Орал қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасы мен 5517 әскери бөлімінің жеке құрамына жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шара өткізілді. Жиын әскери полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтіп, оған қалалық полиция басқармасының жол-патрульдік қызмет өкілдері де қатысты.

Іс-шара таңертең әскери қызметшілердің көлік құралдары мен қажетті құжаттарын тексеруден басталды. Тексеру барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау, көліктің техникалық жағдайы және жүргізушілердің жауапкершілігіне назар аударылды.

Одан әрі әскери бөлімнің акт залында жеке құраммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әскери полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне тоқталып, жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдары мен оның алдын алу жолдарын түсіндірді.

Кездесу барысында жол ережелерін сақтамау және көлік құралын мас күйінде басқару салдарынан орын алған жол-көлік оқиғалары туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар нақты оқиғалардан мысалдар келтіріліп, әскери қызметшілерге жол үстінде мұқият әрі жауапты болудың маңыздылығы ескертілді.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі