15.01.2020, 23:40
Оқылды: 176

БҚО-да тың инвестициялық жобалар таныстырылды

Өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты дамыту бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.

IMG-20200115-WA0113-800x450
Жиын барысында жаңа бес инвестициялық жоба талқыланды.
Алдағы уақытта Болат Садыров басшылық ететін «Aquazor» ЖШС жабық су қоймасында теңіз балықтарын өсіруді қолға алмақ. Балық шаруашылығын дамытуды көздейтін жоба аясында Бәйтерек ауданында баррамунди және клари жайыны секілді балық түрлерін өсіріп, дайын өнім жасаумен айналысатын арнайы база салынады деп жоспарланған. Алматы қаласынан скайп арқылы тікелей байланысқа шыққан компанияның акционері Александр Требухиннің айтуынша, бұл жоба қалдықсыз технология бағыты бойынша жүзеге асырылады. Жобаның өнімділігі жылына 3 000 тоннаны құрамақ, инвестицияның жалпы құны 31 млн. евро шамасында деп бағаланған. Су қоймасында өсірілген балықтардан қалбырдағы өнімдер, ыстық және суық күйде қақталған балық және балық өнімдері, жартылай дайын тағамдар даярланады.

IMG-20200115-WA0110-800x450

Ал өнімді әзірлеу барысында қалған қалдықтар қайта өңделіп, кешендегі балықтарға сапалы әрі пайдалы азық әзірленеді. Кешеннің құрылыс жұмысына 120 жұмыс күші тартылса, қолданысқа берілгеннен кейін 70 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнім қуаттылығы 1500 тоннаны құрайтын бірінші кезеңнің іске қосылуы 2021 жылдың төртінші тоқсанына, ал екінші кезеңін бастау 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңір нарығындағы сапалы азық-түлік қатарын арттыратын жобаға мемлекет тарапынан қолдау ретінде Бәйтерек ауданының аумағынан жер телімі ұсынылатындығын айтты.

IMG-20200115-WA0109-800x450
Ал «Golf & Resort «AQJAIYQ» ЖШС директоры Батырбек Сейітбеков өңірімізде голф алаңқайын салуды ниет еткен. Жобаға 30 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция құйылады деп жоспарланған. Бұл жоба да Бәйтерек ауданында жүзеге асырылмақ. Жалпы аумағы 80 гектар аумаққа 18 шұңқырлы гольф алаңқайы, гольф-академия, клуб үйі, қонақүй мен мейрамхана, басқа да спорттық алаңқайлар салынады деп жобаланған. Нысанның құрылысына 50 адам жұмылса, жоба іске қосылғаннан кейін де 50 адамға жұмыс берілмек. Жобаның бірінші кезеңі 2021 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобаға да мемлекет тарапынан қолдау ретінде жер телімі бөлінеді.

IMG-20200115-WA0112-800x450
Өңір басшысы біздің облыста мұндай айрықша нысанның ашылуы туристердің қызығушылығын оятып, аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін береді деген пікір білдірді.
«Х.Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы» ЖШС-ның директор-құрылтайшысы Хайдар Қапанов қаладағы Московская көшесіне жеке мектеп ғимаратын салуды ойға алған. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 500 млн. теңге. Сәтті жүзеге асар болса, бұл облыстағы ең үлкен жеке мектеп болмақ. Алдын ала жоба-жоспар бойынша жаңа мектепте 550 оқушы, ал екі ауысымда жұмыс жасаса, 1 100 оқушы білім алады. Жобаны жүзеге асырушы мекеменің білім саласында жинаған тәжірибесі баршылық.

IMG-20200115-WA0111-800x450

Оның меншігінде жалпы аумағы 5 мың шаршы метр балалар бақшасы бар. Биыл құрылысы басталар нысанды 2021 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Құрылыс барысында 50, ал мектеп іске кіріскеннен кейін 85 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Мемлекет тарапынан инвестицияны 8 жыл бойына қайтару, сондай-ақ барлық жұмыс істеу кезеңінде операциялық шығындарды өтеу түрінде қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда инвестор мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ арасында мемлекеттік қолдау туралы келісімге қол қойылды. Атап өтерлігі, орта білім беру қызметінің белгіленген көлемі халық үшін тегін көрсетіледі», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ болашақта қалада сыйымдылығы 600 орындық «Бәйтерек» спорттық кешені іске қосылмақ. Бұл жоба жөнінде «BIMS» ЖШС-ның атқарушы директоры Махамбет Сұлтанғалиев баяндады. Оның айтуынша, аталған кешеннің құрамына фитнес залы, бокс және дзюдомен айналысуға арналған залдар енбек. Ал бөлек үлкен зал баскетбол, футзал, волейбол, гандбол секілді бұқаралық спорт түрімен айналысушылар үшін қызмет етпек. Инвестициялық құны 600 млн. теңгені құрайтын нысанның құрылысына 50 адам тартылып, жоба іске қосылған кезде 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Жылдың екінші тоқсанында құрылыс жұмыстары басталса, дайын кешен 2021 жылдың басында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі Ғ. Есқалиев жалпы өңірде спорттық нысандардың зор сұранысқа ие екендігіне тоқталып, ауқымы зор жобаның берері мол деп атап өтті. Ол сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдау ретінде аумағы 1 га. жер телімі жалға алу құқығымен берілетіндігін, сонымен қатар балалардың жаттығу жұмыстарын өткізу үшін спорттық кешенді ішінара жалға алу ретінде қолдау болатындығын жеткізді.
Ал «Ашық жол» ЖШС-ның құрылтайшысы Вениамин Мұқатаев Орал қаласы С. Датов көшесі, 49 мекенжайы бойынша «№1 сауда үйі» жобасын жүзеге асырмақ. Бұл сауда орнынан ауыл шаруашылығы өнімдерін, техника мен көлік құралдарын, қосалқы жабдықтарды, қысқасы, не керектің бәрін сатып алуға болады. Компания басшысы алдағы уақытта қала бойынша дәл осындай әмбебап сауда үйінің 4 павильоны бой көтеретіндігін айтты. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру аясында №1 сауда үйі салынбақ. Инвестиция құны 312 млн. теңгені құрайтын жоба барысында 150 жаңа жұмыс орны ашыламақ.
Өңір басшысы мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидия берілетінін мәлімдеді.
– Бүгінгі отырыс барысында жалпы құны 25,7 млрд. теңгені құрайтын бес жаңа жоба көпшілік назарына ұсынылды. Оларды жүзеге асырған жағдайда 370 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар аталмыш жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға инвестиция көлемін арттыру мүмкіндік туады. Мемлекеттік құрылымдарға бас біріктіріп, осы жобаларды жүзеге асыруға күш салуды тапсырамын, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Аяужан Кереева
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале