19.02.2021, 14:00
Оқылды: 276

700 жұмыс орнын ашатын бес ірі жоба таныстырылды

Облыс әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты жылжыту жөніндегі өңірлік кеңесте жалпы шамасы 70 млрд теңгеге жуық бес  ірі жоба онлайн тәртібімен таныстырылды. Жаңа жобалар «жанданып» кетсе, 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Кеңес отырысына облыс әкімі Ғали Есқалиев төрағалық етті.

 IMG-20210219-WA0003

«КазАрмапром» ЖШС Бәйтерек ауданындағы Белес ауылында газ поршеньді электр стансасымен құю өндірісі құрылысы жобасын іске асырмақ. Жоба 2021-2023 жылдары іске асырылмақ. Металл құю өндірісі машина жасау саласының, соның ішінде Қазақстанның, Ресейдің және Еуропалық елдердің энергетикалық, металлургиялық, тау-кен өндірісі, көлік және өзге де өндірістік салаларының қажеттілігін өтейді. Өндіріс орнының қуаты жылына 20000 тонна құйманы құрайды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 46 млрд теңге шамасында. Жаңа өндіріс орны 400 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынады. Оған 80% несиелік қаражат, 20% шетелдік инвестордың және серіктестіктің өз қаржысы жұмсалмақ. Жобаны іске асыруға жер телімі қажет. Қуаты 22 МВатт болатын электр стансасында өндірілетін электр қуаты өндіріс орнының қажетіне пайдаланылады. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар Бәйтерек аудандық әкімдігі және «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге жүргізілуде. Инфрақұрылымдарды жетілдіру, шетелдік инвесторларды табу жұмыстарымен «Қазақинвест» компаниясы айналысуда. Қуаты сағатына 8000 текше метр газ жеткізетін құбыр Белес стансасынан жоба нысанына дейін электр желісін тарту және кірме жолды, теміржол бөлігін салу  жұмыстарына мемлекеттік қолдау сұралады.

IMG-20210219-WA0009

Өңірлік кеңес мүшелері Көшербай Айғожаұлы, Владимир Харчев жоба ұсынған серіктестік басшысынан нарықта металл өнімдеріне деген сұраныстың бар-жоғын және өнім өткізу жолдары жайында сұрады. Серіктестік директоры Станислав Качало елімізге 2017-2019 жылдары 1,6 млрд теңгеге арматура сырттан тасымалданғаны жөнінде статистикалық дерек келтірді.

«Қазіргі уақытта «Сити-групп» компаниясымен жұмыс істеудеміз. Компанияның Ресейге және шетелдерге құйма жеткізу жөнінде келісімшарттары бар. Сондықтан өнім өткізуде іркіліс болмайды. Қазақстанда металл өнімдеріне сұраныс зор, біз тек сол сұраныстың 10%-ын ғана жаба аламыз», - деп түсіндірді С.Качало.

шак2

- Квазимемлекеттік компаниялармен ұзақ мерзімдік келісімшарттар жасау мәселесін нақтылай түсу керек. Өңірде жергілікті машина жасау компаниялары баршылық. Алдағы уақытта мұнайгаз саласы дами түседі, сондықтан металл өнімдері қажет. Нарықта металл бұйымдары қымбаттап кетті. Бұл жоба келешекте металл өнімдері бағасын тұрақтандыруға қызмет етсе, мұндай жобаны қолдауға болады. Енді жобаға қандай көлемде мемлекеттік қолдау керек екенін анықтау қажет, - деді Ғали Есқалиев.

Келесі «ULP» АҚ-ның «Теректі ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және мал азықтық құрама жем, сүт және ет өнімдерін өндіруге дейінгі ауыл шаруашылығы өндірістік-өткізу тізбегін ұйымдастыру» жобасына 20 млрд теңге шамасында инвестиция жұмсалады. Жобаны қаржыландыру жөнінде итальяндық инвесторлармен келісімдері бар. Сиыр фермасында 4700 бас сүтті сиыр өсірілмек. Жаңа өндірісте 180 адам жұмыспен қамтылады. 2021-2022 жылдары іске асырылатын жоба бойынша дәруменді соя сусындары мен пастерленген сүт өндіру көзделген.

IMG-20210219-WA0011

- Сүт фермасында тек сүт өндірумен шектелмейміз, оған қоса пармезан, моцарелла ірімшіктерін өндіреміз. Өнімдерімізді итальяндық компаниялар сатып алуға дайын. Малдың бір бөлігін өсіріп жатырмыз. 5 мың гектар жеріміз бар, енді мал басын көбейтіп, мал азықтық дақылдар егу үшін қосымша 5 мың гектар жер керек. Қазір Барбастау өзенінің суын пайдаланудамыз, алайда келешекте су тапшылығы болады деп отырмыз.  Құрылыс нысанына дейін инфрақұрылым тартуға мемлекеттен көмек сұраймыз, - деді инвестор Василий Балакирев.

Сондай-ақ сүт-тауарлы ферма, құрама жем зауыты, ет өңдеу зауыты кешені құрылысына 200 га жер бөлінсе дейді. Ауданда жер тапшы. Сондықтан облыс басшысы облыстық жер қатынастары басқармасы басшылығына қажетті жер телімін іздестіруді тапсырды.

IMG-20210219-WA0006

Теректі ауданындағы Жайық стансасы аумағында «ТұмарОрал» ЖШС-ның керамзиттік қиыршықтас өндірісі зауыты жобасы «жанданбақ». Жобаға жұмсалатын инвестиция көлемі – 2,5  млрд теңге шамасында. Жоба іске асқанда 94 адамға жұмыс береді және зауытта жылына 200 мың текше метр өнім өндіріледі. Серіктестік жобаны іске асыруға 400 млн теңге өз қаржысын және 2,1 млрд теңге несиелік қаржы жұмсайды. Зауыт салуға 4 гектар жер бар. Енді Тоқай кен орнындағы 20 гектар жерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатына шығару керек. Кен орнына инфрақұырлым тартуға мемлекеттік қолдау күтіледі. Сонымен қатар крамзиттік қиыршықтас өндіруге қажетті табиғи газ лимитін бөлу де кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.

«FOOTBALL KIDS URALSK» жеке кәсіпкерлігі ұсынған  жоба Оралдағы 4-шағынауданда спорт кешенін ашуға бағытталған. Жоба бойынша 700 баланы футбол ойынына тарту көзделген. Жобаға 118 млн теңге инвестиция жұмсалады және спорт кешенінде 100 адамға жұмыс орны ашылады. Жастарды салауатты өмір салтына бастайтын жобаны жеке кәсіпкерлік 60% өз қаржысына, 40% шамасында екінші деңгейдегі банктердің несиесіне қаржыландыруды жоспарлаған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікте 0,04 га жер телімі бар. Алайда бұл жер телімі санитарлық талаптарға сай келмейді. Сондықтан жобаны іске асырушылар қосымша жер және инфрақұрылым тартуға мемлекеттік қолдау күтеді.

IMG-20210219-WA0001

Инвестициялық кеңес отырысында «Сартаев» жеке кәсіпкерлігі Казталов ауданындағы Ақпәтер және Жаңажол ауылдық округтері аумағында балық (ірі қара, құс) өсіру агроөнеркәсіптік кешенін ұйымдастыру жобасымен таныстырды. Сондай-ақ ірі қара мал өсіріп,  балық және аң аулау туризмін ұйымдастыруды жоспарлаған. Жоба құны 200 млн теңге болса, кәсіпкер бұған өз қаржысын және несиелік қаржы алып қоспақ.  Бұл жоба 2022-2023 жылдары іске қосылмақ. Инвесторға 1000-1500 гектар көлемінде жер керек. Казталов ауданының әкімі Альберт Есалиев жер мәселесі шешілетінін жеткізді. Сумен қамту жөнінде кәсіпкерліктің алдын ала келісімі жасалған. Су тапшылығына байланысты қойылған сұрақтарға аудан әкімі: «Көлтабандарға, лимандарға су шығару түйткілі бар. Алайда мал және балық азығын егетін шаруашылықтарды қолдаймыз. Бар суды үнемдеп пайдалануымыз керек», - деді.

IMG-20210219-WA0005

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі  бес жобанның да маңызды екенін айтты.

- Инвесторлар өңір экономикасына 70 млрд теңге құяды және жобалар іске асып жатса, 700-ге жуық жұмыс орнын ашады. Азық-түлік қауіпсіздігі өңір басшылығының назарындағы мәселе болғандықтан, сүт және балық өндіру жобаларын ерекше атап өткім келеді. Металл, керамзиттік материал өндірісі де – облысымызға керек өндіріс. Мұндай жобалар бағаны тұрақтандыруға көмектеседі. Спортзал құрылысы коммерциялық емес, әлеуметтік жоба екені мені қуантады. Балаларымызды спортқа тәрбиелейтін, салауатты өмір салтын ұстануға көмектесетін жоба. Мемлекет тарапынан қандай қолдау-көмек керек, қаржы институттары, «Даму» қоры бар,  барлығы да сіздерге көмектеседі, - деді Ғали Есқалиев.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале