12.03.2020, 16:13
Оқылды: 68

Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 205 батысқазақстандық баспаналы болмақ

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезегін іске қосты. Биыл республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге бөлініп, облысымыз бойынша 205 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында кеңінен айтылды.

Брифингке қатысқан «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалишанов, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының басшысы Алтай Құлқаев, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев «Бақытты отбасы» бағдарламасы және тұрғын үй сертификаттары туралы баяндады.

zhilstroy (1)

- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында өткен жылы еліміз бойынша 4862 отбасы баспаналы болса, 196 отбасы өзіміздің жерлестер. Биыл аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінетін лимит мөлшері екі есеге ұлғайып, 100 млрд теңгені құрап отыр. Яғни қолжетімді займ еліміз бойынша 10 мың отбасыға беріледі деп жоспарлануда. Соның ішінде 205 пәтер жергілікті тұрғындарға тиесілі болмақ. Бағдарлама шарттары бұрынғыдай өзгеріссіз қалды. Тек банк талабына сай жеңілдетілген займ алу үшін әр отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері 62 366 теңгеден аспауы қажет. Былтыр бұл сома 42500 теңгені құраған болатын. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, толық емес отбасы және мүгедек балалары бар немесе асырап отырған отбасылар қатыса алады. Займ мөлшерлемесі бұрынғыша 10 пайыздық бастапқы жарнамен 2 пайызды құрады. Осы талаптарға сай келетін отбасылар осы жылы баспаналы болуға үлкен мүмкіндіктері бар. Ал бағдарлама бойынша несиелік өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 11 наурызында басталды, - деп атап өтті «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалишанов.

Айта кетелік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуға болады. Сондай-ақ жер үй сатып алуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларындағы ең жоғары займ сомасы 15 млн теңге, қалған аймақтарда 10 млн теңгені құрайды.

Бұдан кейін БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының басшысы Алтай Құлқаев тұрғын үй сертификаттарын беру тәртібіне тоқталды.

zhilstroy (2)

Тұрғын үй сертификаттарын алуға келесі санаттағы адамдар жатады:
1) Мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;
2) «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
3) толық емес отбасылар;
4) ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарламаның және ҚР Үкіметімен бекітілген тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және агроөнеркәсіптік кешен саласында еңбек ететін мамандар жатады.

Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін бір миллион теңгеден аспайды. 2020 жылы жергілікті бюджет қаражатынан 200 млн теңге қарастырылған, - деді Алтай Есмағұлұлы.

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале