29.11.2022, 9:30
Оқылды: 127

Ауыл-аймағына қамқор, табиғатқа жанашыр

Сенбі-жексенбіде облыс орталығында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде тірі балықтар сатылады. Біз осы жеңсік астың бірі саналатын су жануарын өсіріп, саттыққа шығарып отырған кәсіпкер – Әлібек Сартаевпен кездестік. Бүгінде «Сартаев» жеке кәсіпкерлігі тоған шаруашылығын өрлетіп отыр. Өңір экологиясын жақсартуға да үлес қосып келеді.   

0e183e20-a010-45a5-aa91-978387b30aed

Кеңестік кезең ыдыраған тұста Жалпақтал аумағындағы Сарыөзен мен Қараөзеннің суы сарқылып қалды. Олардың ортасындағы Балықты (Сокрыл) көлінің де суы тартылды. Аң мен құс біткеннің құтты қонысы қаңырап, тамаша табиғаттың сәні кеткен еді. Сол аумақтағы халық ауыз суға ғана емес, мал да ішер суға зар болды. Шабындықтар мен көлтабандар (лимандар) кеуіп қалды. Бертін келе, жергілікті билік аталған қос өзенге Ресейден су сатып алып, құя бастады. Алайда ағыс бойымен кеткен су Жаңақала ауданындағы құмға сіңіп кетіп жатты. Балық аулап, жергілікті жердің тыныс-тіршілігін көріп жүргендіктен, мәселе көтердік. «Бөгет салып,  суды су қоймаларында неге сақтамаймыз?», «Бұрыннан бар су қоймаларын, тоғандарды, бөгеттерді жөндеп алып, неге пайдаланбаймыз?» деген сұрақтар туындады. Себебі суды жинап,  сақтаса, төмендегі елге де, жоғарыдағы жұртқа да тиімді. Сокрыл көлінің іргесіндегі Сарыөзеннен бері қарай  20 шақырым жерде Қайып каналы деген бар. Сол жерді жиырма шақты шаруашылық мекендейді. Сондай-ақ  Көмекші деген ауылдың тұрғындары да көлдің суына қарап отыр. Яғни Сокрылдың суы қаншалықты көтерілсе, көлдің іргесіндегі Байжен құдығында сонша су пайда болады. Міне, осындай бір-бірімен тығыз байланыстағы түйткілді шешу үшін «Өзек» тоған шаруашылығын жүргізуді ұйғардық.

Облыс әкіміне бизнес жоспарымызды көрсетіп, ұсынысымызды айттық. Ол біздің бастамамызды қолдап, бұл істі ойдағыдай атқаратынымызға сенім білдірді. Кәсібіміз заңды түрде тіркелген соң, экожүйенің заңдылықтарына сай аумағы 110 гектар жерге Сарыөзеннің іргесіндегі Қайып каналы арқылы  су келді.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін айтқан еді. Соған сәйкес балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы да бекітілді,  – деді Әлібек Сартаев. «Өзек» тоған шаруашылығының жұмысы басталған соң-ақ өзен-көлдің жағасындағы тіршілікке жан бітті. Су жетіп, табиғат ананың құшағы құтты мекенге айналды. Сол маңдағы қожалық басшылары да кәсіпкерге риза болысты. Халықтың да көңілі көтерілді.

Биыл тоғанға көптен бері көрінбей кеткен жыл құстары келіпті. Жалпақтал, Жаңақала мен Казталовтың үстімен жылы жаққа ұшып бара жатқан құстар осы жерде аялдаған. Олар көлді жағалай қонып, бір аптадай әлденіп, күш жиып, жылы мекенге аттанған. Қоңыр күз бен көктемде қиқулап ұшқан құстардың көші-қонының өзі бір мереке іспетті.

WhatsApp Image 2022-11-25 at 09.08.17 (1)

Кәсіпкер «Өзек» тоған шаруашылығында өсетін балықтарды Жәнібек, Казталов аудандарында, Жалпақталда және облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерде тірілей саттыққа шығарады. Тіпті Астанадағы жәрмеңкеге де қатысқан. Енді Оралға жақын жердегі Теректі, Бөрлі, Бәйтерек аудандары да жәрмеңкеге қатысуға шақырып жатыр. Бұған, біріншіден, балықтың жергілікті өнім екені, екіншіден, бағасының да халыққа тиімділігі себеп болса керек. Қазір кәсіпкердің балық пен балық өнімдерін сататын Орал қаласында үш дүкені бар. Казталов пен Жәнібек аудандарында, Жалпақталда да сауда орны  жұмыс істейді.

WhatsApp Image 2022-11-25 at 09.08.16 (1)

Аудандағы көлтабандарға да су жіберу керек. Алайда ол үшін балық қорғау құралын пайдаланған жөн. Яғни су жіберген кезде балықтардың өзен арнасынан көлтабанға шығып кетпеуі үшін, арнайы құрылғыны  судың астына орнатады. Бұл құрылғы ірі қара малды қоршайтын «электр бақташы» іспетті. Яғни судың ағысымен келе жатқан балықтар құрылғының өздеріне ғана естілетін дыбысынан шоршып, жақындамай қояды. Ал балықтарды көлтабандарға шығармай, су қоймаларында өсіретін болса, балықты өсіріп-өндірумен айналысатын үлкен шаруашылық қалыптасар еді. Алайда дәл қазір біздің қолымыз қысқа. Аталған құрылғыны алу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек. Себебі оны сатып алуға кез келген шаруашылықтың қалтасы көтермеуі мүмкін. Бұл құрылғыны тек көктем мезгілінде ғана іске қосады. Мысалы, ірі аналық балықтар уылдырық шашатын кезде таяз су іздейді. Сол кезде ашық тұрған көлтабанға шығып кетуі мүмкін. Бірақ су қоймасына кері орала алмай қалады да сан мыңдаған уылдырық босқа рәсуә болады. Біз осы мәселені құзырлы мекемелерге айтып жүрміз, – деді кәсіпкер.

Әлібек Дүйсенғалиұлы Қараөзен, Сарыөзен және Көшім өзені аумағынан жер телімдерін бөліп алған. Тұрғындар сол жерлерде арнайы рұқсат қағазымен балық, аң аулайды. Алайда демалғанымен қоймай, жүрген жерін қоқытып кететіндер де бар екен. Сондықтан ол жерлерде қорықшылар бекітілген. Олар экология заңнамасын бұзғандарға айыппұл салады. Бұл кәсіпкердің мемлекеттің өзіне сеніп тапсырған мүлкін қызғыштай қорып, жұмысын жауапкершілікпен атқарып отырғанының бір көрінісі болса керек.

Әлібек Дүйсенғалиұлы тоған шаруашылығын қолға алған кезде ортақ мүдде үшін серіктестерімен альянс құрған. Бүгінде «Альбетьяров Е.К.», «Сәрсенов М.М.», «Мансурова», «Рамазан» жеке кәсіпкерліктері мен «Қосөзен» ЖШС және басқа да кәсіпкерлік нысандарының басшылары ынтымақтасып жұмыс істейді. Осылайша бәріне ұйытқы болып отырған «Сартаев» жеке кәсіпкерлігі 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпақталдың айналасындағы елді мекендерге жақын су қоймаларындағы шаруашылықтарда  жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Соңғы екі жылдан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенттері балық шаруашылығы бойынша сараманнан өтіп жүр екен. Кәсіпкер балық өсіруге ынта-ықыласы бар жастарды жұмысқа алуға дайын екенін айтып отыр. Әлібек Сартаев биыл Жалпақтал агарарлық және салалық технологиялар колледжімен бірге білікті кадрлар даярлаудағы ынтымақтастығы үшін ҚР Оқу-ағарту министрі А. Аймағамбетовтың алғысхатымен марапатталған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісін иеленді. Жуырда «Парыз» байқауының облыстық кезеңінде «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымына ие болды. Сондай-ақ кәсіпкер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Ұлы дала елі» байқауының финалына шыққан. Байқаудың қорытындысы әлі белгісіз.

Балық шаруашылығын дөңгелетіп отырған Әлібек Дүйсенғалиұлы жақында жаңа жобаны қолға алмақшы. Мақсаты айқын, міндеті ауқымды бастаманың  құрылысы басталып кеткен. Қараөзен іргесіндегі Байтұрған деген ауыл маңындағы тоғанда балық өсірмекші. Сол үшін Үкіметтен берілетін несие қаражатын күтіп отыр. Мәселен, «Өзек» тоғанында балықты өсіріп, аулап, саттыққа шығаратын болса, бұл жерде ағынды тоған жұмыс істейді. Көктемде үш жердегі тоғанға қардың суын жинап алып, оған карб тұқымының шабағын жібереді. Күзде тоғандарды кезекпе-кезек ағызып жібереді. Ал тоғанның айналасына егіс екпекші. Балықтардың құрама жемінің өзіндік құны қымбат тұрады. Сондықтан өздері еккен жүгері, бидай, жоңышқа, күнжараны (жмых) араластырып, құрама жем дайындамақшы. Көлге қонатын құстың саңғырығы да балыққа жем.

Қараңғыда көлге жарық түсіріп қояды. Балықтар осы жарыққа үймелеген шыбын-шіркеймен де қоректенеді. Себебі балықтар да түрлі дәрумен жеу керек. Әрине, балықты тек жеммен де өсіріп, семіртуге болады. Бірақ ондай балықтардың еті дәмсіз болып кетеді. Кәсіпкердің бұл бастамасы да облыс әкімдігінің қолдауына ие болған.

Елде шаян аулап, сатуды алғаш қолға алған біздің кейіпкеріміз екен. 2014 жылдан бері осы кәсіппен заңды түрде айналысып келеді.  Шыны керек, біреулер үшін шаян сүйсініп жейтін  ас болса, бәзбіреулер құбыжықтай көреді. Су түбінде қозғалғанда алға қарай, суда жүзген кезде артқа қарай қозғалатын жәндікті негізінен «су астындағы тазалықшы» деп есептейді. Бір кездері «шаянды ауласа, өзен-көлдің зиянкестері көбейеді» деп, аулауға қарсылық білдіргендер де болған. Сол кезде кәсіпкер балық мамандарының пікіріне құлақ түріпті. Олар шаяндардың қалай өмір сүретінін бір ыдыстың көмегімен бақылауға болатынын айтқан. Ол үшін шағын ыдыстың ішіне бір ірі шаян мен бірнеше уақ шаянды салып, тамақ шашып қояды. Үлкен шаян бар жерде уақтары тамақ жей алмайды. Ірі шаян  тамақтың бәрін жеп қоятындықтан, кішкентайлары өліп қалады. Яғни олардың өсуіне мүмкіндік бермейді. Осыдан-ақ  шаяндардың ірілерін уақтылы аулап отыру қажет еке­ні көрінеді. Әлібек Дүйсенғали­ұлы жәндікті спорттық-әуесқойлық балық аулау кұралдарымен  ғана аулауға рұқсат етеді. Кәсіпкер шаяндарды  негізінен көрші елдің Самара, Орынбор, Астрахан, Саратов, Волгоград облыстарына экспорттайды. Күзде індеріне кіріп, «есіктерін» мықтап бекітіп алатын шаяндар, көктемде уылдырық шашатын кезде бір шығады. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ы 2020 жылдан бастап басқа да табиғат пайдаланушыларға шаян аулауға  лимит  берген.

Балық пен аң-құс аулап, табиғат аясында демалуға да жағдай жасап отырған кәсіпкер түрлі қайырымдылық іс-шараларына қатысып жүр. Алайда жасаған жақсылықтарын айтқысы келмейді. «Оң қолың бергенді сол қо-лың көрмесін» дегенді ұстанатын болса керек. Қалай десек те, түрлі марапаттар кәсіпкердің игі істердің басы-қасында жүретінін дәлелдеп тұр. Салауатты өмір салтын ұстанып, жұмысшылар арасында спорттық іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып отырады. Өздерінің волейбол және футбол командаларына «Қосөзен» брендімен демеушілік жасайды. Қыста тоған шаруашылығындағылар өзен-көлдерді ойып, балықтарға ауа жібереді. Көктемде көл жағасына тал-терек егеді.

– Әкем марқұм «Адал табыс табыңдар. Біреудің дүниесіне қызықпаңдар. Таза, адал еңбекпен ғана табысқа жетуге болады. Балықшы  бол, токарь бол, кім болсаң да адал бол» деп үнемі айтып отыратын. Сол ақыл-кеңесі бізге өмірлік бағыт-бағдар болды. Біз 1990-1995 жылдары балық аулап, табыс тапқан едік. Ауыл тұрғындары сол кездегі жұмысымызға куә болды. Бертін келе, елге жанашыр болуды көздедік. Бизнеске келгесін аудан-ауылдың тыныс-тіршілігін бағамдадық. Су тапшылығын көріп, мәселені терең зерттеуді мақсат еттік. Себебі қуаңшылық жылдар малға да, жанға да ауыр тиді. Аудан-ауылдағылар судың жоқтығынан қала жаққа көшуді ойлай бастады. Сол кезде мәселені шешудің бір жолы ретінде осы кәсіпті бастадық. Жақсыны да, жаманды да көрдік. Бүгінде серіктестерім мен жұмысшылардың адал қызметінің арқасында кәсіп ілгері басып келеді. Игі бастаманың  жемісін көріп отырмыз, шүкір, – дейді Дүйсенғалидың Әлібегі.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале