24.02.2023, 15:00
Оқылды: 85

Батыл әрекет – кәсібилік көрінісі

Облыстық полиция департаментінде өткен арнайы жиынға  учаскелік инспекторлар мен жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қатысты. Жиында департамент басшысы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов ішкі істер құрылымдарын реформалаудың маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев алға қойып отырған міндеттерді орындаудағы басым бағыттарды атады.   

жиналыс (1)

– Заңның жүзеге асуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкерші-
лігі мол жұмыс. Соңғы жылдары ішкі істер саласында ауқымды әрі жүйелі реформалар жасалуда. Жалпы қай кезде де тәртіп сақшылары отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсетіп, алғы шептен табылуы тиіс. Ал  ширақ қимыл танытып, батыл әрекет жасау – шынайы кәсібиліктің көрінісі. Әрі жиі айтып жүргеніміздей, полицейлерге тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы, барша әріптестеріміздің заман талабына сай бейімделуі маңызды. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторларына жүктеліп отырған міндет те, жауапкершілік те жеңіл емес. Сіздердің басты ұстанымдарыңыз – сеніп тапсырылған учаске тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасап, түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, – деді өңіріміздің бас полицейі.

жиналыс (2)

Айта кетелік, жиында әр инспектордың жеке жұмыс көрсеткіштері  сараланып, алдымен, жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту, заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол бермеу төңірегінде келелі әңгіме қозғалды. Әсіресе бүгінде жұртты теріс әрекетке итермелейтін ағымдардың көптігіне назар аударылып, олардың жолын кесу үшін өзге де құзырлы құрылымдармен бірлесіп қызмет атқару жайы талқыланды. Департамент басшысы жоғарыда айтылған екі салаға қатысты кейбір кемшіліктерді де көзтаса қалдырмай, жекелеген адамдарға ескертулер жасап, нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге учаскелік инспекторлармен жеке тілдесіп, жергілікті жердегі хал-ахуалмен танысты. Кейбір   мәселелер бойынша өз қолдау-көмегін көрсетіп, енді біреулеріне жауапты құрылымдардың назарын аудартуға ықпал ететіндігін жеткізді.

  Бауыржан  Махутұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале