Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Өтеміс Мырзағалиевтің туғанына 70 жыл толуына орай «Өшпес із, өнегелі ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, мемлекеттік қызметшілер, мекеме мен бөлім басшылары, сондай-ақ қайраткердің әріптестері, замандастары мен туған-туыстары қатысты.

Кеш аясында Өтеміс Уәлиұлының өмір жолы мен еңбек белестерін баяндайтын арнайы көрме мен бейнеролик көпшілік назарына ұсынылып, жиналған қауым бір минут үнсіздікпен рухына тағзым етті.

Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының қызметкері Айнаш Меңдіғалиқызы қайраткердің өмірбаянын таныстырса, әріптестері мен замандастары оның талапшылдығы мен кішіпейілділігі туралы естеліктер айтты.

Шара соңында аудан басшысы Нұрлыбек Даумов ел ағасының өңір дамуына қосқан үлесін атап өтіп, марқұмның ұрпақтары мен туыстарына құрмет көрсетті.
Ақсәуле Әлжан,
Бөкей ордасы ауданы