолдың 8,1 шақырымына және арық жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізу (ЖСҚ дайын), стадионды жаңа кейіпке енгізу бар.

image-10-11-26-02-22-1

Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкеновтың айтуынша, биыл бірқатар инвестжобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Соған сәйкес «Каверина» ЖК қосымша сүт өңдеу цехының құрылысын жүргізуде.  Орал – Кирсанов тас жолы бойында дүкен және жүк көліктеріне арналған техникалық қызмет көрсету станциясын салу жоспарлануда. «Лакрица» ЖШС мия тамырын өңдеу, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу кешенінің құрылысын бастамақшы. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған ауыл тұрғыны автокөлік жуу бекетін ашты.

Ең қысқа да нұсқа баяндаманы Рубежин ауылдық округының әкімі Арман Жұмағалиев жасады. Оның сөзінше, мұнда қараңғы көшелердің бойына 1,2 км кабель тартылып, 22 жарық шамы орнатылды. Ауыл шетіндегі қатты тұрмыстық қалдық төгілетін полигон тазартылды. «Искандер агро» атты жаңа кооператив құрылып,  «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алды. 2024 жылғы су тасқыны кезінде Жайық өзені бойындағы орналасқан үйлердің ауласына бөгет салынған болатын. Сол 6 үйдің иелеріне жаңа баспана берілді. Ауыл ішінен тұрғындар үшін демалыс саябағы салынып, сахна орнатылды.

Январцев ауылдық округының әкімі Абылай Есмақов өз есебінде атап өткендей, мұндағы өзекті мәселе – Январцев орта білім беретін мектебіне және ауыл клубына  күрделі жөндеу жүргізу және округ ауылдарына ғаламтор желісін тарту.

image-10-11-26-02-22-4

– Ауыл мектептеріндегі  оқушылар санының тұрақтандыру мақсатында көші-қон шаралары жүзеге асуда. Соның нәтижесінде Кирсанов ауылындағы жаңадан салынған үйлерге 4 отбасы қоныстанып, 10 бала мектептке қабылданды. Красноармейск ауылына 1 отбасы көшіп келіп, 5 бала білім алушылар қатарына қосылды. Бұл бастама округтегі білім ошақтарының жұмысына тың серпін берді,-деді Абылай Садықұлы.

Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале