18.02.2022, 9:00
Оқылды: 121

Атағы алысқа кеткен «Ақжайық»

Кроссбредті қой шаруашылығын дамытуға үлкен мән бере отырып, Қазақ КСРО-ның Ауыл шаруашылығы министрлігі 1967 жылдың көктемінде Батыс Қазақстан аймағында, атап айтқанда Батыс Қазақстан облысының шаруашылықтарында қой малын зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізді.

26DB7DF4-C73B-4685-BA2E-8A9208CE0623

Сөйтіп, АШМ-ның 1967 жылғы 4 тамыздағы №560 бұйрығы негізінде Батыс Қазақстан аймағында кроссбредті етті-жүнді қойлардың жаңа тұқымын шығару бойынша жұмыс басталды. Мұндай қойларды өсіретін алдыңғы қатарлы шаруашылықтарға Тасқала ауданының Қазақстанның 40 жылдығы атындағы, «Шежін», «Крупская» және «Степной»  қой өсіру совхоздары енді. Тұқымды шығаруға екі ғылыми орталық – қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институты мен Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты  белсенді  қатысты.

Ақжайық етті-жүнді кроссбредті қой тұқымын шығару жұмыстары Батыс Қазақстан облысында 1943 жылдары цигай қошқарларын жергілікті қойларға пайдаланудан басталған. Кейінірек 1967 жылдан бастап биязы, биязылау, ұяң және қылшық жүнді будан саулықтарды,  Алматы облысы Мыңбаев тәжірибе шаруашылығынан әкелінген қазақстандық репродукциядағы әр түрлі қанды (3/4, 1/4) линкольн, ромнимарш қошқарларымен күрделі зауыттық будандастыру, ұдайы іріктеу, сұрыптау негізінде, будандарды өзара өсіру нәтижесінде қалыптастырып  шығарылған.

Етті-жүнді  қойлардың  жүн  сапасын жақсарту үшін 1982 жылы Австралиядан - австралиялық  корридель тұқымының бес бас қошқары әкелінді, олар жүн сапасы мен өнімділігін жақсартқыштар ретінде пайдаланылды.

Тұқымды шығару кезеңінде екі асыл тұқымды шаруашылық бекітілді  бұл – Қазақстанның 40 жылдығы және «Шежін», сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Тасқала және Қаратөбе аудандарының «Крупская»,  «Қалдығайты» совхоздарында екі асыл тұқымды ферма болды.

Жаңадан шығарылған  биязылау жүнді кроссбредті қойлардың отарлары КСРО және Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комиссияларында бірнеше рет сараптамадан өтті.

Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институты мен (жетекші кәсіпорын) Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының ғалымдары «Қазақстанның 40 жылдығы» АҚ, «Қазақстан» АҚ, «Мереке» АҚ, Аманкелді атындағы АҚ, «Степное» АҚ мамандарымен бірлесіп көп жылдық селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізе берді. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының «Алғабас» АҚ, «Шиповский» АҚ, «Қалдығайты» АҚ, «Родник новый» ӨК  және басқа да шаруашылықтарында республикада өнді­рілетін кроссбредті жүнінің 63%-ын қамтамасыз ететін, саны жарты миллионнан асатын, биязылау жүнді кроссбредті етті-жүнді қойлардың жаңа тұқымы шығарылды.

Мемлекеттік апробациялық комиссияның қорытындысы негізінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1996 жылғы 27 тамыздағы №124 бұйрығымен кроссбредті жүнді қойлардың жаңа ақжайық етті-жүнді тұқымы бекітілді. Бұл тұқымның авторлары болып академик Қ.Медеубеков, В.Терентьев, Б.Траисов, К.Кудряков, П.Кульков, А.Балмулдин, А.Ғұмарова, Ш.Дәулетқалиев, Т.Жан­жі­гітов, М. Науанов, Ж.Таубаев, М. Терентьева, Л.Грассман танылды.

Ақжайық етті-жүнді қой тұқымын шығаруға, таратуға және дамытуға Э.Сатқанов, И.Ақжігітов, К.Өмірзақов, Қ.Есенгалиев, А.Баяхов, Н.Габдуллин, А.Есенғалиев, Н.Ізтілеуов, О.Ермекқалиев, С.Сапаров, Г.Шамшаева, Т.Сапаров және басқалар белсенді қатысты (министрдің бұйрығына сәйкес 50 адам).

1990 жылдардың аяғында колхоздар мен совхоздарды нарықтық экономикаға көшу арқылы реформалау ауылшаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің, соның ішінде қойдың да азаюына әкелді. Сол кездегі барлық қой жеке меншікке берілді, бұл, әрине, осы саланың дамуына теріс әсер етті. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы құрылымдардың қолдауымен 2000 жылдардың басында облыс аудандарында шаруашылық жүргізуші субъектілері (ЖШС, ШҚ, ФШ) құрыла бастады, олардың негізгі қызметі ауыл шаруашылығы малын өсіру болды.

Қазақстанның 40 жылдығы атындағы шаруашылық осы кезеңде ақжайық етті-жүнді тұқымын өсірушісінің жетекші орталығы болған. Шаруашылық басшылығының барлық жұмысы ақжайық етті-жүнді қойларымен селекциялық-асылдандыру жұмысын жақсартуға және іске асыруға бағытталды. Сол кездегі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов ақжайық етті-жүнді қойларының асыл тұқымды отарларын сақтап қалуды қолға алды.

Бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Абат Есенғалиев келісе келе, бұрынғы асыл тұқымды мал шаруашылығы негізінде «Ізденіс» ЖШС құрылып, сақталып қалған аталық қошқарлар мен бір отар саулық сол жерге берілді. Бұл шаруашылықта Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдарының қатысуымен ақжайық етті-жүнді қойларының санын көбейту және өнімділігін арттыру бойынша селекциялық асылдандыру жұмыстары  басталды.

2011 жылы «Ізденіс« ЖШС негізінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Атамекен» тәжірибелік-өндірістік асыл тұқымды шаруашылығы құрылды.Кейіннен облыстың басқа аудандарында ақжайық етті-жүнді қойларын өсіру бойынша еншілес асыл тұқымды шаруа қожалықтары құрылды. Бүгінде осындай шаруашылықтардың саны жылдан-жылға артып келеді.

Тұқымды сынақтан өткізгеннен кейін 16 жыл өткен соң, «Ізденіс» ЖШС және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ асыл тұқымды шаруашылықтарында көп жылдық ғылыми-зерттеу және селекциялық-асылдандыру жұмыстары  нәтижесінде 2010-2013 жылдары ақжайық етті-жүнді қойлары табынында үш зауыттық аталық іздері және ақжайық етті-жүнді қой тұқымының  тұқымішілік етті  сүлесіне  селекциялық жетістіктері ретінде патенттер берілді. «БАЛИ–1395 «аталық ізі – ірі салмақты; «БАК - 4087» аталық ізі - ұзын жүнді және ақжайық етті-жүнді қой тұқымының БҚАТУ-7082  тығыз жүнді аталық іздері шығарылды.

2013 жылы университетке селекциялық жетістігі үшін патент берілді. Бұл зоотехникалық  ғылымда, еліміздегі қой шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан ғалымдарымыздың республикадағы ең үлкен жетістігі болып саналады. Ақжайық етті-жүнді қошқарларының бастапқы тірілей салмағы – 95-110 кг, саулықтарының тірілей салмағы 57-60 кг, ал жүн өнімділігі сәйкесінше 7,5-8,5 және 4,0-4,5 кг мөлшерінде. Қошқарлары мен саулықтарының дене бітімі мен сүйектері мықты, еттілік формалары жақсы айқындалған. 4-5 айлық қозыларынан 14-16 кг, ал 7-8 айлық еркек тоқтыларынан 18-20 кг таза ет алуға болады. Әр 100 саулықтан 120-130 қозы алынады. Қазіргі ақжайық етті-жүнді табынының қойлары тез өсіп-жету қарқынымен, тұрақты дене пішінімен  және жоғары ет пен жүн өнімділігінің жақсы үйлесімімен ерекшеленеді.

2007 жылы  Астана қаласында өткен  «Қараөткел – 2007» көрмесінде  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ университетінің ақжайық етті-жүнді қойларымен жүргізілген селекциялық-асылдандыру жұмыстары нәтижесіне жоғары баға беріліп  I дәрежелі  дипломмен  марапатталды.

Ақжайық етті-жүнді қойларын 2009 және 2011 жылдары өткізілген ауыл шаруашылығы малының көрмесінде Елбасы, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екі рет қарап шығып, ақжайық етті-жүнді тұқымына ерекше баға беріп, университеттің  ғалымдарына шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар «Ақжайық» тәжірибелік-өндірістік орталығы  Жәңгір хан атындағы университетінің ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтының мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, ветеринарлық медицина және ветеринарлық биоқауіпсіздігі мамандықтарының студенттері, магистранттары және докторанттары  өндірістік практикадан сәтті өтетін оқу ғылыми өндірістік орталығы болып саналады. Бұл орталықта  білім алушылар қой шаруашылығында жүргізілетін барлық технологиялық үрдістерге (қойды қолдан ұрықтандыру, саулықтарды төлдету, қозыларды айыру, қой қырқу, бонитировка және т. б.) ветеринарлық-профилактикалық шараларға қатысады.

Қазіргі уақытта ақжайық етті-жүнді қойларын өсірумен Батыс Қазақстан  облысының «Қуаныш», «Салтанат», «Әнуар», «Оразбеков», «Қанат», «Дінмұхамед», «Аққұтыр», «Өтебаш» шаруа қожалықтары және басқалары да айналысады. Сондай-ақ ақжайық етті-жүнді қойының  тұқымдық қошқарлары жақсартушылар ретінде Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының    шаруашылықтарында пайдаланылып жүр.

Қайырлы Есенғалиев,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, доцент

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале