27.06.2022, 9:46
Оқылды: 163

Алғыс арқалаған ұстаз

Адамзатты тәрбиелеу жолында мұғалімдердің еңбегі ұшан-теңіз. Алайда кез келген мұғалім ұлағатты ұстаз бола алмауы мүмкін. Жалпы, ұстаз  деген  –  ұлы ұғым. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, терең білім һәм нұрлы жүрек керек. Қай қоғамда да ізгі ниетті ұстаздың сабырлығына, даналығы мен білім-біліктілігіне барлық адам құрметпен қарайды. Сондай шын ұстаздардың бірі де бірегейі – Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Ізтұрғанқызы Хамидуллина. 

айнур хамидуллина

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған кіп-кішкентай сүйкімді балапандарды мектепалды даярлық тобына келгенде жылы жүзді Айнұр Ізтұрғанқызы құшақ жая қарсы алған еді. Міне, содан бері бес жыл да зуылдап өте шығып, балаларымыз есейіп, бастауыш сыныппен де қоштасты. Ұстазға өміріміздің аса бағалы иелерін, еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақты сеніп тапсырдық. Айнұр Ізтұрғанқызы да ата-ана сенімін ақтап, елімізге лайықты тұлға тәрбиелеу керектігін түсініп, аянбай еңбек етті. Біз, ата-аналар, әрдайым ұстазға ризашылығымызды білдіріп жүреміз. Жаңа заманға сай жігерлі, намысты, білімді, өнерлі ұл-қыздарымызды тәрбиелей отырып, білім нәрімен сусындатты, еркеліктерін көтеріп, қателіктерін кешірді. Балалармен дос болып, олардың жан дүниесін ұғына білді. Сабақ бере отырып, сүйіспеншілік пен мейірімге бөледі. Оларға тәлім-тәрбие берумен қатар, өмірге икемдеді, адалдыққа баулып, адамгершілік қасиеттерін бойына дарытты. Оның әр сабағы тиянақты болды, тәрбиелік іс-шаралары өте жоғары деңгейде тартымды ұйымдастырылды. Ата-аналармен өте жақсы қарым-қатынаста әрі тығыз байланыста болды. Бірнеше рет табиғат аясына шығып, балалардың көңілді демалуына жағдай жасады. Немереме алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге баулыған алғашқы ұстазы Айнұр апайының берген білімі, айтқан ақыл-кеңесі өмірлік рухани азық болатыны ақиқат.

Білім ошағына тарыдай болып кірген балапандарымыз күні ертең-ақ таудай болып шыққан кезде әр кез тілекші болып, әр жетістіктеріне, әр қадамына қуанатын ең бірінші адам, ол – бастауыштағы алғашқы ұстазы. Сондықтан да біз Айнұр Ізтұрғанқызының ұстаздық жолына қашанда толағай табыс, дені сау, айналасы аман болғанын тілейміз. Кейіпкеріміздің әлпештеп өсіріп отырған қызы Азария да өте тәрбиелі, білімді ұрпақ. Сонымен қатар тоғызқұмалақтан елдің намысын қорғап, облыстық деңгейде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, анасын, ұстаздарын қуантып жүрген жалынды жас өрен. Республикалық «Үздік педагог» дипломымен марапатталған Айнұр Хамидуллинаның әлі де бағындырар белесі, шығар шыңы биік болып, саналы, білімді, тәрбиелі шәкірттері көп болсын деп  сөзімді  түйіндеймін.

Асылай  Көшкінбаева,

зейнеткер ұстаз,

Ақсай қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале