«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2 қыркүйектен бастап №81/82 «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы «тальго» жолаушылар пойызының құрамына әйелдер вагонын енгізеді. Арнайы вагонға жолаушылар сұранысы көбейген.

«Қазақстан темір жолы» ҰК мәліметінше, Астана – Орал бағыты бойынша пойыз күнара қатынайды. «Нұрлы жол» вокзалынан жұп күндері сағат 23:55-те жөнелсе, Орал стансасына сағат 05:20-да келеді. Оралдан жұп күндері сағат 09:55-те шығып, «Нұрлы жол» вокзалына тақ күндері сағат 15:04-те жетеді. Бағыт бойынша тоғыз аялдама қарастырылған.
Жаңа вагон іске қосылғаннан кейін әйелдер вагоны жүретін рейс саны 13-ке жетпек. Мұнда Алматы, Маңғыстау, Өскемен, Түркістан, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Шымкент және Семей бағыттары бар. Әйелдер вагонында жеті жасқа дейінгі балаларды ертіп жүруге рұқсат етіледі. Билеттерді теміржол кассаларынан немесе bilet.railways.kz ресми сайты арқылы онлайн сатып алуға болады. Билет алатын кезде әйелдер вагонын білдіретін «ӘЙ» белгісіне назар аудару қажет.
Жолаушыларды тасымалдау қағидасына сәйкес билеттер 45 күн бұрын сатылымға шығарылады.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»