11.08.2022, 12:45
Оқылды: 92

Әйгілі триатлоншы Анель еліне оралды

Спортшы қызды әуежайдан Орал қаласы әкімінің орынбасары, ата-анасы мен бауырлары күтіп алды.

12
Айта кетейік, Анель Сыдықова жүзу спортынан әлемді аузына қаратқан жалғыз әйел заты. Ол ТМД елдерінен шыққан алғашқы кәсіби триатлоншы.

«Мен қызымды бала күнінен Деркөл өзеніне жүзуге апаратын едім. Біз ол кезде Тасқала ауылында тұратынбыз. Одан кейін қалада Жайыққа жүзуге барып жүрді. Ал студент күнінде Алматыда оқып жүріп, бассейнге жазылған. Қызым алдағы арман-мақсаттары туралы көп айта бермейді. Шамасы өзі осы үш бұғазды бағындырамын деген мақсат қойған болып тұр. Енді міне сол арманы орындалды. Қызымыздың жүзуін қарап отырдық, соңғы минуттары өте қиын болды, себебі түнде жүзу оңай емес. Әрине, жеткен жетістігі үшін қуаныштымыз», - деді спортшы қыздың анасы Қанипа Сыдықова.

Анельдің осыдан аз уақыт бұрын әйгілі 38 шақырымдық Ла-Манш бұғазын жүзіп өтіп, рекорд орнатқанын жазған едік. Ең қауіпті жүзу аймағы болып саналатын бұғазды қорықпай жүзіп өткен жерлесімізді халық "темір ханшайым" деп атап та кетті. Бұл бұғазды жүзіп өтемін деп қайтыс болған атақты спортшылар да бар екен.

Ал біздің Анель Ла-Маншты ешқандай гидрокостюмсіз 15 сағатта жүзіп өткен. Мұндай жетістік отандық спорт тарихында бұрын-соңды болмаған. Анель - триатлоннан ең биік жетістік саналатын «Ironmen», «Ultraman» мәртебелерінің иесі.

Сонымен қатар 5 тамызда Анель Сыдықова Калифорния штатындағы Санта-Каталина аралы мен Ранчо Палос-Вердес жағалауы арасындағы бұғазды жүзіп өтіпті.
Каталина бұғазы америкалық Ла-Манш деп те аталады. Анель 34 шақырымды 19 сағат 18 минутта жүзіп шыққан.

Әуежайда құшағы гүлге толған Анель өзін күтіп алған халыққа алғысын білдірді.

«Бұл жолы жүзу өте қиын болды. Мен бұл марафонға үш жыл дайындалдым. Бірақ пандемияның кесірінен бассейндер жабық болды. Соған қарамастан дайындықты жалғастыра бердім. Мені қолдап, қолпаштап жатқан барша жандарға алғыс білдіремін, бәріңізге рахмет», - деді спортшы қыз.

Бұған дейін Анель Сыдықова 2019 жылы 38 шақырымдық Ла-Манш бұғазын 15 сағат 15 минутта және биыл Манхеттендегі 20 көпірді айналып, 48 шақырымды жүзіп өткен еді.

Күні кеше Калифорния штатындағы Санта-Каталина аралы мен Ранчо Палос-Вердес жағалауы арасындағы бұғазды да жүзіп өтті.

Осы үш үлкен бұғазды жүзіп өткен спортшыларға «Үш тәждің ханшайымы» атағы беріліп, «Үштік тәж» (Triple Crown) клубының мүшелігіне қабылданады. Анель де клубқа кірді. Өткен жылдың желтоқсанында бұл клубқа мүше болғандар саны 265 адамға жеткен.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале