4.01.2018, 11:28
Оқылды: 35

Кәсіпкерлік қайткенде өрістейді?

Осы мәселе Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында өткен кәсіпкерлер форумында жан-жақты талқыланды.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов жүргізген шара барысында кәсіп иелері ұсыныс-тілектерін ортаға салды, өздерін нендей жайттар алаңдататынын айтты. Ә.Жоламанов кәсіпкерліктің аудандағы бүгінгі өрісі, жекеше мен мемлекеттің әріптестігін нығайту мақсатындағы қам-қарекеттер, басқа да салалардың тынысы жайында баяндады.

Былтыр ауданда 49 шаруа қожалығы 700,0 млн. теңгеге жуық субсидия алса, 124 несие алушы 1 078 858,5 мың теңгеге қол жеткізді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ал ауданда негізгі капиталға инвестиция көлемі 2174,9 млн. теңгені құрады. Соның ішінде жергілікті бюджет айналымы – 715,0 млн., республикалық бюджет айналымы – 564,0 млн., жеке қаражат айналымы – 193,0 млн., басқа да қарыздық айналым – 66,0 млн., инвестициялық айналым – 636,9 млн. теңге.

Шаруалар қазіргі мемлекеттік саясатқа орай сүт өндірумен де айналысуға бағыт алуда. Бұл үшін осы салада ауылшаруашылық кооперативтері құрылатын болады. Сүт өңдеу кәсіпорнын салуды жіті ойластыру керек. Мемлекет шаруа қожалықтарымен бірге жеке ауладағы малға субсидия беруді қолға ала бастады. Таяу уақытта аудан бойынша 100-ге жуық отбасылық мал бордақылау алаңын құру үшін жұмыс жүруде. Бұл алаңдарда кемінде 1000 бас бордақыланады. Бұл үшін тұрғындарға 6 пайыздық жеңілдікпен, 4 жылға несие беру көзделген. Етке тапсырылған әр бас үшін мемлекет тарапынан 20 мың теңге субсидия төленеді. Жыл сайын ірі қараның 22-23 мың бас төлі алынады екен. Оның жартысы еркек түлік екенін ескерсек, семіртілуге тиіс мал басы жеткілікті. Сондай-ақ шаруа қожалықтарына 100 бастан жоғары мал бордақыланатын болса, субсидия төлеу қарастырылған. Демек, келер уақытта сондай алаңдардағы мал басы күрт көбейеді деп күтілуде. Қазіргі ветеринарлық талап бойынша бұл мал тек қана арнайы орындарда сойылуы тиіс. Міне, кәсіп иелері осыған мүдделілік танытса, құба-құп. Форумда сала жетекшілері осы орайда көптеген түсінік берді.

Ауданда қазірдің өзінде 500-дей, одан да көп қаз-үйрек асырап жүрген азаматтар бар. Сонымен қатар бие ұстап, қымыз өндіріп, сатып жүргендер баршылық. Форумда шаруашылықтың осы саласын да терең зерттей отырып, осындай еңбеккерлерге көмек әрдайым жасалатыны туралы айтылды. Ең бастысы, тұтыну нарығы бар.

Аудан ерте пісетін көкөніске байланысты, яғни қараша-маусым айларында импортқа тәуелді. Ал одан кейін жылдың жарты кезеңінде жабық топырақта, яғни жылыжайда өсірілетін көкөніс жетіспейді. Бұл да ойландыруы керек-ақ.

Былтыр «Мұнай Контакт» ЖШС-ына алманың 5 сортын шығару мақсатында 4000 көшет отырғызуға 10 гектар жер бөлінді. Осындай қадамды басқа да тұрғындарымыз іліп әкетсе, ғанибет.

Кәсіпкерлер тарапынан әңгіме барысында несиеге, инвестициялық субсидияға қатысты сол бұрынғысынша, яғни баяғы толған қағаз жинаудың әуресі қарбаласқа түсіретініне қынжылыстар айтылды. Немесе мына күрмеудің оңынан шешілуі сұралды: қарбыз тиеп алып, оны саттыққа әр шығарған сайын сертификатты жаңадан Оралдан алу керек. Бұл барып тұрған сергелдең емес пе? Дұрыс ойластырса, шешуі аса қиынға түспейтін жайт емес пе?

Қарбыз сату демекші, бақшалық танаптар шоғырланған жерлерде жазда өнімді сатуға қолайлы жағдай үшін күрежол бойынан арнайы орын салынса деген ұсыныс та ортаға салынды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале