20.11.2026, 9:30
Оқылды: 37

Қаратөбеде 127 жоба жүзеге асты

Ауылдың ажары – еңбекте, берекесі – бірлікте. Ал ауыл тіршілігіне серпін беріп, тұрғындардың өз кәсібін ашуына жол көрсететін мүмкіндіктердің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бүгінде бұл бастама талай жанның кәсіп бастауына түрткі болып, ауыл экономикасының дамуына тың серпін беруде. Бірі мал басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейтсе, енді бірі шағын өндіріс ашып, ауылда сұранысқа ие қызмет түрлерін ұсынуда.

 photo_14

2023 жылдан 2026 жылды қоса алған кезеңде ауданымызда бағдарлама аясында 127 жоба 1,2 миллиард теңге көлемінде несиемен қаржыландырылып, 115 жаңа жұмыс орны ашылды. Биылғы жылы «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы сомасы 729,0 миллион теңгені құрайтын 63 жобаның құжаттары тапсырылған. Оның 8-і ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің, 55-сі жеке кәсіпкерлердің жобалары.

Қазіргі таңда 42 жоба 548,71 миллион теңгеге қаржыландырылып, 12 жоба 94,5 миллион теңгеге мақұлданды, 1 несиеленуші несие алудан өз еркімен бас тартты. Тағы 8 жобаның құжаттары қаралу үстінде.

– Бағдарламаға тұрғындардың қызығушылығы жоғары. Әсіресе мал шаруашылығын дамыту, асыл тұқымды мал сатып алу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында ұсыныстар көп. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлік пен қайта өңдеу саласында да тың бастамалар бар. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына қолдау көрсетіп, бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге айналуына ықпал ету, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жадыра Садырқызы.

e928acda-b735-46d7-8464-cf56bdf2c27b

Шынында да, бағдарлама игілігін көріп отырған кәсіпкерлер аз емес. Қаржыландырылған жобалар аясында биылғы жылдың өзінде 90 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара, 1753 бас асыл тұқымды меринос және еділбай қойлары сатып алынған. Сондай-ақ 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 132,3 миллион теңгеге лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын иеленді.

Шағын кәсіпкерлік бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Асылым» жеке кәсіпкерлігі автосервис ашса, «Таңдау» жеке кәсіпкерлігі ет өнімдерін өңдеу цехын іске қосып, жартылай фабрикаттар өндіруде. «Нұрмұқан» жеке кәсіпкерлігі (As Taim) қоғамдық асхана, «Далабаев» жеке кәсіпкерлігі (Бір-Жер) шайхана-кафе ашқан. Ал «Рахман» жеке кәсіпкерлігі автосервиске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, көлік жөндеу қызметін көрсетуде. Қалдығайты ауылында «Әдемі» жеке кәсіпкерлігі дәріхана ашып, ЖК «Айша» кулинарияға қажетті құрал-жабдықтар алып, тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Сонымен қатар биыл несиеленген «Баянғалиев» ЖК бөдене өсірумен, ал «Адина» және «Иманәлі» жеке кәсіпкерлер құс шаруашылығымен айналысуда. ЖК «Байсал» шаштараз қызметіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін жалғастыруда. Аққозы ауылдық округінде қой шаруашылығын дамыту мақсатында «Аққозы» АШӨК құрамына ауыл тұрғындары бірігіп, 778 бас еділбай қой сатып алынды, АШӨК төрағасы лизингпен ауыл шаруашылығы техникасын алды. Қаракөл ауылдық округі тұрғындары тауарлы ірі қара малын сатып алу мақсатында «Жарлы 2021»АШӨК құрамына бірікті. 22 тұрғын несие алуға құжаттарын тапсырса, 7 тұрғын несие қаражаттарын алды, 10 тұрғынның жобалары мақұлданды, қалған 5 тұрғынның жобалары қаралу үстінде.

Аталған кәсіптердің әрқайсысы ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да үлес қосуда. Бірі қызмет көрсету саласын дамытса, енді бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге ден қойған.

Р.Абай,
Қаратөбе ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале