25.08.2016, 21:16
Оқылды: 37

Білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі Жәнібек ауданында да өтті

 Білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі Жәнібектеде өтті  Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан мұғалімдерінің «Білімді ел – мәңгі ел» атты дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Оған аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, кәсіпорын және мекеме басшылары, аудан мұғалімдері, мектеп демеушілері, ардагер ұстаздар және жас мамандар қатысты.


         Жиын алдында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен облыстық білім басқармасының өкілі Зайраш Шайханова мәдениет үйінің фойесінде орналасқан әр мектептің жетістіктері бейнеленген көрмелерді, сондай-ақ оқушылардың бірыңғай киім үлгісін тамашалады. Мұғалімдердің тамыз кеңесін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мұратқали Ғазезов ашып, баяндама оқыды. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен облыстық білім басқармасының өкілі Зайраш Шайханова кеңесте сөз сөйлеп, білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады. Жиында аудан мұғалімдерін мектеп бүлдіршіндері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде құттықтап, өздерінің сәбилік сәлемін жеткізді. Бұдан соң баяндама бойынша жарыссөз басталып, онда Қамысты ауылдық округінің әкімі Асқар Сәрсенғалиев «Мәңгілік ел болашағы – жас ұрпақ», Ұзынкөл орта мектебінің директоры Лунаргүл Дишенова «Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі», Е.Ниетқалиев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ұлболсын Айтбөкешева «Жаңартылған білімге - жаңаша көзқарас», аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының қосымша білім беру педагогі Елдос Сағадатов «Білім берудің басым бағыттарын іске асырудағы қосымша білім берудің міндеттері», «Алтын ұя» бөбекжайының әдіскері Гүлмира Бекжанова «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбында хабарлама жасады.

         Мұғалімдердің тамыз кеңесінде бір топ ұстаздарға Білім және ғылым министрінің, аудан әкімінің, аудандық білім беру бөлімінің алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды. Басқосуда, сондай-ақ,  ауданға биыл жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіріп келген 19 жас маман таныстырылды. Оларға ардагер ұстаз Айжан Қауышева ақжол тіледі. Жас мамандар атынан Светлана Сәбитова жауап сөз сөйледі.

         Д.ОСПАН

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале