1.06.2017, 10:06
Оқылды: 49

Үйін мешітке сыйлады

 Yin meshitke siladi  «Хазіретті Мұхаммед (с. ғ. с) пайғамбар «Рамазан айында бір жақсылық жасаған адамға Аллаһ Тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айлар­дың сауабын жазады» дейді.

   Осыны санасына зерделеген сай­қын­дық азамат, жеке кәсіпкер Медет Сике­нов алғашқы ауызашар кезінде жаңа үй­ге көшуіне байланысты өзінің бұрынғы құтты шаңырағының кілтін мешіт игілі­гіне табыстады. Бұл тосынсый жүрегі иманға ұйыған жамағатты тебірентті.


   Құр баспана емес, бұрын өзі отбасымен тұрғанда қолданған жиһаздары, теледидар («Отау ТВ») қондырғысымен, тоңазытқыш, қолжуғыш, тіпті шаңсорғышқа дейін тұ­тын­ған бұйымдарын мешіт игілігіне қал­дырып кетті. Баспана құжаттары да ресми түрде рәсімделуде. Қайырымды іске ерекше тол­қыған Бөкей ордасы ауданының имамы Назымбек Иманғалиев:

   — Биылғы айлардың сұлтаны үлкен қа­й­ыр­лы іспен бастау алды. Бұрындары осы өңірге қызметке келуге ниетті имамдар­дың жағдайларын жасай алмай қиналатын едік. Басқа аудан мешіттерінде өзіміздің қасиетті топырақтан шыққан қаншама бі­лімді азаматтар еңбек етуде. Олар пәтер мәселелері оқсамай жүргендерін айтады. Сондықтан Медет бауырымыздың бұл шапағаты Алланың қалауымен болып отыр. Талай сынақтарды бастан кешіп жүріп, ақ жолға түскен кәсіпкердің ізгі қадамы өзге де қалталы мұсылмандардың мұқтаж жан­дарға көмегі тиюіне септігі тиері сөзсіз. Күтпеген жағымды жаңалыққа өте қуанып қалдық. Алла дұғамызды қабыл етті, — деп риясыз ақтарылды.

   Сауапты іске ұйытқы болып отырған Ме­дет Сикенов бес уақыт намазын үзбейді. Жұбайы Анар да намазхан, Алматы медре­сесінің түлегі. Екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеу­де. Иманды отбасы Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, қайырымдылық істерге ұйыт­қы болуды басты парыздары сезінеді.

Гүлнар ҚАДЫРОВА

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале