10.05.2023, 9:45
Оқылды: 123

Басшылар неге құлықсыз? Мердігер неге жауапсыз?

 

 Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің  төрағалығымен  аппарат кеңесі  өтті. Күн  тәртібінде тұрғын  үй және әлеуметтік нысандардың құрылысы, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы  мақсатындағы жерлерді қайтару, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселелері  қаралды. 

Құрылыс қарқыны баяу

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің баяндауынша, биыл өңірде 629,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының құны – 219 млрд теңге. Тұрғын үй және инженерлік желілер құрылысына бюджеттен 18,3 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 11,3 млрд теңге тұрғын үйге, ал 7 млрд теңге инженерлік желілерге бағытталған. Жыл соңында 1145 пәтер қолданысқа беріледі. Олар –  көппәтерлі 7 (680 пәтер) және ауылдық елде мекендерде 27 тұрғын үй (287 пәтер), халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары сатып алатын 178  жалдамалы пәтер.

749e1bb6-65f7-4af9-a4ad-37efb963e023

Әлібек Сайынұлының айтуынша, бұл саладағы мәселелердің бірі – құрылысы аяқталған және әлі салынып жатқан үйлерде инженерлік желілердің болмауы. Мәселен, Зашаған кентіндегі №28 және №29 үйлер былтыр салынған. Алайда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (ИКИ) аяқталмаған. Ал Теректі ауданына қарасты Тоқпай ауылындағы 40  тұрғын үйдің ИКИ жобаларында ішкі кәріз желілерінің құрылысы қамтылмаған.

Көгілдір отын мен су жоқ

Подстепный ауылында салынып жатқан 13 кредиттік тұрғын үйдің  ИКИ  жобасы  жоқ.

– Бүгінде баспана кезегінде тұрғандарға арналған үйлердің құрылысын аяқтау өзекті болып отыр. Олар – Теректі ауданының Тоқпай ауылындағы 20, Подстепный ауылындағы 2, Теректі ауылындағы 2, Ақжайық ауылындағы 1, Шыңғырлау ауданындағы 1, Ақжайық ауданының Чапаев ауылындағы 2 тұрғын үй. Мәселені шешу үшін жосықсыз мердігерлермен жасалған келісімшарттарды қарастырып, құрылыстарды аяқтауға тендер өткізу қажет. Сонымен қоса тұрғын үй және ИКИ жобалары инфляцияға ұшырауда. Қымбаттау мөлшері – шамамен 6,8 млрд теңге, – деді басқарма басшысы.  Казталов ауданының орталығындағы 600 орындық, Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектептің және Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы 60 орындық  шағын жинақты мектептің құрылысы биылғы III  тоқсанда  аяқталады.

Баяндамашыны тыңдаған өңір басшысы құрылыс саласына қатысты көп сын айтты. Мәселен, облыста 2020 жылы басталған құрылыстар әлі аяқталмаған. «Сіз облыстық құрылыс басқармасының басшысысыз, бұл құрылыстарды уақытында неге қадағаламадыңыз? Неге дер кезінде шешім қабылдамадыңыз?» – деді басқарма басшысына Нариман Төреғалиұлы. Әлібек Сайынұлының айтуынша, өңірде салынып жатқан 15 көпқабатты үйдің 7-еуінде биыл қоныстой болады. Теректі ауданындағы  5 үйді салып жатқан  мердігер жұмысына салғырт қарағандықтан, ісі аудандық сотқа берілмек. Облыс басшысы Теректі ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаевқа да сын айтты. «Ауданда бірде бір құрылыс аяқталмаған. 2020 жылдан бері салынып жатқан нысандар бар. Оған қоса ешбір құрылыстың сапалы жобалық-сметалық құжаты жоқ. Тоқпайдағы үйлердің құрылысын аяқтаңыздар!», – деп тапсырды өңір басшысы. Сондай-ақ Нариман Төреғалиев Оралдағы Ақжайық шағынауданында салынған үйлердің инфрақұрылымы әлі салынбағанын қаперге салды. Қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржановтан газы мен суы жоқ  үйлерді тұрғындарға қалай тапсыратындарын  сұрады.

5a8693de-a259-42d2-8841-2bc2b09fc041

– Құрылыс саласындағы мәселелер бақылаудың жоқтығынан туындап отыр. Облыстық құрылыс басқармасы мен қала-аудан әкімдерінің қадағаламауының салдарынан осындай жағдайға жетіп отырмыз. Сіздер аяқталмай тұрған құрылыстарды биыл бітіріңіздер немесе жауапсыз мердігерлерге заң аясында шара қолданыңыздар, – деді өңір басшысы. Аппарат басшысы Абат Шыныбековке облыстық құрылыс басқармасының басшысына, құрылысқа жауап беретін Орал қаласының және Теректі ауданы әкімінің орынбасарларына тәртіптік жаза қолдануды тапсырды. «Сондай-ақ Теректі, Бөкей ордасы, Казталов және Ақжайық аудандары әкімдері құрылыс нысандарын жеке бақылауларына алып, биыл аяқтаулары тиіс. Және білім басқармасы басшысының да білім мекемелерінің құрылысын назарда ұстағаны жөн», – деді.

Пайдаланылмайтын  жерлер  бар

Мемлекет басшысының игерілмей жатқан жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес биыл облыста 250 мың га жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Мұрат Өмірәлиев баяндады.

– Ауыл шаруашылығы жерлері конкурс тәртібімен беріледі. Былтыр аудандық жергілікті атқарушы құрылымдар 51 конкурс өткізіп, шаруаларға аумағы 213,0 мың га 350 жер учаскесін табыстады. Биыл аудандарда өткен  10 конкурстың нәтижесінде аумағы 28,3 мың га 62 жер телімі берілді. Сондай-ақ 71,1 мың га 112 жер учаскесін беру үшін 13 конкурс өткізу жоспарлануда. Жайылымдық жерлері аз елді мекендердегі тұрғындардың малын жаю үшін тиісті ісшаралар атқарылды. Мәселен, 267 608 га жайылымдық және шабындық жер учаскесі резервке қойылды. Ал 1048 га жер мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылды.

95 194 га жайылым жер шаруашылық жобасы негізінде елді мекен жерлерінің санатына ауыстырылды, – деді басқарма басшысы. Баяндамашының айтуынша, Орал қаласы мен Бөкей ордасы, Казталов, Теректі, Тасқала аудандарында 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарлары әлі бекітілмеген. Облыс әкімі бұл жоспарларды бекітуді мамыр айында өтетін кезекті мәслихат сессиясына ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ жер комиссияларының құрамында өзінің тума-туысына бүйрегі бұрып тұратын адамдардың болмауы тиіс деді.

Жердің айналасында ешқандай дау  туындамауы қажет

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті БҚО бойынша жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов баяндама жасады. Ол пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару мәселесі туралы айтты. Күні бүгін мақсатына сай игерілмей жатқан 68,4 мың  гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне өткен. Соның ішінде 4,5 мың га – егістік, 51,2 мың га – жайылым, 12,7 мың – басқа жерлер. Ал 2 субъектіден  пайдаланылмайтын 4,5 мың гектар жер мемлекет менші-гіне сот шешімімен қайтарылған. Сондай-ақ  6,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос тұрған жер учаскесі анықталған. Бүгінде облыстағы 826,5 мың гектар ірі ауыл шаруашылығы жерлері 45 меншік иесі мен жер пайдаланушыларға тиесілі. Бұған қоса 63,3 мың гектар жер (жайылым – 49,8 мың га, егістік – 0,6 мың га, басқалары – 12,9 мың га) пайдаланылмай тұр. Нариман Төреғалиұлы Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке ауданда пайдаланылмай тұрған 32 мың гектар жерді мемлекетке қайтару үшін тиісті шараны жедел қолға алуды тапсырды. Аудан әкімдеріне «Жер иелері арасында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару немесе мақсатына сай игеру жөнінде жан-жақты түсінік жүргізу  керек», – деді.

Өңірде оқушылардың биылғы жазғы демалысын ұйымдастыруға дайындық басталды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева баяндағандай, 1-10 сыныптарда оқитын 96 859 оқушы лагерьге барады. Жаз мезгілінде «Жаздық сауықтыру және демалыс жолдамасы» әлеуметтік жобасы іске аспақ. Аталған жобаға ауылдың 1890 баласы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен облыстық лагерьлерде демалады. Сондай-ақ алдағы уақытта өңірде Президент тапсырмасына сәйкес бір маусымдық және жыл бойы жұмыс істейтін бір лагерь салынады. Аппарат кеңе-сін қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев мекеме басшыларына бірнеше тапсырма берді. Құзырлы мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне балалардың жазғы демалысын ойдағыдай ұйымдастыруды, әсіресе қауіпсіздік шараларына мұқият болуды тапсырды. Орал қаласы мен аудан әкімдері құрылыс жұмыстарының уақтылы басталып, жоспарланған мерзімде аяқталуын қатаң бақылаулары тиіс. Орал қаласының әкімдігіне Ақжайық шағынауданындағы тұрғын үйлердің ИКИ мен абаттандыру, көтергіш сорғы стансасы жобаларының конкурстық рәсімдерін жүргізуді тапсырды. Бұл жобалардың құрылысын маусым айында бастап, жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Зашаған кентіндегі №28 және №29 тұрғын үйлерге инженерлік желілер құрылысының қарқынын арттырып, шілде айына дейін аяқтаулары шарт.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале